«ШАХТЕР» ШАЛҒАН «ҚҰРБАНДЫҚ»

24.08.2013, 03:55
«ШАХТЕР» ШАЛҒАН «ҚҰРБАНДЫҚ»

Еуропаның ең ірі клубтық турнирі – Чемпиондар лигасының әнұранын естігенде, толқымайтын жанкүйер жоқ. Кәрі құрлықтың  алпауыт командалары айқасқа түсерде қалықтай жөнелетін әуен Астана төрінде де шырқалды. Үнемі өзгелердің құрметіне шырқалатын әуенді тыңдау бақыты енді, біздің «Шахтерге» де бұйырды.

 Чемпиондар лигасына іріктеу сынының 4-ші айналымында алыс Шотландиядан ат арытып келген «Селтик»  «Астана-Арена» стадионында 0:2 есебімен тізе бүкті. Скот Браун, Самарас секілді ақжолтай ойыншыларымен мақтанатын клуб қазақ жеріне қадам басарда еуропалық «мәнеріне» салып, біраз маңғазданған. Өздерімен, бірге аспазшысын әкеліп, одан қалса, құты толы ауыз суын да арқалай келген «кельттер» «кеншілер» құрған тактикаға дайын болмай шықты. Қазақ футболының ардагеріне айналып келе жатқан Андрей Финонченко мен жас пері Сергей Хижниченко соққан қос голға жауап бермек түгілі, қақпаға үшінші допты жіберіп алу қаупінің аз-ақ алдына тұрды.  Бұл ойын тек Қарағандының ғана емес, барша қазақ жанкүйерінің делебесін қоздырып, қуанышын тасытты десек, артық емес. Себебі көгіл­дір экраннан миллиондаған жанкүйер «Шахтер» үшін тақым қысса, «Астана Аренаға» еліміздің әр түкпірінен келген жанкүйердің да қарасы мол болды. Өз алаңымызда азулы қарсыласты 2:0 есебімен ұтқан соң, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне өтеміз деген үміт басым. Бірақ Глазгода «Селтиктің» намысқа қамшы басып, ойын қарқынын үдететіні анық. Сол себепті, Финонченко бастаған серкелерге қарымта матчта сәттілік тілейміз. Қос команда арасындағы келесі ойын  28 тамыз күні Глазгодағы «Селтик Парк» стадионында өтеді. P.S. Үлкен футболдағы үлесіміз айтарлықтай болмағасын, талай додада есеміз кетіп, намысым да алаңда талай тапталған. Құрама деңгейінде де, клубтық турнирлерде де футболдағы биік бізге бағынбайтындай көрінетін. Алайда қазақ футболының да көретін жарығы бар екенін «Шахтер» дәлелдегендей. Басқаны қайдам, өз басым «Селтик» секілді айдарынан жел ескен командаларды жеңетін күннің жеткені үшін қуаныштымын. Енді бір секірсек, топтық турнирге топ ете қаламыз. Ақ жол тілейміз, «кеншілер»!

Ақырыс СЕЙІТҚАЗЫ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×