Осыдан соң іле-шала «Ақтөбе» футбол клубының басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп, мәселенің мән-жайын түсіндіруге талпыныс жасады. Алайда клуб басшылары Емілдің денсаулығы ауыр екенін тілге тиек етіп, оны соққыға жыққан жандар туралы мәлімет беруден бас тартты. «Бұл мәселемен еліміздің құқық қорғау орындары айналысады. Мен тек өзімде бар ақпаратпен ғана бөлісемін», – дейді клубтың президенті Сағат Еңсегенов. Оқиға былай өрбіген. Исландияның «Брейдаблик» клубын жеңіп, елге оралған соң бапкерлер құрамы ойыншыларға екі күндік демалыс береді. Себебі команданың ойын кестесі тым тығыз болғандықтан, футболшылар дұрыс тынығып, қалпына келіп үлгермеген екен. Осы кезде команданың басқа ойыншылары секілді, Еміл де екі күндік демалысты өз пайдасына жаратпақ болады. Алайда 11 тамыз күні Алматыдағы Абылай хан және Жамбыл көшелерінің қиылысында Еміл ес-түссіз жатқан күйінде табылған. Белгісіз біреулер оның басына қатты зақым келтіргендіктен, футболшы дереу есінен танып қалыпты. Осыдан соң, Алматыдағы жеделжәрдем ауруханасында Емілге ота жасалып, жан сақтау бөліміне орналастырылады. Көпке дейін тілге келмеген футболшы үш күннен соң аздап болса да икемге келе бастаған. Бірақ оны сауығып кетті деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Дәрігерлер Емілдің жағдайы әлі ауыр күйінде деуден әрі асар емес. «Ақтөбе» футбол клубының дәрігері Сергей Елисеевтің айтуынша, Еміл ағзасының мықтылығынан ғана ауыр соққы мен ауыр отаға төтеп берген. Бүгінде команда басшылары мен облыс әкімшілігі футболшының денсаулығын тікелей өз бақылауында ұстап отыр. Еміл Кенжесариев 1987 жылы Қырғыз жерінде дүниеге келген. Қазақстан премьер-лигасында 2006-2007 футбол маусымында доп тебуге келген ол бірден жанкүйерлер сүйіктісіне айналып үлгерді. Әсіресе, оның «Ақтөбе» қатарындағы ойын өрнегі көпшілікті сүйсіндірген болатын. Жақында ғана «Брейдаблик» қақпасына пенальтиден гол соғып, өз клубының жарысты одан әрі жалғастыруыа себепші болған ойыншылардың бірі еді. Бүгінде барлық қазақ жанкүйерлері Алладан Емілдің амандығын тілеуде. Біздің газет ұжымы да талантты футболшының тезірек ортаға оралуына тілектес. Владимир Никитенко, «Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері: – Емілдің «Ақтөбедегі» орны айрықша. Ол болмаса, біздің ойынымыз да басқаша өрбиді. Жарақаты жиі мазалап жүрсе де, командасы үшін жанын аямай, ел чемпионаты мен еурокубоктік додаларда көсіліп ойнады. Командада Емілді ешкім де алмастыра алмайды. Кенжесариевтің басындағы бұл жағдай үшін қатты қайғырып отырмын. Біздің қолымыздан тек дұға тілеу ғана келеді. Тезірек аяғына тұрып, қатарымызға қосылса екен. P.S. Бір кездері Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбырайымов пен Илья Ильин де соққыға жығылып, пышаққа түскен болатын. Қуанышқа қарай, екі саңлағымыз да ортамызға аман-есен оралды. Бірақ батырларды соққыға жыққан жандар туралы ешкім де жақ ашқан жоқ. Олар жазасын алды ма, әлде басқа да амалдары бар ма ол жағы белгісіз. Енді, міне, ел футболындағы елеулі тұлғалардың бірі саналатын Емілге де соққы жұмсалды. Айдың-күннің аманында, Алматының қақ ортасында футболшыны есінен тандырған кімдер екені әзірге ешкімге де белгісіз болып тұр...
Ақырыс СейітқызыБіздің серіктес: FONBET