Футболдан Қызылорданың «Қайсар» клубының бастығы Алаш Өтеуішев отбасылық жағдайына байланысты қызметінен кетті. Енді бұл жұмысты 29 жастағы белгілі балуан Ермек Көкетов жалғастырады.
А.Өтеуішев 2009 жылы жергілікті ұжымның тізгінін ұстаған. Өткен жылы «Қайсар» бірінші топта доп тепті. Екінші орын алып, премьер-лигаға қайта оралды. Алайда команданың биылғы ойын өрнегі өте сүреңсіз. Тоғыз турдан кейін небәрі бес-ақ ұпай жинады. Турнир кестесінде ең соңғы орында тұр. Сол себепті команданың бұрынғы басшысының қызметтен кетуі түсінікті жағдай екені белгілі.
Қызылордалық жанкүйерлер Е.Көкетовті грек-рим күресінің шебері болғанын ұмыта қойған жоқ. Ол – аталмыш күрес түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2005 жылы әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алған. Үш жыл бұрын Азия чемпионатында осындай табыс биігінен көрінді. Ол 1982 жылы 8 маусымда Сыр өңірінің Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Бұған дейін еліміздің бокс федерациясында менеджер қызметін атқарды.
Бұрынғы балуан, бұған дейін бокс саласында жұмыс жасаған Ермек енді «Қайсарды» өрге сүйрей ала ма? Жергілікті жанкүйерлерді ең алдымен ұжымның тағдыры ойландырып тұр.