Сенбі-жексенбінің маңызды ойындары

21.02.2015, 07:07
Сенбі-жексенбінің маңызды ойындары
Еуропаның барлық үздік чемпионаттары демалыс күндері әдеттегідей кезекті турын өткізеді. Матчтар тізіміне үңілсек, топ-клубтар арасындағы кездесулер де, бір қаланы екіге бөлетін дерби де жоқ екен. Бірақ, назар аударарлық ойындар бар. Англияда маусымның жаңалығы "Саутгемптон", ес жиып келе жатқан "қызылдармен" кездессе, Германияда екінші айналымның үздік командасы "Шалькеге" қонаққа бармақ. "Саутгемптон"-"Ливерпуль". 22-ші ақпан. "Cент-Мэрис" стадионы. 22:15 "Арсенал" мен "Тоттенхэмды" Чемпиондар Лигасының аймағына жолатпай, "Манчестер Юнейтедтен" тур өткен сайын үшінші орнын тартып алып жүрген Рональд Куманның "Саутгемптоны" алыптардың жолын бөгеп жүр. Осы жылы өз алаңында "Арсеналдан" 90 минут бойы басым болып 3 ұпайды еншіледі, Челсидің 2 ұпайын тартып алды, "Олд Траффордта" "қызыл сойқандарды" тізе бүктірді. Жазда негізгі футболшыларынан айырылған "Саутгемптонды", маусым ортасынан асқанда Еуропа Лигасының емес, Чемпиондар Лигасының орнына таласып жатады деп кім ойлаған? Осы маусымда төртінші орыннан төмен түспеді. "Саутгемптон" мен "Ливерпульдің" арасы бүгінде 4 ұпай. 6 ұпай үшін болатын матч осыны айтса керек. Алаң иелері жеңсе, "Ливерпульдің" енді қуып жетуі қиын. Ал, "Ливерпуль" жеңсе жүлделі орындарға таласар мүмкіндігі күрт артпақ. Бұл кездесуде Куман командасының басымдылығы бар. Өз алаңында ойнайды, онымен қоса бейсенбі күні туркиялық "Бешикташ" "Энфилд"  қожайындарының бар күшін алды. Дегенмен, маусым басындағы дағдарыстын кейін, ес жиып өз-өзіңе келген "Ливерпульдің" жеңілмегеніне де бір ай уақыт өтті. Роджерс команданың бойына маусым басында жоғалған тұрақтылықты әкелді. Сондықтан болжам жасауға, анық фаворитті сенімді нұсқауға қиын соғатын кездесу болып тұр. "Сент-Этьен"-"Марсель" 23-ақпан. "Жеффруа Гишар" стадионы. 02:00 Франция чемпионатының алтынына 3 команда таласып жатыр. "Лион", "ПСЖ" және "Марсель". Білікті, әрі қаталдығымен ерекшеленетін, былтыр ғана "блаугрананы" баптаған Тато Мартиноның ұстазы саналатын, "есінен адасқан" деген лақап атқа ие болған Марсело Бьелса келгелі еурокубоктік орындардан айырылған "Марсель" бүгінде көш басында. Алайда, бұл команданың осал тұсы қонақта нашар ойнауы. Жексенбі күні Бьелса шәкірттерін қиын ойын күтіп тұр. 4-ші орындағы "Сент-Этьенге" қонаққа барады. "Жасылдар" бір кездері Францияның үздік ұжымдардың қатарында болып, уақыт өте келе ортаң қол командағa айналып кетті. Ал, 2-3 маусымнан бері Еуропа Лигасына жолдама берер орындардан түспей жүр. Жыл сайын, осы турнирде Францияның намысын қорғайды. Осы маусымда үштікке енуге дәмелі. Әрине, "Лион", "Марсель", "ПСЖ" бар кезде қиынға соғатыны түсінікті. Дегенмен, осы үшеуінің әрбір сүрінісін аңдитын ұжымға ұпай қысқартар зор мүмкіндік туып тұр. Ол үшін "Марсельден" келген қонақтарды жеңуі тиіс. "Шальке 04"-"Вердер" 21-ші ақпан. "Велтинс-Арена" стадионы. 20:30 "Шальке" - "Вердер". Анонс и прогноз матча "Бавария", "Вольфсбург" емес, "Вердер"-Бундеслигадағы екінші айналымның үздік командасы. Желтоқсан айының басында соңғы орында тұрған команда, украиналық маман Виктор Скрипник келгелі адам танымастай өзгерді. "Вердердегі" футболшылар тізіміне қарасақ, кем дегенде Еуропа Лигасының орнына таласар команда. Қаржы дағдарысына ұшыраған клуб футболшыларының бойынан сенімділік кеткен еді. Скрипник ең бірінші осыны қалыпқа келтірді. Оны алаңдағы нәтижелерден көріп жүрміз. Команда бірінші гол өткізсе де, бұрынғыдай езіліп, жаншылмайды. Екіншіден қорғаныстың жамауын жамады. Әйгілі Томас Шааф кезіндегі басты күшті шабуылға жұмсайтын футболды қайтарды. "Ди Матеоның" "Шалькесі" жұмбақ команда. Нашар ойында да, сәттіліктің арқасында жеңісті еншілеп жатады. Қалай екенін түсінбейсің. Осы маман келгелі бері, "Шалькенің" бірде-бір сенімді жеңісін көрген емеспін. Әйтеуір, төртінші орынға жайғасқан. Чемпиондар Лигасының орнына таласуда деген атағы бар. Бұл кездесуде "Вердер" жеңсе, үздік төрттікке әбден жақындайды. Жеңуі ғажап емес, команда бес ойын қатарынан жеңіске жетіп келе жатыр. Екіншіден қарсылас апта ортасында Чемпиондар Лигасында матч өткізіп, шаршағаны былай тұрсың, команда сапы да осал. Шабуылдағы негізгі қаруы Клас Ян Хунтелаар 6 ойынға Бундеслигадағы матчтардан шеттетілген. Фарфан, Дракслер, Обаси секілді шабуылға дем берер футболшыларда жарақат. Сондықтан, бұл ойынның қорытындысы қонақтар пайдасына болады деген сенім бар. Фараби ӘБДІХАЛЫҚ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×