Тоғызыншы турдағы тосын "толқындар"

09.05.2012, 07:25
Тоғызыншы турдағы тосын "толқындар"
Бүгін футболдан Қазақстан премьер лигасының 9-ы тур ойындары аяқталды. Бұл тур турнир кестесінің төрінде тұрған «Ақжайықтың» ұпай жоғалтып, «Тобылдың» «мәңгілік қарсыласынан» Ақтөбеде жеңісті жұлып әкетуімен есте қалды.
«Астана» - «Шахтер» 1:0 Гол: Михаил Рожков, 10 Жақында ғана бапкер ауыстырып, Беранекке иек артқан «Астана» басшылығы жаңа жаттықтырушының бірінші ойынынан соң, шешімдері үшін өкінбеуі керек. Себебі, ұлттық құраманың «қаймақтарын» жиып алған елордалық клуб соңғы кезде ойыны жүрмей, премьер лиганың ортаңқол командаларына ұпай сыйлаған. Мирослав келген беттен, «Астана» ойынына қан жүргенін байқауға болады. Өйткені, «Шахтерді» тоқтату бүгін екінің бірі орындай алмайтын іс. Оның үстіне, ойыны үйлеспей, кежегесі кейін тартып тұрған «Астананың»... Мирослав Беранекті жатып алып мақтаудан аулақпыз, бірақ оның тактикасы бүгін өз жемісін берді... «Қайсар»  - «Оқжетпес» 1:0 Гол: Црногроац 90+ Бапкердің ауысуы «Қайсарға»да оң әсерін тигізді. Кезінде  «Астананың»  екі аяғын бір етікке тыан «Оқжетпес» өзімен шамалас «Қайсарға» тісін батыра алмады. Тоқсан минут бойына  теңселмеген таразы басын қосымша уақытта Црногроац  қозғалтты. Екі апта бұрын «Ертістен» басым түскен Қызылорданың ойыны оңалып келеді. Енді оларға бағдардан жаңылмау керек. «Жетісу» - «Ертіс»  1:2 Голдар: Цветкович 59, 1:0, Юрин 66, 1:1, Аяғанов 88, 1:2 Талдықорғандық команда үшін жаңа маусым өте сәтсіз өтуде. Еуропа лигасының іріктеу кезінде ел намысын қорғайтын команданың ішкі  біріншіліктегі аянышты күйін көру қиын екен. Былтыр бет қаратпаған «Жетісуды» биыл кез келген команда тоқтата алады. Ал, керекуліктер «Ақтөбеде» кеткен ашуын «Жетісудан» алды. «Ертіс» туралы ештеңе демейміз, тек Еуропа лигасының іріктеуіне жолдама алған «Жетісудың» 14 команда ішінде 13-і тұрғаны көңілімізді түсіреді... «Ордабасы» - «Ақжайық» 2:0 Голдар: Тәжімбетов 47,55 Биылғы додада басқа емес, Оралдың «Ақжайығы» топ бастайды деген ой ешкімнің түсіне де кіріп шықпаған шығар. Батыстың бір командасы әлсіреп, екіншісі күш алып тұр қазір біріншілікте. «Ақжайықтан» ұпай жыруға қазір кез келген команда үшін, тіпті көшбасшылар үшін тым қиын. Ал, арыны қатты «Ақжайықты» бүгін «Ордабасы» орнына қойды. Қос голды да дарытқан – Дәуренбек Тәжімбетов! Біріншілік басталғалы бері, қара домалақтар гол соқса, төбеміз көкке жеткендей қуанамыз ғой! Бүгін бізді Дәуренбек қуантты. Бүгін ол 4 гол соғып, мергендер көшінде бесінші орында тұр. «Тараз» - «Қайрат» 2:1 Голдар:  Мирослав Лечич, 16 1:0, Перич 57, 2:0, Кнежевич 87, 2:1 «Таразды» да үздіктер тобында болады деп күткендер аз еді. Алайда, серб бапкері мен серб футболшылары оңтүстіктің осы бір клубын өрге сүйреп жүр.  «Тараздың» ғана емес, «Қайраттың» да голын бүгін серб футболшысы соқты. Былайша айтқанда, бүгін қазақ командалары ойнады, сербтер гол соқты... «Сұңқар» - «Атырау» 0:0 Соңғы кезде үздіктерді ұпайдан айыруға дағдыланған «Атырау» премьер лиганың дебютантын аяған болуы керек. «Сұңқардың» өз алаңында өткен ойында екі ұжым да тең ойынға ырза болып тарқасты. Бірақ, «Атыраудың» бүгін жоғалтқан ұпайы біріншілік соңында өзіне таяқ болып тимесе... «Ақтөбе» - «Тобыл» 0:1 Гол: Бауыржан Жолшиев, 4 «Ақтөбенің» жанкүйері басқадан ұтылса да, «Тобылдан» жеңілген ойыншыларын кешірмейді. Өйткені, бұл екі клуб арасындағы текетірес  қазақстандық жанкүйер үшін «Реал» мен «Барселонаның» тартысынан да артық. «Ақтөбенің» өз алаңында ұпай олжалау «Тобыл»  үшін ешқашан оңай болмаған. Бірақ, Бауыржан Жолшиев биыл қостанайлық клубтың құтқарушысы болып тұр. Батыстық команданың жанкүйерлері «Тобылды» «мәңгілік екіншілер» деп атайтынын естігенбіз. Енді сол сізді кері қаратып айтамыз ба?! Қайтеміз? Бір білеріміз, үш жыл қатарынан чемпион атанған «Ақтөбенің» рухы әлсіреп тұр. Бұл «Ақтөбе» бұрынғы «Ақтөбеден» өзгерек... Ал, «Тобыл» турнир кестесінің ұшар басында! алаш арена
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×