«Ертіс» ерлеп тұр

03.08.2012, 02:57
«Ертіс» ерлеп тұр
Печать
 Қазақстан біріншілігінің кезекті тур ойындары өтті. Осы кездесулердің қорытындысы бойынша, көш басындағы командалар турнир кестесіндегі орындарымен алмасты. Өзге ұжымдар енді «Ертістің» соңынан ереді. Қостанайдың «Тобылы» Астанада тең ойнауы себебінен 2- сатыға сырғыды. Ал өткен жылғы еліміз чемпионатының күміс жүлдегері «Жетісудың» жағдайы өте мүшкіл.
Осы турдағы кездесулердің қоры­тындысына толығырақ тоқталып өтсек. Көпшілік назарын өзіне аудартқан ойын­ның бірі Таразда өтті. Жергілікті команда жуырда ғана УЕФА Чемпиондар лига­сынан шығып қалған ел чемпионы - «Шахтерды» қабылдаған еді. Бұл ойынды тамашалаған жанкүйер қауым голға тек соңғы минуттар барысында ғана куә болды. Алдымен тараздықтар сапын биыл толықтырған нигериялық шабуыл­шы Обиора Одита мергендік танытып, алаң иелерін алға шығарды. Есеп ашылған сәтте, кездесудің 85-минуты өтіп жатқан болатын. Алайда қонақтар жылдам қарымта қайырды.Олар арада алты минуттай өткенде Мақсат Байжановтың көмегімен таразы басын теңестіріп кетті. Сөйтіп, турнир кестесінде қатар тұрған бұл екі ұжымның арасындағы ұпай айыр­машылығы бұрынғысынша қалды. Есте­ріңізге салайық, «Шахтер» қазіргі уақытта 32 ұпаймен кестенің 3-сатысында келеді. Одан кейінгі орындағы «Тараздың» енші­сін­де 29 ұпай бар. «Астана» мен «Тобыл» арасындағы кездесу де көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл ойындағы алғашқы голды біраз уақыт «Астананың» намысын қорғап, өзінің сүйікті ұжымы «Тобылға» қайтып оралған Нұрбол Жұмасқалиев соқты. Ол кездесудің 38-минутында қақпа кілтін тапты. Бірақ астаналықтар да көп ұзамай, 40- минутта-ақ есепті теңеді. Тараз футбол мектебінің түлегі Ұлан Қонысбаевтың соққысына «Тобыл» қақпашысы Ненад Эрич тосқауыл бола алмады. Есеп - 1:1. Осы кездесуден кейін «Тобыл» турнир кестесінде 2- сатыға төмендеді. Өйткені көш басына «Ертіс» шыққан еді. Кереку өңірінің командасы бұл турды Алматыда өткізді. Қарсыласы Қаскелеңнің «Сұңқары» болды. Орталық стадионда өткен матчта жалғыз гол соғылды. Бірінші кезекте қорғаныс шебінің мығымдығымен ерекшеленетін «Сұңқар» кездесудің 41- минутында гол жіберіп алды. Нәтижелі соққыны «Ертістің» малилік қорғаушысы Мамуту Кулибали тіркеді. Бұл кере­ку­ліктердің қатарынан төртінші жеңістері. Жалпы, «Ертіс» командасы жеті ойыннан бері жеңіліп көрген жоқ. Биылғы маусымды өте сүреңсіз өткізіп жатқан команданың бірі - сөз жоқ, «Жеті­су». Талдықорғандық ұжым маусым бас­талар тұста жүлдеге таласатындардың қатарында аталатын. Бірақ қазіргі уақытта «Жетісу» турнир кестесінің соңында салпақтаумен келеді. Норвегияның «Русенборгына» жол беріп қойып, биылғы еурокубоктық бәсекеден сырт қалған «Ордабасы» кері­сін­ше осы маусымды сәтті өткізуде. Қарт құрлықтың кубоктық жарысында тосын сый жасай жаздаған шымкенттіктер ел чемпионатының алғашқы айналымында «Жетісуды» 4:1 есебімен ойсырата ұтқан. Бұл жолы да «Ордабасы» футболшылары талдықор­ғандықтарды жерге қаратып кетті. Матч­та­ғы жалғыз голды 47- минутта Роман Па­холюк енгізді. Мұның алдында «Же­ті­судың» легионері Данило Белич пенальти­ден мүлт кетіп, алаң иелері тамаша мүмкіндіктен көз жазып қалды. Осы кездесуден кейін «Ордабасы» коман­дасы «Астана» мен «Ақтөбені» басып озып, 29 ұпаймен турнир кестесінің 5- сатысына жайғасты. Шымкенттіктердің бар болғаны 16 кездесу өткізгенін де айта кетейік. Ал Талдықорғанның ұжымы құлдыра­ған үстіне құлдырап бара жатыр. Өткен турда «Таразды» сырт алаңда ұтып, жан­күйерлерін бір қуантып қойған «Жетісу» тағы да үйреншікті әуеніне басқан сияқты. Бұл ұжымның құрамы да соншалықты осал емес, бюджеті де қомақты, бірақ не қара басқаны белгісіз, жолы оңғарылмай келеді. Қызылордада «Қайсар» мен «Қайрат» шеберлік байқасты. Бұл екі команда да турнир кестесінде қатар келе жатқан еді. Сондықтан өзара маңызды бәсекеде то­қай­ласты. Бірінші таймда өте сақ ойнаған командалар үзіліске 0:0 есебімен шықты. Ал ойынның екінші жартысы бірден нәтижелі басталды. Алдымен қонақтар дәл соққы жасады. Жас футболшы Илья Калинин мергендігімен көзге түсті. Әйтсе де алаң иелері жанталаса жүріп, кездесудің 77-минутында таразы басын теңеді. Жасұлан Молдақараевтың алыстан бағыттаған добы Равиль Нұрмұхаметовті сан соқтырды. Есеп - 1:1. Қазіргі уақытта бұл екі ұжымның еншілерінде 19 ұпайдан бар. Турнир кестесінің сәйкесінше 10 және 11-сатыларында тұр. Бабы шаппай, бағы ашылмай жүрген командалардың бірі - «Оқжетпес» тағы да ұтылды. Көкшетау өңірінің ұжымы бұл турда «Атырауға» қонақ болған еді. Мұнайлы өлкенің футболшылары біразға дейін бой бермеген «Оқжетпестің» осал тұсын кездесудің 79-минутында тапты. Гол авторы - Артем Фомин. «Оқжетпестің» бұл биылғы біріншіліктегі 14-жеңілісі. Соңғы рет көкшеліктер 27 мамырда өз алаңдарында «Таразды» ұтқан болатын. Одан соң 24 маусымда «Қайратпен» тең ойнады. Міне, сол кезден бергі уақытта «Оқжетпес» футболшылары өз жанкүйер­лерін қуанта алмай келеді. Қазақстан премьер-лигасындағы ке­зек­ті ойындар 5 тамызда өтеді. Онда мына ко­мандалар өзара шеберлік байқа­сады: «Шахтер» - «Атырау», «Оқжетпес» - «Ас­тана», «Тобыл» - «Сұңқар», «Ертіс» - «Қайсар», «Қайрат» - «Ақтөбе», «Ақ­жай­ық» - «Жетісу», «Ордабасы» - «Тараз». Шалқар ЕСТЕН 
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×