Ең тамаша патриоттар – спортшылар

11.07.2012, 05:21
Ең тамаша патриоттар – спортшылар

Кеше ғана Украина мен Польша стадиондарында футболдан Еуропа чемпионаты аяқталды. Біріншілік ойындарын «Қазақстан» телеарнасынан тамашалаған жұртшылық өзіміздің Есей Жеңісұлы, Асхат Сағынаев, Ермұхамед Мәулен секілді телекомментаторлармен қатар репортаж жүргізген Павел Цыбулиннің өнеріне де тәнті болды деп сенеміз. 

Павелдің Испания мен Италия құрама командалары арасындағы финалдық ойынның басталуында қазақша сөйлегені, репортаж барысында әріптестерінің мемлекеттік тілдегі әңгімесін жарасымды жалғастырып кететіні, кейде сұрақтарға жауап беріп жататыны да баршамызды разы етті. Кеше, 2 шілдеде әлемде аталып өткен спорт журналистикасы күніне орай біз бүгін «Қазақстан» телеарнасының шолушысы Павел ЦЫБУЛИНМЕН сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

- Павел, сіз спорт журналистикасына қалай келдіңіз? - Алматыдағы №134 мектеп-гимназияда оқып жүргенімде бізге ол кезде КТК арнасында шеф-редактор болып жұмыс істейтін Андрей Зубов келген еді. Бізді сынап көрді. Әуелде 30 адам бардық, бір аптадан кейін 10 адам қалдық, тағылымдамадан кейін 3 адамды іріктеді. Арада бір жыл өткенде сол үшеуден мен ғана қалдым. Осылайша табиғи іріктеу нәтижесінде келген едім журналистикаға. - Сіздіңше журналистика факультетін бітірген адамның телевидениеге басқа мамандықтан келген адамның алдында артықшылығы бар ма? - Әрине, аздаған артықшылығы болады. Бірақ негізгі нәрсе ол емес. Журфакта оқып, журналистикада жемісті еңбек етіп жүрген талай адамды білемін. Сонымен бірге журналистік білімі болмаса да осы мамандықты ойдағыдай меңгерген адамдар да аз емес. Журфак бітірген, әрине, дұрыс. Онда арқаулық білім береді. Әйтсе де, басты фактор бұл емес. - Демек, бәрінен бұрын талант керек қой? - Талант та, бейімділік те, құштарлық та керек. Журналистиканың романтикасы өте көп сияқты көрінетіні бар. Іссапарларды, түсірілімдерді айтсаңыз солай. Алайда жұмысқа кірісіп кеткенде біраз уақыттан кейін романтиканың қайда қалғанын білмей қаласың. Некеге тұру сияқты ғой. Бал айында бәрі керемет, ол аяқталған соң тамаша болады, одан кейін жақсы болады, бір жыл тұрғаннан кейін мәселелер шыға бастайды дегендей. - Сіз талай жылдар бойы «31-арнада» жұмыс істедіңіз. Бүгінде «Қазақстан» арнасында спорт бағдарламалары шығармашылық бірлестігінің жетекшісісіз. Бұрынғы жұмысыңыздың қазіргіден айырмашылығы бар ма? - «31-арнаның» президенті Арманжан Байтасовты спорт жаңалықтарын ашуға талай уақыт үгіттеп едім. Оны 1999 жылы эфирге шығардық. Кезінде біз үшін көп нәрсе жаңалық еді. Ол кезде бүгінгі заманғы телевидение туралы оқулықтар болған жоқ, спорт телевидениесі туралы кітаптар атымен табылмайтын. Мен кеңес кезінде спорт журналистикасымен жұмыс істеген Диас Омаровпен, Юрий Лифинцевпен көп араласып-құраласып, көп нәрсе үйрендім. Әсіресе, патриотизм тұрғысынан. Ол кезде тәуелсіздік жаңа қолға тиген, Олимпиялық ойындарда алғашқы медальдарға ие болғанбыз. Содан бері мен ең тамаша патриоттар - спортшылар екенін анық білемін. Адам шетелде әр аттап басқан сайын өзінің ел намысын, тудың абыройын қорғап жүргенін, өзінің құрметіне гимн ойналуы мүмкін екенін сезінеді. Гимн орындалатын санаулы жағдайдың бірі спорт жарысындағы жеңіс қой. Саясаткер партиядан партияға ауыса алады, тіпті бір елден басқа елге ауысып кетуі де мүмкін. Ал құрама командаға қосылған спортшы басқа футболдық азаматтық ала алмайды. Біз дамытатын ұлттық идеялардың бірі спорт оятатын патриотизм болуға тиіс. - Сонда біздің елде спортты дұрыстап насихаттау қазірше жоқ дейсіз ғой? - Бұрын бұл жөнінде ешқандай тәжірибе болмады. Мысалы, Қазақ ССР-нің бокс федерациясы бар дейік. Әйтсе де оның «басы» Мәскеуде ғой. Байланыстарды жаңаша қалыптастыру, жүйе жасау, медицинамен жұмыс істеу қажет болды. Әрине, бәрі бірдей тамаша емес, бүгінде сынайтын нәрсе баршылық. Кейбіреулерге тәжірибе жетіспейді, кейбіреулердің жасы егде тартқан, ал кейбіреулердің кісілік сипаты сай келмейді. Жүйені нөлден бастап, жеріне жеткізу үшін, ал жеріне жеткізу деп мен Олимпиялық алтын медальдарды айтамын, 10-15 жыл керек. Яғни спорттың көптеген түрлері бойынша олимпиялық резервтер базалары салынуға тиіс. Мысалы, спорт гимнастикасы федерациясында дұрыс зал болмайынша ештеңе шешілмейді. Тіпті футболдан құрама команданың өзінің базасы Талғарда осыдан екі жыл бұрын ғана пайда болды. - Мәселе қаржыландыруға тіреледі ғой сонда? - Бәрін бірдей ақша шешпейді. Ақшаны ақылмен жұмсау керек. Көп нәрсе кадрларға байланысты. Бізде спорт менеджменті жетіспейді. Бұл проблема жұрттың бәріне белгілі. Сен жаңа «31-арна» мен «Қазақстандағы» жұмыстың айырмашылығын сұрадың. Қазір мен іс жүзінде менеджермін. Бұрын редактор, комментатор, жүргізуші едім. Менеджер ретінде рейтингті қамтамасыз ету, арнаның бағдарламалық саясатын қалыптастыру, федерациялардың ұмтылысын, көрермендеріміздің ниетін, бізге бөлінетін ақшаны біртұтас мақсатқа байланыстыру - міндетім. Бұған бізде еш жерде үйретпейді. Германия мен Англияда ғана телевизиялық спорт менеджментінің курстары бар. Ресейде, менің білуімде, жылына 2 немесе 3 курс ұйымдастырылады. Бүкіл бұрынғы одақта басқа ештеңе жоқ. - Сонда сіздің қазіргі жұмысыңыздың шығармашылықпен ешқандай байланысы жоқ па? - Неге олай дейсің?! Мен мәтіндерді тексеремін, өз комментаторларымды тамаша түсінемін, қателіктерін көрсетемін, өйткені өзім де комментатормын. Жалпы, бұрынғы комментатор деген болмайды. Көрсететін матчтарды таңдағанда шығармашылыққа бағыт ұстаймын. Егер мұның бәріне тек прагматизммен қарар болсам, біз көрсетіп жүрген ойындардың талайы хабарлар кестесінде болмас еді. Бәрін де көкейге қонымды етіп түсіру, федерациялармен орайлы байланыс жасау керек, олардың көбі БАҚ-пен қарым-қатынастарын қалай қалыптастыруды білмейді де, мұның бәрін құштарлықпен, спортқа сүйіспеншілікпен жасау керек, ал сүйіспеншілік жүрген жерде шығармашылық та жүреді! - 2011 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Қазақстан» телеарнасы тұтастай қазақ тілінде хабар таратуға көшті. Арна басшылығы сәл асығыстық жасаған жоқ па? - Егер мұндай шешім қабылданса, оның текке қабылданбағаны. Мен тіпті бір емес, бірнеше арна толық қазақша болуы керек деп санаймын. Оған талас жоқ. Жанкүйерлер «Міне, футбол қазақша жүріп жатыр, ал мен түсінбей отырмын» деуі мүмкін. Ал дәл сол жанкүйер Англия премьер-лигасының ойындарын ағылшынша көреді ғой! Қандай проблема бар? Көр! Тілді тезірек үйренесің! - Қазақ тіліне ауысу арнаның рейтингіне ауыр тиді ме? - Бұл арада «Қазақстан» арнасы мемлекеттік, әлеуметтік міндет атқаратынын түсіну керек. Бұл коммерциялық арна емес. Арнаның мақсаты табыс табу болса, жұмыста басқашалау ұйымдастырылар еді. Біз - социумға есептелген мемлекеттік құрылымбыз. - Сіздің өзіңіздің қазақшаңыз қалай? - Сөйлеуге қысыламын, бірақ түсінемін. Қазақша өтіп жатқан жиналыстарда бәрін де ұғып отырамын. - Қазақстандық комментаторлардың деңгейі қазір өсе түсті ме? - Комментаторлар анағұрлым көбейді, бұл мені қуантады. Олардың әртүрлі, екені де қуантады. Сауаттылықтың, әсіресе, тілдік сауаттылықтың төмендігі қапаландырады. Комментатор деген кім? Ол - эрудициясы бай адам. Спорттан басқа нәрселерді де көп білетін адам. Спорттың өзін білу аз, түсіну керек. Өзің түсіндіретін спорт түрін сезіну, ең бастысы, сүю керек. Сондықтан да спортпен айналысатын адамның комментатор болуы жеңіл. Техникалық және кәсіби терминдерді білу, қолдана алу керек, сөйлеу мәнері, дауыс мақамы жақсы болуы керек. Солардың біреуі кем түссе, жақсы комментатор шықпайды.

- Сіздіңше, жақсы комментатор-футболшы комментатор-журналистен артық па? - Артық. Сөз жоқ, артық! - Сонда Маслаченко әрқашан Гусевтен артық бола ма? - Владимир Никитовичтің жұрттың бәрін, әсіресе, қақпашыларды үйрете беретіні талай адамға ұнамайтын. Бірақ олай етуге оның құқы бар еді. Өйткені «Спартактың» да, КСРО құрама командасының да қақпашысы болған. Оны сынайтындар алдымен сондай қақпашы, одан кейін сондай комментатор болып алсын. Ал Николай Озеров футболшы болмаған. Оның есесіне актер болған, спортшылармен көп араласқан. Тамаша теннисші ретінде де спортты жақсы білген, жақсы түсінген. Сондықтан да репортаждары өте қызықты шығатын. - Комментатор егер біздің құрама командамыз Еурода немесе әлем чемпионатында ойнап жатса, өз құрамасын айқай қосып, қолдауға құқылы ма? - Егер комментатор Қазақстанда репортаж жүргізсе, әрине, құқылы. Біздің мамандықта қатып қалған ештеңе жоқ. Мен өзім егер Қазақстан құрамасының Қазақстандағы ойынын қазақстандық көрерменге жүргізсем, ол материал шетелге тарамайтынын білсем, онда Қазақстан құрамасына жанкүйерлік жасауыма толық құқылымын деп санаймын! - Мысалы, маған біздегі кейбір комментаторлардың Қазақстан құрамасының ойынындағы жұмысы ұнай бермейді. Құрамамыз гол салғанда, комментаторлар соның қуанышын эмоциялық тұрғыда жақсылап жеткізе алмайды. - Әркімнің ойын жүргізудің өзіндік стилі бар. Егер ертең Сергей Райлян аяқ астынан «ГОООЛ!» деп өңешін жырта жаздап айқайласа, онда ол Райлян болудан қалады. Өйткені ол өмірде атымен басқа адам. Мен де үнемі айқайлай бермеймін. Алайда сол сәтте мен жанкүйер ретінде де, комментатор ретінде де бабыма келіп алған болсам, оған дейін тайм бойы қақпадан сыртқа соғып келіп, доп кенет торда тулап жатса, онда менің айқайға басқаным шынайы шығады. Егер әлгі гол алғашқы минутта-ақ салынып кетсе, яғни мен эмоциялық тұрғыдан қызбай тұрған кезде салынса, ал мен шыңғырып жатсам, жасандылық болады. Комментатор бәрінен бұрын табиғи болуға тиіс. - Биыл Ресейде sportbox.ru сайты «Россия - 1» телеарнасымен бірлесіп, интернетте «Сен - комментаторсың» деген жобаны бастады. Өте қызғылықты жоба. Қазақстанда осындай жобалардың жасалуы мүмкін бе? - «Қазақстан» телеарнасында біз мұндай жобаны қолға алдық. Жас таланттар келуін күтіп отыра беретін жағдай жоқ. Интернетте комментаторларды жерден алып, жерге салатындар жетіп жатыр, өздері нақты ештеңе ұсына алмайды. Сынайды екенсің, кел де одан артық етіп жаса. Келмейді ғой. Содан комментаторларға конкурс жарияладық. Негізгі назар қазақтілді комментаторларға аударылады. Елімізде қазақ тілінде сөйлеушілер көбейген үстіне көбейе береді, қазақтілді комментаторларға талап та күшейе береді. Қазірше келушілердің деңгейі көңіл көншітпейді. Спорт туралы сөйлессең, ештеңе білмейтіні көрініп тұрады. «Кім болғың келеді?» десең, «футбол комментаторы» дейді, «Смақов қайда ойнайды?» десең, көзі бақырайып қарап тұрады. Сонда одан қандай комментатор шықпақшы? - Сізді кастингке түсу үшін диплом маңызды ма? - Дипломның ешқандай маңызы жоқ! Мен өзім дипломға қарамаймын. Келген адамның мамандығы қандай екенін бірнеше рет комментарий жасағанынан кейін ғана анықтаймын. Дикциясы өте нашар адамдар да келеді. «Мынандай дикциямен қалай комментатор болмақшысың?» десең, «Бұл - менің өзіндік ерекшелігім» дейді. Ұлттық телеарнада ондай ерекшеліктің керегі жоқ! - Біздің футболдың бір орнынан жылжи алмай тұрғаны неліктен? - «Бір орнынан жылжи алмау» деген не? - УЕФА-ға өткенімізге 10 жыл болса да әлі күнге еуропалық клубта ойнайтын бір ойыншы да дайындай алмадық. - Бұл уақытша деп ойлаймын. Футбол федерациясының қандай орасан күш-жігер жұмсап отырғанын көргендіктен де осылай айтамын. Қаншама сынасақ та, ондағылар көп жұмыс атқарып жатыр. Өкінішке қарай, жұмыстары көріне бермейді. Клубтар да өзінше әрекет етіп жатыр. Біздегі мәселе мынада. Украинадағы элиталы футбол дивизионында бірде-бір мемлекеттік клуб жоқ. Жеке клубтың иесі бір ойыншы тәрбиелеп шығару арқылы өз клубының жылдық бюджеті қамтамасыз ете алатынын біледі. Ал бізде клубтарда мұндай қызығушылық жоқ. Оларға ақшаны бюджеттен ала салған оңай. Әкімдіктен, демеушілерден алады, ал олардан әкімдер «сұрайды». Жарайды, клуб тамаша ойыншы дайындап, соған миллион доллар алды дейік. Ол ақша қайда түседі? Клуб бюджетіне түседі. Ал бюджет мемлекеттікі. - Демек, клубтарды жеке адамдарға беру керек қой? - Солай ету керек. Клубтар жекеше болған кезде клубтың иесі екі ойыншы дайындаса, біреуі бюджетті жабатынын, екіншісінен пайда табатынын біледі. - Мұның өзі біздің бизнесмендер спортқа баруға қорқады дегенді білдіре ме? - Бұл бір ауыр тақырып. Бізде спорттың мәдениетін тіпті көршілеріміздегідей сезіну жоқ. Әлде бір жеңістер керек пе қызығушылықты қозғап жіберетін. Мысалы, біздің теннисшілеріміздің жеңістері сияқты. Бүгінде қаншама бала теннис секцияларына барып жатыр десеңізші. Алматыда сабақтар таңғы 8-ден түнгі 11-ге дейін жүреді. Бәрі балалар. Мен бір жеке теннис клубын білемін. Әр сағаты 5 мың теңге. Сонда да орын жоқ. Бәлкім, спортшылардың осы буынынан жеңімпаздар шығар. УЕФА-ға дейін біздің АФК-да болғанымызды ұмытпау керек. Менің ойымша, біздің Азия футболында жүрген кезімізді тоқырау кезеңі деген дұрыс. Содан бергі 10 жылда не бола қалады дейсіз? Бұл жылдар - тек іргетас қана. Білім жүйесіндегі сияқты. Балабақшадан бірден университетке түсуге болмайды. Яғни сен балабақшада болуың керек, мектепте оқуың керек, жоғары оқу орнында оқып, содан кейін ғана магистратураға түсуің керек. Біз спортта осындай жолды жүріп өтуге тиіспіз. - Өзбек тәжірибесі назар аудартады. Бүгінде олардың ойын деңгейі біздегіден жоғары екендігін мойындауға тура келеді. - Мен 2011 жылдың қаңтарында Ташкентте «Пахтакордың» базасында болғанымда таңғалдым. Жаңылыспасам, алаңының саны 8 ғой деймін. Жеті алаңда балалар, жастар ойнап жатты. Әрине, ондағы ауа райы басқаша. Ал немене, мысалы, Шымкентте ауа райы ондай емес пе? Қазір ең алдымен алаңдар жасаумен, дайындық топтарын құрумен айналысу керек. Бізде футболшы болу үлкен мәртебе деген ұғым орнықпаған. Бразилия мен Испанияда баласы «Мен механик болғым келеді» десе, әкесі: «Мен өмір бойы сенің футболшы болғаныңды армандап едім» дейді. Өз баласының спортшы болғанын қалауы керек ата-ана! Спортшының лауазымды мамандыққа айналуы шарт. Спорт имиджін жақсарту міндетті. Мен біздің Президентіміздің халықтың 30 пайызы спортпен айналыссын деп міндет қойғанына қатты қуандым. Президент міндет қойса, онда іс қозғалады деген сөз. - Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Әнуар ӘБДІРАХМАНОВ

Айқын газеті

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×