Елеңбейтін еңбекқор

28.03.2015, 02:20
Елеңбейтін еңбекқор
"Реалдың" орталық шабуылшысы Кәрім команда сапында ең көп сынға ұшырайтын футболшы. Матч барысында көптеген мүмкіндіктерді пайдалана алмайды, допты қабылдауы нашар, тіпті екі жұлдызға кедергі жасайды дегендей. Команда сүрінгенде Бензема басты кінәлінің бірі, ал жеңісті күндерінде Роналду, Бэйл, Модрич тағы да басқа ойыншылардың көлеңкесінде қалады. Бірақ, бір қызығы Бензема Реалға қандай футболшы келсе де, қандай жаттықтырушы тізгіндесе де негізгі құрамдағы орнын жоғалтқан емес.  Кәрім секілді футболшылар команданың тұрақтылығын сақтайды. Иә, ол бір кездегі корольдік клубтың шабуылшысы атақты Рауль секілді әр маусымда кем дегенде 30-35 голдан, немесе әлемнің үздік футболшысы сияқты 50 голдан тоғытпайды. Бойында Бэйл мен Роналдудағыдай шеберлік жоқ. Хаместің техникасы, Кроос пен Модричтің пастары жоқ. Бірақ, команданың оң нәтижесі үшін өз құрбан ете алатын қасиеті бар. Жанында 100-150 миллионның шеберлері барда алдында екі таңдау тұрады. Яки, сен де олар сияқты алаңда да, алаңнан тыс та өз айтқанынды істетуге тырысасың, яки бәріне көнесің. Бензема екінші жолды таңдады. Бензема "Реалға" да, "Франция" ұлттық құрамасына да керек ойыншы. Бензама таза орталық шабуылшы ғана емес, қапталдағы шабуылшының да қызметін атқара алады. Моуриньо кезінде, Игуаин алаңға шыққанда француз қапталға жылжып, тоғыздықтың орнын аргентиналық сұрмергенге беретін. Бүгінде, екі қапталда екі әлемдік деңгейдегі жұлдыздар барда, кейде бүкіл матч бойына шетте ойнауға тура келіп жүр. Роналду мен Бэйлдың голдарының біраз бөлігі тура Бензема ойнайтын(немесе ойнауға тиіс) алаңның бөлігінен салынады. "Бұл қалай?" "Бензема қайда?" деген сұрақ туады. Бірақ, француз Роналдудыдың, Бэйлдың ыңғайлы жерден соққы бағыттауы үшін бірнеше қорғаушының назарын өзіне аударып айып алаңның шетіне ойысады. Оның ерекшелігі осы, Бензема-таза команданың ойыншысы. Осы қасиетінің арқасында 6 жыл бойы "Реал Мадридтің" сапында. "Барселона" неге орталық шабуылшы таңдау кезінде бірнеше рет қателесті. Себебі, Мессимен санасатын футболшыларды алды. Анри де, Ибра да, Вилья да аргентиналық гениймен сыйыса алмады, алаңда оған ғана бар жағдайды жасап, көлеңкесі болуға көнбеді. Ал, Кәрімнің таңдауы осы. Әлемдегі Бензема деңгейлес Кавани де, Фалькао да ойынды өзіңе алғысы келеді. Тіпті, Игуаиннің Мадридтен кетуінің басты себебі де осы. Роналдуға өзімен бөлісетін емес, өзіңе толықтай ерікті беретін әріптес керек. Клубтағы рөлі осындай болғанымен, Франция ұлттық құрамасында негізгі футболшының бірі. Роналдудың деңгейіндегі әріптестер, қас-қабағына қарауға мәжбүр ететін ойыншы жоқ. Допты жеткізіп тұратын Рибери, Сиссоко, Вальбуэналар бар. Орталық шабуылшы ретінде гол салғанда, тек үздіктердің көлеңкесі ғана емес, әлемнің үздік футболшыларының деңгейіне көтеріле алатындығын да дәлелдейді. Өкінішке орай, клубта бар тізгінді қолына ала алмайды. "Реалдың" заңы солай. Дегенмен, бұл жағдай Бенземаның әлемдегі ең еңбекқор футболшы екендігін жоққа шығара алмайды.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×