Ел спорты еңсесін тіктеді

16.12.2011, 14:05
Ел спорты еңсесін тіктеді
Ғалым СҮЛЕЙМЕН
Егер Қазақстан спортының тарихы тоқсаныншы жылдардан бастау алады десек, жалған айтқан болар едік. Өйткені біздің спорттық тарихымыз тереңде жатыр. ХХ ғасырдың басында Қажымұқан бабамыз французша күрестен (қазіргі грек-рим күресі) әлем чемпионы атанды. Одан кейінгі жылдары да Олимпиада ойындары мен әлем чемпионаттарында олжа салған өрендеріміз көптеп шықты. Яғни осы саланы серік еткен жерлестеріміз әлемдік деңгейде әлдеқашан мойындалды. Бірақ мына бір жайтты да қаперден шығаруға болмайды. КСРО дәуірінде біз үнемі Мәскеу жаққа жалтақтай қарағанымыз жасырын емес. Өйткені негізінен байрақты бәсекелерге кімдердің қатысатыны орталық арқылы шешілетін. Ал қазақ жастарына олардың бүйрегі бұрмағаны баршаға мәлім.
Қазақстанның Тәуелсіздікке қол жеткізуі - отандық спорт­шы­ларға халықаралық аренаға даң­ғыл жол ашты. Мемлекетіміз ха­лықаралық Олимпиада комитетіне және басқа да ең белді ұйымдарға толыққанды мүше болды. Егемен ел ретінде дербес команда жа­сақ­тап, түрлі байрақты бәсекелерге қа­тыса бастадық. Соның арқа­сын­да Қазақстан спорт әлемінде өз орнын ойып тұрып алды. Біздің өрендердің мықтылығын төрткүл дүние мойындады. Қазақ елінің Әнұраны әлемнің әр қиырында, ең бір әсем қалаларында шырқап, Туымыз көкте желбіреді. Енді соңғы 20 жыл аралығындағы елеу­лі оқиғаларға тоқталып, спорт­шы­ларымыздың қол жеткізген ең ірі табыстарын тілге тиек етуді жөн көріп отырмыз. Бұл ретте әң­­гімеміздің «әлқиссасын» Олим­пиада ойындарынан бастағаны­мыз абзал. Өздеріңізге белгілі, 1992 жылы қысқы және жазғы Олимпиада ойындары қатар өтті. Альбер­виль­дегі жарыс 8-23 ақпан аралы­ғын­да ұйымдастырылса, 25 шіл­де­де Барселонадағы бәсекенің тұ­са­уы кесілді. Бұрынғы КСРО құ­ра­мындағы мемлекеттердің дені ор­тақ бір команда жасақтап, ай­тулы додаларда ТМД құрама ко­мандасының туы астында өнер көр­сетті. Сондықтан да Альбер­виль мен Барселонаны айналып өтіп, қазақтың көк байрағы жел­біреген жарыстардың жай-күйін баяндайық. Дербес команда ретінде Олим­пиадаға Қазақстан алғаш рет 1994 жылы қатысты. Лил­лехам­мерде қысқы ойындарда Владимир Смир­н­ов Тәуелсіз мемлекетіміздің Әнұранын алғаш рет шырқатты. 50 шақырымдық қашықтықта бақ сынаған даңқты шаңғышымыз Скандинавия түбегінің қос қы­раны - финляндиялық Мика Мюл­люля мен норвегиялық Сту­ре Свинтсонды артқа тастап, бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар ол 10 шақырымдық және Гун­дерсен тәсілі бойынша са­йыстарда күміс медальді мойнына ілді. Владимир Смирновтың осы жеңістерінің арқасында Қазақстан құрамасы жалпы есепте 12-орын­ды олжалады. 1998 жылы Нагано Олимпиа­дасында отандастарымыздың қоржынына қос қола медаль түсті. Оның иегерлері - шаңғышы Владимир Смирнов пен конькиші Людмила Прокашева. Бұл көр­сет­кіш бізге Беларусь құра­масымен бірге 20-21-орындарды бөлісуге жет­кілікті болды. Өкінішке қарай, 2002 жылы Солт-Лейк-Сити мен 2006 жылы Туриндегі қысқы Олимпиада ойындарында жүлделі орындарға іліге алмадық. Есесіне, 2010 жылы Ванкувердегі додада биат­лоншы Елена Хрусталева ко­ман­дамыздың қоржынына күміс медаль салды. Сөйтіп, Үйеңкі жапырақтар еліндегі Олимпиа­даны 25-орынмен қорытынды­ладық. Егер қысқы ойындардан бірде олжалы, бірде олжасыз оралсақ, жазғы Олимпиададан құралақан қайтқан кезіміз жоқ. 1996 жылы Атлантада грек-рим күресі шебері Юрий Мельниченко, бессайысшы Александр Парыгин және боксшы Василий Жиров жеңіс тұғырының ең биік сатыларына көтерілді. Нысана көздеуші Сергей Беляев (екі рет), ауыр атлет Анатолий Хра­патый және боксшы Болат Жұ­маділов күміс медальді мой­нында жарқыратты. Мерген Вла­димир Вохмянин, еркін күрестің өкілі Мәулен Мамыров, боксшы Болат Ниязымбетов пен Ермахан Ыбырайымов қолаға қол созды. 3 алтын, 4 күміс және 4 қоланы қан­жығаға байлаған Қазақстан құ­рамасы 24-орынды иеленді. 2000 жылы Сиднейде 3 алтын және 4 күміс медальмен 22-сатыға жайғастық. Қазақтың қос мақта­ны­шы - боксшылар Бекзат Сат­тар­ханов пен Ермахан Ыбы­ра­йы­мов және жеңіл атлет Ольга Ши­ши­­ги­на бас жүлдені олжаласа, өзге ме­дальдар боксшы Болат Жұ­ма­ді­лов пен Мұхтархан Ділдә­беков, велошабандоз Александр Ви­нокуров және еркін күрес ше­бері Ис­лам Байрамуковқа бұ­йыр­ды. Арада төрт жыл өткенде төрт­күл дүние теңдессіздері ежелгі Эл­лада елінда бас қосты. 2004 жыл­ғы Афи­ны Олимпиадасында жер­лес­те­ріміз 1 алтын, 4 күміс және 3 қола медальді еншілеп, 40-орын­­ға ор­наласты. Былғары қолғап ше­бері Бақтияр Артаев халқына жал­ғыз алтынды сыйға тартса, грек-рим күресі шебері Георгий Цурцумия, еркін күрес өкілі Ген­надий Лалиев, боксшы Ген­надий Головкин және ауыр атлет Сергей Филимонов күміс жүлдегер атан­ды. Ал боксшы Се­рік Елеуов, он­сайысшы Дмитрий Карпов және грек-рим күресі шебері Мкхи­тар Манукян қола медальді мойнына ілді. 2008 жылы Бейжің Олим­пиадасында қазақстандықтар арасынан зілтемірші Илья Ильин мен боксшы Бақыт Сәрсекбаев­тың жұлдызы жанды. Ауыр атлет Алла Важенина мен Ирина Нек­ра­сова, еркін күрес шебері Теймұ­раз Ти­гиев және дзюдошы Асхат Жит­­кеев күміс алса, балуандар - Еле­на Шалыгина, Нұрбақыт Те­ңіз­баев, Әсет Мәмбетов, Марид Му­талимов, ауыр атлет Мария Гра­бовецкая, боксшы Еркебұлан Шынәлиев және таэквондошы Арман Шылманов үшінші тұғырға табан тіреді. Нәтижесінде, коман­да­лық есепте 2 алтын, 4 күміс жә­не 7 қола медальмен 29-орынды ием­­дендік. Міне, Олимпиада ойын­­дарындағы көрсеткішіміз осын­­дай. Жарыс атаулысы арасынан мәні мен маңызы жағынан әлем чем­пионаттары тек Олимпиада ойын­дарынан жол береді. Көп­теген спорт түрлері бойынша жыл сайын үздіксіз өтіп айтулы бәсе­келерді айналып өтуге тағы бол­май­ды. Бұл ретте біздің де мақта­натын тұстарымыз аз емес. 1991 жылдан бері Қазақстан құрамасы Олимпиада бағдарламасына енетін спорт түрлері бойынша жүз­ден астам түрлі-түсті медаль­дарға қол жеткізген екен. Солар­дың арасынан Тәуелсіз Қазақ­стан­ның тарихындағы тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы атанған ауыр атлет Илья Ильин, екі дүркін әлем чемпиондары - грек-рим кү­ресі шеберлері Юрий Мельни­чен­ко мен Мкхитар Манукян, бокс­шы Серік Сәпиев, зілтемір­ші­лер Майя Манеза, Светлана Подобедова және Зүлфия Чин­шан­лоны ерекше атап өтуге тиіс­піз. Бұлардың әрқайсысы жеке-жеке тұлға. Олардың әрқайсысы жа­йында түрлі кітаптар жазылса, еш ар­тықтық етпейді. Мәселен, Ильин мен Чиншанлоның есім­дері дү­ниежүзілік доданың ең жас же­ңімпаздары ретінде Гиннес ре­кордтар кітабына енді. Сәпиев өзі қатысқан төрт әлем чемпиона­ты­ның бірде-біреуінен олжасыз орал­ған емес. Мельниченко төрт­күл дүниенің теңдессіздері бас қосқан жарыста қос алтынмен қатар, қос күміске қол жеткізді. Со­нымен қатар әр жылдары чем­пиондық тұғырға көтерілген Оль­га Шишигина, Болат Жұма­ділов, Бақтияр Байсейітов, Дмитрий Гааг, Ольга Довгун, Геннадий Головкин, Галиб Жафаров, Ердос Жаңабергенов, Ольга Довгун, Вла­димир Седов, Максим Раков және басқа да көптеген әлем чем­пиондары мен жүлдегерлері мем­лекетіміздің мәртебесін асырып, биіктету жолында аз еңбек сіңір­ген жоқ. Олимпиадалық спорт түр­ле­ріне келетін болсақ, самбо­дан төрт дүркін әлем чемпионы Ер­болат Байбатыров пен Асхат Ша­ха­ров, кикбокстан талай мәрте топ жарған Асқар Можанов, әлем­нің барлық 14 биік шыңын ба­ғындырған Мақсұт Жұмаев пен Денис Урубконың ерліктерін жанкүйер қауым әлі күнге дейін ауыздарынан сулары құрып әң­гімелеуде. Есімдері жоғарыда атал­ған азаматтардан бөлек, ел на­мысы сынға түскен тұста «өліс­пей-беріспеуге» бекініп, жанкеш­тіліктің шынайы үлгісін көрсеткен басқа да көптеген жерлестеріміз бар. Олардың да жүріп өткен жол­дары әрбір Қазақстан аза­мат­тарының жадында. Тәуелсіздік алғалы бері ата-бабамыздан бүгінгі ұрпаққа мирас болып қалған төл өнерімізге деген қызығушылық артты. Бүгінгі таң­да республикамыздың әр өңі­рінде ұлттық спорт түрлері бойынша дүркіреген додалар үздіксіз өтіп жатыр. Аламан бәйге, қазақ кү­ресі, саятшылық, тоғызқұмалақ секілді өнерлерге деген елдің ықыласы ерекше. Осы саланың басы-қасында жүрген азаматтарымыз соңғы жыл­дары бірқатар спорт түрлері бойынша халықаралық федера­ция­ларда жоғары лауазымды қыз­меттер атқарды. Көптеген сақа спортшыларымыз бен майталман мамандарымыз өз дәуірінің тең­дессіз тұлғалары атанды. Респуб­ли­ка аумағында жүздеген, мың­да­ған байрақты бәсекелердің тұ­сауы кесіліп, талай аса маңызды кешенді жарыстарды өткізу құр­метіне ие болдық. Міне, осының бар­лығы Тәуелсіздіктің арқасын­да қол жеткізген табыстар. Сол же­ңісті дәстүр енді алдағы жыл­дарда да жалғасын табуға тиіс. Қазақстанның спорттық даңқы әркез арта түсетініне сенімдіміз.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
ҚАРА ҚҰРЛЫҚТА КIМ МЫҚТЫ?
Келесі жаңалық
КӘРІ ҚҰРЛЫҚТАН ХАБАР
Серіктес жаңалықтары
×