ЕУРО-2012. «ЕУРОПАЛЫҚ» БРАЗИЛИЯ

26.05.2012, 00:45
ЕУРО-2012. «ЕУРОПАЛЫҚ» БРАЗИЛИЯ
Биылғы жазда Польша мен Украинада өтетін футболдан ХІV Еуропа чемпионатына қатысушы 16 құраманы таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз. Бүгінгі әңгіме «В» тобының төртінші өкілі – Португалия құрамасы туралы. Ұзақ күттірген табыс   Португал футболы кейінгі жыл-дарға дейін Еуропада жетекші орындардан көріне алмай келді. Рас, елдің Африкадағы бұрынғы отары – Мозамбиктен шыққан «қара маржан» Эйсебионың арқасында ХХ ғасырдың 60-жылдары бір жарқ етіп, жұрт назарын өзіне аударды-ақ. Бірақ «Бенфиканың» қос табысы (лиссабондық клуб 1961 және 1962 жылдары қатарынан екі рет УЕФА Чемпиондар кубогын ұтып алған-ды) мен ұлттық құраманың әлемдік доп додасындағы қола жүлдесі (1966 жылы) болмаса, жетістіктер сериясы сол күйі жалғасын таппады. Еуропа чемпионаттарында да аталмыш ел құрамасы ұзақ жылдар бойы финалдық кезеңге шыға алған жоқ. 1960 жылы өткен алғашқы құрлықтық доданың ширек финалында Югославиядан жеңілген (2:1 және 1:5) португалдықтар келесі жарыстың 1/16 финалында-ақ Болгариядан өте алмады (3:1, 1:3, қосымша матчта 0:1). Іріктеу кезеңі бұрынғыдай екі ойыннан ғана тұратын олимпиялық емес, топтық жүйеге көшкен соң да олардың жағдайы жақсармады. 1968 жылғы чемпионаттың ақтық сынына барар жолда тағы да болгарларға жол берген Португалия құрамасы одан кейінгі турнирлерде екі рет Бельгияның (1972 және 1980), бір рет Чехословакияның тегеурініне төтеп бере алмай, өз тобындағы екінші, кейде үшінші орындарда қалып қойды. Ұлт футболының кезекті серпілісі 80-жылдардың ортасына дөп келді. 1984 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу сатысында португал құрамасы КСРО, Польша, Финляндия командаларымен бір топқа түсті. Жарысты қос жеңіспен (финдерді сырт алаңда 2:0, поляктарды Лиссабонда 2:1 есебімен ұтты) бастаған олар 1983 жылдың 27 сәуірінде Мәскеуде таза масқараға ұшырады – 0:5! Елдің футбол федерациясы бразилиялық бас бапкер Отто Глорияны орнынан алып, құрама тізгінін оның отандасы Фернанду Кабритаға сеніп тапсырды. Алда – үш ойын бар еді. Финалдық кезеңге жолдама алу үшін соның бәрін ұту керек-тін. Финляндияны 5:0, Польшаны 1:0 (Вроцлавта) есебімен тізе бүктірген португалдықтар шешуші ойында КСРО құрамасын қабылдады. Кеңес футболшыларын тең ойын да қанағаттандырса, алаң иелері үшін жеңіс ауадай қажет еді. Жалпы алғанда тең дәрежеде өткен матчтың тағдырын 44-минутта француз төрешісі Конрат қабылдаған күмәнді шешім шешіп кетті: алаң иелерінің шабуылшысы Шалананы қорғаушы Боровский айып алаңына бір метрдей қалғанда шалып жыққанымен, матчтың бас қазысы 11 метрлік нүктені нұсқады (Жордао пенальтиден мүлт кеткен жоқ). Финалдық турнирде Румынияны ұтып, ГФР және Испания командаларымен тең түсіп, топтан тағы озып шыққан Португалия құрамасы жартылай финалда жарыстағы ең үздік команда – Францияға кәдімгідей төтеп берді. Есепті айып добын дәл соққан француз қорғаушысы Домерг ашқанымен, негізгі уақыт бітуге 15 минуттай қалғанда Жордао таразы басын теңестіріп үлгерді. Қосымша уақыттың 8-минутында португалдық шабуылшы тағы бір әдемі соққысымен өз командасын алға шығарды. Алаң иелері жан ұшыра алға ұмтылды да… өз қақпасына үшінші голды жіберіп ала жаздады: абырой болғанда қақпашы Батс қырағылық танытып, Фернанду Гомиштің соққысын нысанаға дарытпады. 115-минутта Домерг қақпаны тағы бір дәл көздеп, бір күнде Францияның құтқарушысына айналды. Дегенмен, нағыз құтқарушы – Платини еді. Қосымша уақыттың соңғы секундтарында ол Тигананың тамаша пасын пайдаланып, командасын финалға алып шықты. Португалдықтар қола жүлдені иеленді. Алтынсыз қалған «алтын буын»   1988 және 1992 жылдардағы Еуропа чемпионаттарына Португалия құрамасы тағы да бара алмады: іріктеу кезеңінде Италия мен Голландия алға озып кетті. Есесіне, одан кейінгі біріншілікте «Еуропалық Бразилия» деген айдарды еншілеген португалдықтар теңбіл допты ұршықша иірген әсем ойынымен бүкіл әлем жанкүйерлерін тәнті етті. Алайда олар топ жеңімпазы атанғанымен, ширек финалда Чехиядан жеңіліп қалды (0:1). Ал 2000 жылғы додада бас бапкер Умберту Коэлью баптаған команда Англия (3:2), Румыния (1:0), Германия (3:0), Түркия (2:0) сынды қарсыластардың бірінен соң бірін талқандап, жартылай финалға дейін жетті. Мұнда оларды баяғы «құныкерлері» – француздар күтіп тұрды. Ойын тағы да өте тартысты өтті, командалар бір-бірін жеңе алмай, тағы да қосымша уақыт берілді, шешуші гол тағы да соңғы сәтте соғылды: 117-минутта Анридің соққысы қақпа алдына көлденеңдей жығылған Абел Шавьердің қолына тиді де, төреші 11 метрлік белгілеп, Зидан оны мүлтіксіз орындады (жалпы француздар – Португалия үшін өте қолайсыз қарсылас, екі жақ 2006 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында да кездесіп, ойын тағдырын тағы да Зидан соққан пенальти шешкені жанкүйерлердің естерінде болар).
Португалия Еуропаның оңтүстік-батысында орналасқан мемлекет. Халқының саны – 10 миллион 110 мың адам. Жер аумағы – 91 951 шаршы шақырым. Мемлекеттік тілі – португал тілі. Астанасы – Лиссабон қаласы (545 мың адам тұрады). Португалия футбол федерациясы 1914 жылы құрылған. ФИФА-ға 1923 жылдан, УЕФА-ға 1954 жылдан бері мүше. 5 әлем чемпионатының (1966, 1986, 2002, 2006, 2010), 5 Еуропа біріншілігінің (1984, 1996, 2000, 2004, 2008) финалдық турниріне қатысқан. Әлем чемпионатының қола жүлдегері (1966). Еуропа чемпионатының 1 дүркін күміс (2004), 2 дүркін қола жүлдегері (1984, 2000).   EURO ТАРИХЫНДАҒЫ ТАҢДАУЛЫ… футболшы: Луиш Фигу команда: Португалия-2000 матч: Португалия – Англия – 3:2 (ЕЧ-2000) Бас бапкер Умберту Коэлью (ЕЧ-2000)   Ойындар кестесі: 9 маусым. Львов. Германия – ПОРТУГАЛИЯ 13 маусым. Львов. Дания – ПОРТУГАЛИЯ 17 маусым. Харьков. ПОРТУГАЛИЯ – Голландия
  Пиреней түбегіндегі оймақтай елдің футбол әуесқойлары келесі турнирді асыға күтті. Өйткені, 2004 жылғы Еуропа чемпионаты Португалияда өтетін-ді. Ұлттық құрама жарысқа сақадай сай жетті. Оның тізгінін 2002 жылы Бразилияға әлем футболының алтын тәжін кидірген бапкер Луиз Фелипе Сколари ұстады. Алайда команда алғашқы ойында-ақ… Грекиядан ұтылып қалды! Мұндай күтпеген нәтижеге қарамастан португалдықтар өз жанкүйерлерінің керемет қолдауына сүйене отырып, келесі кездесулерін жинақы өткізді. Ресей мен Испанияны тізе бүктірген соң ширек финалда Англиямен белдесті. Бұл – осы турнирдегі ең мазмұнды матч еді. 2:2 есебімен тең аяқталған ғажайып бәсекенің шырқау шыңы – ойыннан соңғы пенальти сериясында алаң иелерінің асығы алшысынан түсті. Жарыс барысында бауырын жаза түскен Сколаридің шәкірттерін жартылай финалда Голландия да тоқтата алған жоқ. Ақыры Лиссабонның «Да Луж» стадионындағы ақтық сында алаң иелері сол баяғы өздерін сүріндіргенімен шектелмей, ақырын басып, анық жүріп, әйтеуір финалға іліккен гректермен тоқайласты. Тағы да португалдықтар басым ойнады, тағы да гректер шебер қорғанумен болды да, сирек қарсы шабуылдың бірінде гол соғып кетті. Луиш Фигу мен Руй Кошта бастаған «алтын буын» сөйтіп құрама деңгейінде ешқандай турнирде жеңімпаз атана алмай, күміс жүлдені місе тұтты. Басты үміт –Криштиану Роналду   Кейінгі доп додаларында португал командасы тіпті жүлде маңына да жуыған жоқ: 2008 жылы ширек финалда Германияға жол берсе, 2010 жылы 1/8 финалда болашақ әлем чемпионы Испаниядан ұтылды. Соңғы сәтсіздіктен соң ұлттық құраманы жаттықтыруға жас маман Паулу Бенту шақырылды. Іріктеу сынында Даниядан кейінгі 2-орынды иеленген Португалия қосымша матчтарда Босниядан басым түсіп (6:2, 0:0), Польша мен Украинаға жолдама алды. Жеребе П.Бентудің командасын аяған жоқ, олар Голландия мен Германия бастаған «өлім» тобына түсті. Тағы бір қарсылас – Даниямен португалдықтар былтырғы іріктеу ойындары арқылы жақсы таныс, бірақ оның да мықты ұжым екені айдан анық. Сонда да жанкүйерлер мен мамандар ұлттық құрамадан үмітін үзбейді. Жалпы алғанда команданың негізгі құрамы белгілі. Қақпада – Руй Патрисиу («Спортинг»), қорғаныс шебінде – Жоау Перейра («Спортинг»), Бруну Алвеш («Зенит», Ресей), Пепе және Фабиу Коэнтрау (екеуі де – «Реал», Испания), алаң ортасында – Жоау Моутинью («Порту»), Мигэл Велозу («Дженоа», Италия), Раул Мейрелеш («Челси», Англия), қос қапталда – Луиш Нани («Манчестер Юнайтед», Англия) мен Криштиану Роналду («Реал», Испания), шабуыл өтінде – Угу Алмейда («Бешикташ», Түркия) немесе Элдер Поштига («Сарагоса», Испания). Әрине, жанкүйерлердің негізгі үміті әлемдегі үздік футболшылардың бірі – Криштиану Роналдуда екені түсінікті. Сондай-ақ таңдаулы 23-тің тізіміне ілігуге Силвиу («Атлетико», Испания), Роланду («Порту») секілді қорғаушылардың, Рикарду Куарежма («Бешикташ», Түркия), Карлуш Мартинш («Гранада», Испания), Рубен Аморим («Брага») сынды жартылай қорғаушылардың, Нуну Гомиш («Брага»), Сильвестре Варела («Порту») тәрізді шабуылшылардың мүмкіндігі мол. Ал бас бапкермен жанжалдасып қалған қос қорғаушы – Жозе Босингва («Челси», Англия) мен Рикарду Карвальюдің («Реал», Испания) Еuro-2012-ге бару-бармауы әзірге белгісіз. Егер жария түрде жаттықтырушыдан кешірім сұраса, кім біледі, П.Бенту Польша мен Украинаға екеуін ерте кетуі де ғажап емес…   Сәкен Сыбанбай, «Sport» газеті
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×