ЕРИЧТІҢ ЕСІ ШЫҚҚАНЫ НЕСІ?

21.02.2015, 18:48
ЕРИЧТІҢ ЕСІ ШЫҚҚАНЫ НЕСІ?
Есей ЖЕҢІСҰЛЫ
Қазақстан құрамасы биылғы алғашқы матчын Түркияда өткізіп, тең нәтиже көрсетті. Екі құрама да матч алдында бір­қатар ойыншыларын түрлі себептермен ойынға қатыстыра алмаған-ды.
Қазақстан – Молдова – 1:1
Голдар: Щеткин, 48 – Гацкан, 54. Ескерту алғандар: Логвиненко, 52, Қожамберді, 79 – Жардан, 43. Қазақстан: Ерич, Әлиев, Абдулин (Малый, 46), Воротников, Логвиненко, Сүйімбаев (Шомко, 46), Сымақов (Богданов, 52), Дарабаев, Нұрғалиев (Қожамберді, 74), Қонысбаев (Исламхан, 46), Щеткин. Молдова: Чебану, Раку, Пошмак, Головатенко, Жардан, Ерхан, Онике (Кожакарь, 57), Гацкан (Георгиев, 85), Пикущак (Богю, 46), Шептине (Раца, 57) Сидоренко (Дедов, 57). Төреші – А.Николаев (Ресей) 18 ақпан. Анталия (Түркия).  «Мардан» стадионы. Жолдастық кездесу Қазақстан құрамасы биылғы алғашқы матчын Түркияда өткізіп, тең нәтиже көрсетті. Екі құрама да матч алдында бір­қатар ойыншыларын түрлі себептермен ойынға қатыстыра алмаған-ды. Соған қа­рамастан, командалардың бас бапкерлері көп эксперимент жасады, алдағы ресми ойын­дардың тактикасын әзірледі. Мол­дова құрамасы 4 күн бұрын Румыниядан 0:2 есебімен ұтылғандықтан, бұл кездесуде дұрыс нәтижеге қол жеткізуді міндет санады. Бұған дейін Қазақстан мен Молдова 3 рет жолдастық кездесу өткізіп, 2 рет – мол­довалықтар, 1 рет біздің отандастар же­ңіске жеткен болатын. Қос құрама әлі де ресми ойындарда күш сынасып көрген жоқ. Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Красножан негізгі құрамға көп өзгеріс жасай қоймапты. Қақпа кілті «жаңа қазақ» Ненад Еричке сеніп тап­сырылды. Қорғаныста бұрынғы тактика өзгеріссіз: ортада Воротников-Абдулин-Логвиненко үштігі орналасса, қос қаптал­дан Пірәлі Әлиев пен Сүйімбаев орын тапты. Бапкердің Әлиевке сенім артуы біраз ойландырғаны рас. Өйткені Пірәлі 2007 жылдан бері құрама есігін ашқан емес. Соңғы жылдары «Ордабасыда» ой­нап, негізгі құрамға да көп ілінген жоқ. 2014 жылғы маусымда ол шымкенттіктер сапында бар болғаны 10 матчқа қатысып, оның жетеуін ғана толық өткерді. Биыл Әлиев «Ертіске» ауысты. Кім біледі, Черы­шевтің қол астында оның бағы қайта жанар... Ақиқатын айту керек, Қазақстан қақпасына гол соғылғанда, дәл осы Әлиев Гацканның қайшылап тебуіне мүмкіндік беріп қойды. Орталық алаң Сымақов пен Дарабаев­тың иелігіне берілді, ал Қонысбаев пен Нұрғалиев екі қанаттан шабуылдады. «Астанаға» биыл ауысқан Щеткин жалғыз өзі шабуыл өтінде жүрді. Бірінші тайм есте қаларлықтай болған жоқ. Әрине, екі құраманың футболшылары да маусымға жаңа кірігіп жатыр. Сон­дықтан «көктемгі футболдың» көріністері көп болғаны да түсінікті. Азат Нұрғалиев айып добын шебер орындап, оны Чебану құстай ұшып барып «тоғыздықтан» алып шыққаны болмаса, қарсыластар ойынды негізінен алаң ортасында өткізді. Екінші таймда Қонысбаевты алмас­тырған Исламхан алаңның әр тұсынан бір бой көрсетіп, молдовандарды әжептәуір састырды. Бауыржанның сондай бір сәтте андыздап келгенін сасқалақтаған Посмак допты өз қақпашысына қайырмақ болды. Орта жолдан киліккен Щеткин Чебануды жолда қалдырып, әдемі соққымен есеп ашты. Міне, осыдан кейін біздің құрама қарқынын бәсеңдетпеуге тиіс еді. Ке­рісінше, молдовандар күшейіп, есепті көп ұзатпай теңестіріп кетті. Гол болар сәтте Еричтің бір емес, екі рет өте сенімсіз ойнағанын атап өтуге тиіспіз. Айып алаңына орташа биіктікте жеткен допты тас қып ұстап алудың орнына, Ненад екі ретте де жұдырығымен емес, алақанымен сыртқа қақты. Бұл сәттерде қауіптің бұлты сейілгенмен, кейінгісінде қонақтар бізді аяған жоқ. Көтерілген айып добына Ерич бірінші шықса керек еді, алайда ол сы­зықта ойнауды жөн көрді, бір емес, үш қорғаушымыздан сытылған допты Әлиевті таптап барып, Гацкан қақпа төрінен бір-ақ шығарды. Шынын айтқанда, бұл тұста Қазақстан құрамасының қорғаныс шебі «ай қарап, жұлдыз санап» отырғаны рас еді. Абдулинді алмастырған Малый да, Богюді аңдыған Логвиненко да эпизодқа тікелей араласа алған жоқ. Еричтің қол сілтеуге ғана шамасы жетті. Бұдан әрі отандастарымыз басым ойнады. Исламхан Нұрғалиевтен тамаша пас алып, сол аяғымен қақпадан асыра тепті, Логвиненко мен Шомко да ша­буылға жиі дем берді. Алайда ойын со­ңына дейін есеп өзгерген жоқ. – Біз қорғаныста сауатты ойнай білдік. Дегенмен, стандартты жағдайда гол жі­бе­ріп алдық. Шабуылды аяқтау үшін соң­ғы пас жетіспеді. Бұдан бір жыл бұрын Лит­вамен тең ойнағанда, футболшы­ларымыз қуанып еді, бүгінгі тең ойынға өкініп отыр. Демек, өсіп келеміз. 28 нау­рыз­да Ас­танада Ис­лан­диямен өтетін ойын алдында біраз мә­селелерді жадымызға түйіп алдық. Алдағы бір ай уақытты тиімді өткізуге тырысамыз, – деді Юрий Красножан.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×