Бес күнге созылған ҚР Президентінің кубогына арналған халықаралық турнир де мәресіне жетті. Бесінші рет ұйымдастырылған бұл додада биыл Иран жеткіншектеріне қарсылас табылмады. Ал Қазақстан жасөспірімдер құрамасы турнир тарихында тұңғыш рет қола жүлдегер атанды. Президент кубогының мұның алдындағы турнирлерінде еш мін болмаған. Ал бұл жолы дүбірлі дода ұйымдастырылу жағынан тіптен керемет өтті. Оны турнирге қатысқан командалардың бапкерлері де айтып жатты. «Мүмкін болса, алдағы уақытта да Қазақстан футбол федерациясының шақыртуынан бас тартпас едім» деген пікірді барлығынан естідік. – Турнирді осындай дәрежеде ұйымдастырып, бізді де шақырғаны үшін ҚФФ басшылығына алғысым зор! Өте керемет ұйымдастырылған дода болды. Ең бастысы, жас жеткіншектер үшін бұл турнир, бір жағынан, мереке, бір жағынан, сынақ ретінде өтті, – деп Венгрия құрамасының аға бапкері Иштван Пишонт ағынан жарылды. Парсы елі жасөспірімдерінің аға бапкері Әли Дустимехр: «Иран құрамасы ғана емес, додаға түскен барлық елдің жеткіншектері жеңіске жетті. Иран бас жүлдегер болса да, басқа ұжымдарды әлсіз демес едім. Ең бастысы, осындай доданы ұйымдастырған Қазақстан тарапына алғысымыз шексіз», – деп ризашылығын білдіріп жатты. Сондай-ақ турнирге өздерінің ізгі ниеттерін білдіріп, ұсыныстарын айтқан мамандар да болды. Мәселен, Түркия құрамасының аға бапкері Қасымоғлы алдағы уақытта бұл турнирдің өткізу жүйесін аздап өзгертсе деген пікірін айтты. – Өте керемет дода! Жеткіншектерге берері мол. Егер алдағы уақытта ҚФФ тағы шақырар болса, біз Қазақстанға құлшыныспен келуге дайынбыз. Тек бір ұсыныс айтқым келеді. Мұндай дода кезінде ойындарды таңертеңнен кешке дейін емес, тек кешке қарай ойнайтындай жүйеде ұйымдастыру керек және де матчтарды бір емес, екі алаңда қатар өткізген дұрыс. Алдағы уақытта ұйымдастырушылар осы мәселені ескереді деп үміттенеміз, – деп түрік маманы ізгі тілегін білдірді. Ұйымдастыру жағын қорыта келгенде, барлық маманның алғыстан басқа айтары болған жоқ. Дегенмен турнир қорытындысына, төрешілер қызметтеріне көңілдері толмаған бапкерлер де болды. Мәселен, қола жүлдеге Қазақстан құрамасымен таласып, пенальти сериясында жеңілген Әзірбайжан құрамасының аға бапкері Табриз Гасанов турнирден кейінгі баспасөз мәслихатында, – Иран және Венгрия құрамаларын шын жүректен құттықтаймын. Олар – финалға лайықты командалар. Алтын және күмісті өз күштерімен жеңіп алды. Ал Қазақстан құрамасына төрешілер болысумен болды. Жоқ жерден пенальти белгілеп, таза голымызды санаған жоқ. Матчтан кейін шәкірттерімнің жылап отырғанын көріп, жұбата алмадым. Егер мен Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкерінің орнында болғанымда, мұндай сорақылықтан кейін марапаттау рәсіміне шықпас едім. Тұғырға көтерілгеннің өзінде медальді мойнымнан шешіп тастар едім. Қазақстан жүлдеге лайықсыз. Үшінші орын – біздікі, – деп кеудесін қақты. Дегенмен артынан ашуы тарқаған Гасанов баспасөз мәслихатының соңында: «Қазақстан құрамасының биылғы жасөспірімдері былтырғы құрамнан әлдеқайда күшті, әлдеқайда сауатты ойын өрнегін көрсетті. Мұндай команданы құлақтан сүйреудің қажеті жоқ. Олар – ешкімнің көмегінсіз, өздері-ақ жеңуге қабілетті жігіттер», – деп командамызды мақтауды да ұмытпады. Иә, асыра сілтегеніміз емес, Қазақстан жасөспірімдер құрамасы, шынымен де, мақтауға лайық өнер көрсетті. Алғашқы матчтан-ақ жанкүйерлерді өз ойын өрнегімен баурап алған жеткіншектеріміз алғашқы кездесуінде Түрікменстан жасөспірімдер құрамасынан 4:2 есебімен басым түсті. Ойын бастала салып шабуылға көшкен жерлестеріміз Рифат Нұрмұғамет және Дидар Жалмұханның тура соққыларынан кейін жетінші минутта-ақ 2:0 есебімен алға шыққан. Бұдан кейін де гол соғатын талай мүмкіндігіміз болды. Бірақ Түрікменстан құрамасының қақпашысы Жапаров қателікке бой алдырған жоқ. Екінші кездесуінде Павел Травник шәкірттері турнирдің ең үздік ұжымдарының бірінен жеңілді. Венгрия құрамасы, расымен де, қарымды команда екен. Негізгі құрамдағы да, қосалқы құрамдағы ойыншылары да бірін-бірі жақсы алмастырып, кез келген сәтте ойын барысын өзгерте алады. Әлсізі жоқ. Сондай ойыншылардың бірі Марк Кошта ойынның 8-минутында Тимурбек Зәкіров қорғаған қақпаны қақ айырды. Естерін жинап үлгермеген қазақстандықтардың қақпасына тағы бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырылған. Бірақ әлгі голдан кейін қорғанысымыз қателікке бой алдырған жоқ. Қайта уақыт өткен сайын өздері жиі шабуылға көшіп, венгр қақпашысы Кристоф Косехті сәт сайын мазалаумен болды. Алайда жігіттерге дәлдік жетіскен жоқ. Өздері де шаршады, мажарларды да әбден піспектеді. Өкінішке қарай, нәтиже шықпады. Ал Қазақстанмен болған ойыннан кейін әбден шаршаған венгрлер сол күйі қалыптарына келіп үлгермей, ертеңінде түрікмендермен тең ойнап, ақыры финалда Иран жеткіншектерінен жеңіліп қалды. Ал Қазақстан жасөспірімдері үшінші орын үшін болған айқаста Әзірбайжан құрамасынан басым түсіп, қола жүлдеге қол жеткізді. Бірінші тайм аздап қазақстандықтардың басымдығымен өткенімен, командалар қорғаныста қателікке бой алдырмауға тырысып, аса қарқынды шабуылдарға иек артқан жоқ. Ал екінші таймда төреші Әзірбайжан қақпасына пенальти белгіледі. Иә, Гасанов бұл пенальтиді мойындамайды. Алайда өз айып алаңында қонақтардың қорғаушысы допты қолмен тоқтатқанын стадионға жиналған бүкіл көрермен көрген болатын. Нүктеге жақындаған Рустам Сахибов қақпашыдан айласын оңай асырды. Дегенмен жеңісті есепті ұстап тұра алмадық. Арада 10 минут өткенде Қазақстан қақпасына 50 метр жерден айып добы белгіленіп, қақпашының алға шығып кеткенін пайдаланған Фахмин Мурадбейли 2006 жылғы әлем чемпионаты ширек финалының аясында өткен Бразилия – Англия кездесуіндегі Роналдиньоның соққысын қайталады. Ал қақпашымыз Тимурбек Зәкіров Дэвид Симэннің кебін киді. Ойынның аяқталуына екі минут қалғанда қақпамызда тағы бір доп тулап жатты. Дегенмен әзірбайжандық шабуылшының ойыннан тыс қалғанын анықтаған қапталдағы төреші голды есепке алған жоқ. Ал пенальти сериясында нүктеге жақындаған жігіттеріміздің бәрі де өз мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Сонымен, Қазақстан жеткіншектері тұңғыш рет Президент кубогында топ жарды. Финал Венгрия – Иран 1:3 3-орын үшін ойын Қазақстан – Әзірбайжан 1:1, 5:4-пен. Голдар: Сахибов, 49-пен. – Мурадбейли, 60. 5-орын үшін ойын Армения – Грузия 1:1 7-орын үшін ойын Түрікменстан – Грузия 0:2 Турнирдің үздік ойыншылары: Үздік қақпашы – Кристоф Косех (Венгрия), үздік қорғаушы – Левенте Чичек (Венгрия), үздік жартылай қорғаушы – Саид Эзатоллахи (Иран), үздік шабуылшы – Максим Федин (Қазақстан), үздік сұрмерген – Әли Реги (Иран), үздік ойыншы – Иван Антипов (Қазақстан).
Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛБіздің серіктес: FONBET