Теңбіл доптың теңдессіздері анықталды

11.07.2012, 10:22
Теңбіл доптың теңдессіздері анықталды

Футболдан Польша мен Украинада жалауы желбіреген Еуропа чемпионаты күні кеше өз мәресіне жетті. Десек те, дүйім жұрт айтулы доп додасының қызығы мен шыжығы жайында әлі талай уақыт дамылсыз әңгімелейтіні анық. Расында да бұл көпшілік көңілінен шыққан бәсеке болды. Енді «Еуро - 2012» доп додасын қорытындылайтын кез келді. Еуропа чемпионаты барысында бұған дейін бірде-бір команда өз атағын қорғай алмаған еді. Ондай мүмкіндік 1964 жылы КСРО-да, 1976 жылы ГФР-да болды. Алайда олар келесі жарыста мүлт кетті. Сөйтіп, Испания құрамасы қатарынан екі мәрте «Еуро» додасында дара шыққан тұңғыш команда ретінде тарихта қалды. Қарт құрлықтың басты жарысының ең үздік ойыншысы болып 28 жастағы Испания құрамасының жартылай қо­ғаушысы Андрес Иньеста танылды. Расында да оның шеберлігі еш күмән туғызбайды. 2010 жылы тек аргентиналық Лионель Мессиден ғана қалып қойған Иньеста әлемнің теңдессіз теңбіл доп шеберлері тізімінде екінші орынды олжалаған. Аталған жарыстың бас мергені атағына Испания құрамасының шабуылшысы Фернандо Торрес қол жеткізді. Ол қарсыластар қақпасын үш мәрте дәл көздеді. Сондай-ақ германиялық Марио Гомес, италиялық Марио Балотелли, португалиялық Криштиану Роналду, хорватиялық Марио Манджукич және ресейлік Алан Дзагоевтің еншісінде де үш голдан бар. «Еуро - 2012» додасының шартты құрамасы мынадай: қақпашылар -Касильяс (Испания), Буффон (Италия), Нойер (Германия). Қорғаушылар -Пике (Испания), Куэнтран (Португалия), Лам (Германия), Рамос (Испания), Пепе (Португалия), Альба (Испания). Жартылай қорғаушылар -де Росси (Италия), Джеррард (Англия), Хави (Испания), Иньеста (Испания), Хедира (Германия), Бускетс (Испания), Өзіл (Германия), Пирло (Италия), Алонсо (Испания), Сильва (Испания), Фабрегас (Испания). Шабуылшылар - Роналду (Португалия), Балотелли (Италия), Ибрагимович (Швеция). Бәсекелер Польшаның Варшава, Гданьск, Вроцлав, Познань және Украинаның Киев, Львов, Донецк және Харьков қалаларында өтті. Стадионға жиналғандардың жалпы саны - 1 377 726 адам. Орта есеппен алғанда әр матчты 44 443 көрермен тамашалаған. Ең көп жанкүйер Швеция мен Англия арасында өткен кездесуді көрді. 15 маусым күні Киевтегі «Олимпийский» стадионы 64 640 жанкүйердің басын қосты. Чемпионат барысында 76 гол соғылды. Орта есеппен алғанда әр кездесуде соғылған гол саны - 2,45. Ең нәтижелі ойын - Германия мен Грекия құрамалары арасындағы ширек финал. Бұл бәсекеде 6 гол соғылып, немістер 4:2 есебімен жеңіске жетті. Сондай-ақ тағы үш бәсекеде доп бес рет торда тулады. Ол матчтар мынадай есеппен аяқталды: Ресей-Чехия - 4:1, Дания - Португалия - 2:3, Англия -Швеция - 3:2. Жарыс кезінде тек екі кездесуде ғана есеп ашылған жоқ. Ширек финалда Англия - Италия және жартылай финалда Испания - Португалия құрамалары арасындағы матчтың жеңімпаздарын анықтау үшін пенальтиге жүгінуге тура келді. Ал топтық турнирлердің барлығында кемінде бір голдан болса да соғылды. «Еуро» додасында хет-трик жасаған, яғни қарсыластар қақпасына үш голдан салған бірде-бір футболшы жоқ. Ал бір матч барысында екі реттен мергендік танытқандар арасында Дзагоев (Ресей), Манджукич (Хорватия), Торрес (Испания), Шевченко (Украина), Роналду (Португалия), Алонсо (Испания) және Балотелли (Италия) сынды мергендер бар. Биылғы Еуропа чемпионатында айтарлықтай бір дөрекіліктер болған жоқ. Қазылар тарапынан қызыл қағаз санаулы ғана ойыншыларға көрсетілді. Сондай-ақ осы жарыста бір ғана автогол тіркелді. Оның авторы - Англия құрамасының қорғаушысы Глен Джонсон. Ғалым СҮЛЕЙМЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×