Бұл матчта Исландия құрамасы біздің команданың жанында өзінің әлдеқайда ересек екенін аңғартты. Ларс Лагербектің шәкірттері ешқайда асыққан жоқ, қорғанысқа жатып алып, қарсы шабуылды ғана қару етіп ұстанған жоқ. Кәдімгі өзінің әр сәтте не істей алатынын күні бұрын сезіп, допты қалауынша үйірді. Ең бастысы, олардың қимылынан жеңіске деген сенім қатты байқалып тұрды.
Қазақстан – Исландия – 0:3
Голдар: Гудьонсен, 20, Бьярнасон, 32, 90+1
Қазақстан: Сидельников, Гурман (Қуантаев, 67), Воротников, Абдулин (Щеткин, 80), Логвиненко, Сүйімбаев, Сымақов, Тағыберген, Исламхан, Нұрғалиев (Қонысбаев, 56), Тәжімбетов.
Исландия: Хадльдорссон, Севарссон, Сигурдссон, Бьярнасон, Гудмундссон, Сигторссон (Бедвардсон, 70), Сигурдссон, Арнасон, Гуннарссон (Хадлфредссон, 72), Гудьонсен (Финнбогасон, 83), Скуласон.
Ескерту алғандар: Нұрғалиев, 55, Қуантаев, 70 – Скуласон, 63
Төреші: Т.Сидиропулос (Грекия)
28 наурыз. Астана. «Астана Арена».
13 182 жанкүйер.
Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Красножан ұсынған негізгі құрам көп таңдандырмады. Қорғаныстың оң қапталына Марк Гурманды қойғаны ғана өзгеше қадам болды. Өйткені Гурман қазір «Қайратта» артқы жартылай қорғаушы міндетін атқарып жүр. Ойын барысында қорғанысқа көшуге тура келсе, ол қапталға емес, дәл ортаға шегінеді. Бапкердің бұл жаңалығы қарсыласты тығырыққа тіреді деуге мүлде болмайды. Гурман өз деңгейінде ойнады, өз шебі ашық қалғанда шабуылға тәп-тәуір дем берді. Дегенмен, бұл кездесуде қазақстандықтар қос қанаттан шабуылдауға болатынын мүлде естен шығарып алғандай көрінді. Исландия құрамасы сонша тықсырып тұрмаса да, отандастарымыз қайта-қайта орта тұстан киіп-жарып өтуге тырыса берді. Азат Нұрғалиев екі тарапқа кезек ауысып, аралдықтардың орталық алаңын қойыртпақ жасамақ болған әрекетінен көп ештеңе өнген жоқ.
Исландия әдеті бойынша ойынды зор қарқынмен бастап, гол соғып алуға тырысар деп күткеніміз бекер болды. Аралдықтар қазақ жігіттерінің азусыз шабуылдарын оңай тойтарып, өздері де шабуылды ойлана ұйымдастырып жатты. Мұндайда біздің жүйкенің сыр беретін әдеті емес пе, 20 минутта қақпашы Андрей Сидельников доп-ты тез теппек болып, дәл Йохан Гудмунссонның кеудесіне салып берді. Ол қас қағымда Гудьонсенге пас беріп үлгерді, сөйтіп, есеп ашылды – 1:0. Оқиғаның осылай өрістегені отандастарымызды қатты сансыратты. Олар не істерін білмеді. Жалғыз шабуылшы Дәуренбек Тәжімбетов пен орталық шеп арасындағы алшақтық андағайлап көзге ұрып тұрды. Ұйымдастырушы Бауыржан Исламхан доп іздеп немесе қорғанысқа дем беріп, тылға көбірек қайтуға мәжбүр болды. Ал 32-минутта Гулфи Сигурдссон айып добын әуелеткенде, Илья Воротниковтың «қой» бағудың орнына, неге ой бағып кеткенін түсіну қиын. Абдулиннің тасасынан шыға келген Бир-кир Бьярнасон Воротниковты артта қалды-рып, қақпаға допты еш кедергісіз бағыттады – 2:0.
Бұдан ары да біздің құрама ес жия алған жоқ. Екінші таймда допты ұзақ ұстаған-мен, қақпаға дәл бағыттау көрсеткіші бойынша бәрібір қарсыластан кем түсіп жатты. Сымақов ойынды жақсы «оқып отырды», алайда оның қасындағы Асқат Тағыберген өз орнын исландиялықтардың игілігіне жиі беріп қойды. Асқат бәріне үлгергісі келді, прессинг жасаған тұстары да, шабуылға дем беруі де жеткілікті болды, алайда Гудмунссон мен Бьярнасон кезек алмасып, Гудьонсен арқылы допты біздің айып алаңына жеткізгенде, ол арт жақтан тамашалаушы болып қана отырды. Нұрғалиевті алмастырған Қонысбаев та, Гурманның орнына кірген Қуантаев та ойынымызды ширатты, алайда бәрібір біздің шабуылымыз күшейе қойған жоқ. Отандастарымыз екі рет қақпадан басқа барар жері қалмаған допты дәл бағыттай алмады, әуелгіде Воротников пен Тәжімбетов бір-біріне кедергі жасаса, ойын түгесілер тұста Щеткин қайта-қайта тепкілеп жатып, жарты метрден тоғыта алмады. Абдулиннің бас-пен соққысы бағанаға тиіп, кері серпіл-генде жүрегіміз бір тулап еді, алайда Бьярнасонның соңғы минуттардағы голы қайта жерге қаратты. Исландиялықтар қарсы шабуылды өте жемісті ұйымдастырды. Құрамадағы алғашқы матчын өткізген Қуантаев өз орнына келіп үлгергенмен, орталық қорғаушыларға көмекке асығып, сол қапталдың жалаңаштануын мүмкін етті. Оны жабуға тырысқан Сымақов үлгермеді, Бьярнасонның соққысы жолай Қуантаевтың арқасын жанай өтіп, Сидельников секір-ген бұрышқа емес, сол бұрышқа топ ете қалды – 0:3. Ойын соңынан исландиялықтардың бапкері мойындағандай, бұл гол бізді ғана емес, Исландия құрамасын да қатты таңдандырды.
Айтып-айтпай не керек, жаңа маусымда да Қазақстан құрамасы баяғы соқпақтан алыс кетпегенін тағы ұқтырды. Исландияның жанында біздің жігіттер барын салған балаға ғана ұқсады. Оның аптығы басылуын асықпай күткен қарсылас еркін жеңіске жетіп, топтағы екінші орнын нықтай түсті.
А тобында жаңа жылда алға қадам баспай тұрған біз ғана сияқтымыз. Латвия құрамасы Прагада Чехияны 1:0 есебімен ұтып тұрып, соңғы минутта ғана гол жіберіп алды. Түркия Амстердамда Голландияны тізерлетіп жатып, соңғы секундтарда қаңғыған соққыны қайтара алмады. Бұл жағ-
дайдың бәрі Чехия мен Исландияға қыз-мет етіп жатыр. Чехия 13 ұпаймен топ басында, Исландия 12 ұпаймен өкшелеп келеді. Ал Голландияда 7 ұпай ғана бар. Демек, А тобында чехтар мен исландиялық-тар ешкімге жеткізбей кетуі өте мүмкін.
Қазақстан құрамасы бүгін Мәскеу түбіндегі Химкиде Ресей құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Ал Еуро – 2016 іріктеу кезеңінің келесі ойындары 12 маусымда жалғасады. Бұл күні отандастарымыз Алматыда Түркия құрамасын қабылдайды.