“Елім үшін емес, тарих үшін келдім” – Легионер Қазақстанды таңдауының себебін айтты

14.04.2026, 19:10

Семейлік "Елімай" клубының қатарын толықтырған Колумбиялық шабуылшы Дубан Паласио елге келе салысымен жанкүйерлерді елең еткізер мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Aladop.kz.

“Елім үшін емес, тарих үшін келдім” – Легионер Қазақстанды таңдауының себебін айтты

Оңтүстік Америкадан келген сұрмерген Қазақстан футболында өшпес із қалдыруды көздеп отыр.

Паласио Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында Қазақстан туралы бұрын-соңды естімегенін жасырмады. Десе де, отандастарының бұл жақтағы жетістігі оған үлкен серпін берген:

“Шынымды айтсам, бұл мемлекет туралы ештеңе білмедім. Бірақ Рохер Каньяс пен Франсиско Кампо сияқты Колумбиялықтардың бұл жақта үлкен табысқа жеткенінен хабардар едім. Қазір мұнда жүргеніме өте қуаныштымын. Қазақстан — халқы ақкөңіл, тамаша ел!" — деді футболшы.

Жаңа ортаға бейімделу қиындық тудырмаған көрінеді. Паласио клубтағы атмосфера мен жаттықтырушылар құрамына жоғары баға берді:

"Мені өте жылы қарсы алды. Командаластарым өз үйімде жүргендей сезім сыйлады. Бапкерлер штабының жұмысы мен жаттығу тәсілдері — жоғары деңгейде, күн санап жаңа ортаға үйреніп келемін. Қазір бәрі керемет."

Бұған дейін Боливия мен Перу чемпионаттарында бақ сынаған шабуылшы Қазақстанға көшуін мансабындағы маңызды қадам деп есептейді. Оның айтуынша, Семейге келуі — жай ғана кездейсоқтық емес.

“Мен мұнда тарих жазу үшін келдім. Егер Құдай мені осы елге алып келсе, демек, оның өз себебі бар. Клуб үшін, бапкерлер мен жанкүйерлер үшін бар күшімді саламын.” — деп түйіндеді сөзін Дубан Паласио.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×