Ел Премьер-Лигасы. Қарағанды мен Ақтөбедегі боран

06.07.2015, 04:40
Ел Премьер-Лигасы. Қарағанды мен Ақтөбедегі боран
Еурокубоктік ойындардан кейін басты назар ел біріншілігіне ауды. Апта ортасында Еуропа Лигасында Қазақстан намысын қорғаған үш клуб та 19-шы турда жеңіске жетті. Ал, кезекті турдың қорытындысы бойынша, алғашқы бестікте айтарлықтай өзгеріс болмағанымен, 6-орынға деген талас қызып тұр.  19-турдың алғашқы ойыны Таразда болып өткен еді. Жергілікті "Таразбен" "Жетісу" арасындағы матч алаң иелірінің жеңісімен аяқталды. Бір сағат бойы есеп ашылмай, тек 61-минутта ғана, "Тараз" сапында бар болғаны үшінші ойының өткізіп жатқан 19-жасар Әлішер Сүлей, Шерхан Бауыржанның пасын ұтымды пайдаланып, гол салды. 84-ші минутта Александар Пищур матч нүктесін қойып, "Тараздың" осы маусымда жетінші мәрте жеңіске жетуіне өз үлесін қосты. Тараз-Жетісу 2:0(0:0) Голдар: Әлішер Сүлей, 61(1:0). Пищур, 84(2:0) Чемпиондар Лигасында үміт артар елордалық "Астанамыз" Қызылордадан келген қонақтарды қабылдаған еді. Күтілгендей-ақ Станимир Стойлов баптайтын жігіттер үш ұпай алды. Алғашқы таймда қонақтар жартылай қорғаушысы Розыбақиев өз қақпасына гол салып, "Астананы" алға шығарса, екінші таймда алаң иелері өз күштерімен қақпаға доп дарытып, "Қайсарды" толықтай тізе бүктірді. Гол авторы-Таңат Нөсербаев. "Астана" тур қорытындысы бойынша үшінші орныңда қалса, бес тур бойы жеңіс көрмеген қызылордалықтардың жағдайы мүшкіл. Маусымды сәтті бастаған Дмитрий Огай шәкірттеріне алтылыққа еніп, жүлдеге таласпақ түгілі, Премьер-Лигадағы орның сақтап қалудың өзі қиынға соғатын секілді. Астана-Қайсар 2:0(1:0) Голдар: Розыбақиев, 26(1:0, өз қақпасына). Нөсербаев, 48(2:0) Атыраудағы ойында гол көрмедік. Мұнайшылармен күш сынасқан "Ертіс" үшін жеңіс ауадй қажет еді. Керекуліктердің бүгінгі мақсаты-алтылыққа ену. Қонақтар үш ұпайға жақын болды-ақ. Алайда, ойынның 87-минутында ұлттық құраманың капитаны Самат Смақов пенальтиді сәтсіз орындады. 1 ұпайды қанағат тұтқан "Атырау" енді алтыншы орыннан төмен түспейді. Атырау-Ертіс 0:0 Апта ортасында еурокубоктің кәрі қасқыры "Црвена Звезданың" екі аяғын бір етікке тыққан "Қайрат", Қарағандыда ойран салды. Демалыс алған Исламхан мен Гоусыз да алматылық команда "Шахтерды" тас-талқан етті. Владимир Вайс командасы кездесудің алтыншы минутында-ақ есеп ашып алған еді. Он бір метрліктен бразилиялық Сержиньо мүлт кетпеді. Арадан он минут өтер-өтпестен Риера, Исаэлдың бұрыштамадан асырған пасынан кейін есепті еселеп тастады. Жылдам қос гол "кеншілерді" әбден састырды. Команданың ең нәтижелі шабуылшысы Топчагич жоқ болған соң, шабуыл өнбеді. Ал, еурокубоктегі маңызды ойынды есте сақтаған қайраттықтар асығып-аптыға қойған жоқ. Дегенмен, екінші таймда қонақтар тағы үш гол салды. Риера дублді атына жазды, "Қайратта" бар-жоғы білінбейтін Момаду Сиссей, Риераны алмастырып, осы маусымдағы тұңғыш голының тұсауын кесті, Жамбыл Көкеев "Қайраттың" бесінші голын,  ұзақ уақыттан кейін қайта оралған Мокиннің қақпасына аттандырды. "Қайрат" жеңіс тойын тойлап, Астанамен арадағы ара-қашықтықты сақтап қалды. "Шахтер" болса соңғы орында. Шахтёр-Қайрат 0:5(0:2) Голдар: Сержиньо, 6(0:1, пенальтиден). Риера, 13(0:2). Риера, 59(0:3). Сиссей, 72(0:4). Көкеев, 83(0:5) Еурокубокте ел намысын қорғап жүрген тағы бір ұжым "Ордабасы" да бұл турда қиындық көре қойған жоқ. Екінші алтылықта қалып қоймауға тырысып жүрген "Тобылды" қабылдаған шымкенттіктер қос таймда бір-бір голдан тоғытып, соңғы бес ойындағы бірінші жеңісінe қол жеткізді. Енді Кумыков шәкірттері "Бейтарға" қарсы қарымта ойын өткізу үшін Израильге жол тартпақ. Шымкенттегі бірінші ойын голсыз аяқталғаны есімізде. Ордабасы-Тобыл 2:0(1:0) Голдар: Малый, 45(1:0). Нұрғалиев, 68(2:0) Турдың соңғы, әрі ең нәтижелі ойыны Ақтөбеде болды. Бейсенбі күні өз алаңында жеңіліп, ел еңсесін түсірген ақтөбеліктер, "Оқжетпеске" қарсы ойындағы жеңісімен жуып-шайған болды. Әрине, жанкүйерлер команданың Еуропа Лигасында келесі кезеңге өтуін талап етеді. Матч көкшетаулықтардың голымен басталған еді. 20-шы минутта Руслан Сақалбаев есеп ашып кетті. Бірінші тайм да осы жалғыз голмен аяқталды. Дегенмен, екі тур бұрын "Тобылға" қарсы ойында екі минутта гол салып, жеңіліп жатып, жеңіп кеткен батыстықтар бұл жолы да тура сол сценарийді қайталады. Үзілістен шыға сала Коробкин есепті теңестірсе, араға екі минут салып Хижнеченко командасын алға шығарды. 65-минутта, Сергей тағы мергендігімен көзге түсіп, есепті 3:1-ге жеткізгенімен, Лука Роткович есепті қысқартып кетті. Бірақ, "Оқжетпестің" басқаға күші жетпеді. Керісінше, Сергей хет-трик еншілеп ойынның нүктесін өзі қойды. Маусым бойы голға жарымаған "Ақтөбе" шабуылы, бір ойында шеберлігін паш етті. Маңыздысы, "Қайрат" пен "Астананы" жақындатқан жоқ. "Оқжетпес болса", 8-орынға бір-ақ сырғыды. Ақтөбе-Оқжетпес 4:2(0:1) Голдар: Сақалбаев, 20(0:1). Коробкин, 48(1:1). Хижниченко, 50(2:1). Хижниченко, 65(3:1). Роткович, 67(3:2). Хижниченко, 84(4:2)

Жарыс кестесі.

 

 
1  АҚТӨБЕ 19 11 8 0 25-10 41
2  ҚАЙРАТ 19 11 4 4 39-13 37
3  АСТАНА 19 10 6 3 35-16 36
4  ОРДАБАСЫ 19 8 8 3 19-12 32
5  АТЫРАУ 19 8 8 3 22-18 32
6  ЕРТІС 19 5 8 6 23-23 23
7  ТАРАЗ 19 7 2 10 17-21 23
8  ОҚЖЕТПЕС 19 7 2 10 20-29 23
9  ТОБЫЛ 19 6 3 10 19-28 21
10  ҚАЙСАР 19 3 8 8 11-21 17
11  ЖЕТІСУ 19 3 5 11 13-27 14
12  ШАХТЁР 19 3 2 14 12-37 11

 

  Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×