ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ ДОП ТЕУІП ЖҮР

26.05.2012, 00:44
ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВ ДОП ТЕУІП ЖҮР

Жалпы, қазақ – ырымшыл халық. Жақсының атын хаттай сақтаған, ұл-қыздарына өнеге еткен. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан Тұрарлар мен Сәкендер, Сәбиттер мен Ғабиттер – сол алыптардың сарқыты. Олардың ізін ала елінің атын шығарған ер Бауыржандар мен Қасымдар, Талғаттар мен Рахымжандар. Бүгінде екінің бірі осылай аталса, сол ағаларындай жүрек жұтқан батыр болсын дегендік шығар.

Қазақ бұрын да, бүгінде де жау жүрек ұландары мен алып күш иелерін, өнері өрге басқан өрендерін құрмет тұтып, әлі күнге дейін олардың есімдерін жанында, жадында ұстайды. Үлгі етеді. Әлгінде айтқандай, есімдерін елге елеулі, халыққа қалаулы болсын, солардың жолын берсін деп, ардақ тұтады, үрім-бұтағына «болмаса да ұқсап бақсын», – деп аттарын беріп жатады.

        Бір Момышұлының өзі қазақ жұртшылығының бірнеше ұрпағына үлгі-өнеге болғанын, әлі де әнұрандай атой салып келе жатқанын бүкіл Қазақстандағы Бауыржан есімді азаматтардың аттарымен дәлелдеу қиын емес шығар, әсілі. Таяуда sports.kz сайтында жарияланған бір мәліметке сүйенсек, «жай» Бауыржандарды былай қойып, спортшы, оның ішінде футболшы, яғни тек премьер-лигада ойнайтын алты Бауыржанды тізіп шығыпты. Біз оған тағы бес футболшыны қостық. Сонымен Исламхан, Байтана, Шерхан БАУЫРЖАН (үшеуі де – «Тараз»), Қадыров («Тараз», қосалқы топ), Жолшиев («Тобыл»), Тұрысбек («Сұңқар»), Омаров («Ақжайық»), Тәңірбергенов («Қайрат», қосалқы құрам) және Дастановтар («Қайсар») – бүгінде премьер-лигада тәп-тәуір өнер көрсетіп, елдің көзайымы болып жүрген оғландар. Қосалқы құрамға бір көз жүгіртіп көріп едік, онда да батыр ата атын алған Сейсенбеков («Астана») деген тағы бір аяқ доп шебері бар болып шықты. Бірінші топта Бауыржан Наурызбаев («БолатАМТ») деген азамат ойнайды екен. Бұл – бер жағы, біздің көзімізге іліккені ғана. Қазір аяқ допта тіпті бірнеше Нұрсұлтанның да бақ сынап жүргенін көрдік: Олжағалиев, Мәдиев (екеуі де – «Атырау», қосалқы құрам),  Нүсіпов («Қайрат», қосалқы құрам), Нұржігіт («Ақбұлақ», бірінші топ). Елдің бағына туған Елбасының аттастары бір бұл ғана емес шығар. Бірақ біз тек футбол төңірегін ғана «шиырлап» отырмыз. Бірінші топта өнер көрсететін Екібастұз қаласының «Екібастұз» командасында Олжас Сүлейменов ойнап жүр. Қазақтың көрнекті ақынының есімін иеленген басқа да бірнеше футболшы бой көрсетіп қалыпты: бірінші топта өнер көрсетіп жүрген Олжас Спанов, Олжас Керімжанов (екеуі де – «Ақбұлақ»), Олжас Алтаев («Ақтөбе-жас») секілді аяқ доп шеберлерінің ойынына жерлестері дән риза. Ал «Қайрат» атауы туралы сөз басқа. «Қайрат» «Қайрат» болғалы, қазақ футболының көшін бастап, басына бақ қонғалы қазақ даласында қаншама Қайрат есімді сәбидің дүние есігін ашқанын бүгінде ешкім дөп басып айтып бере алмас еді. Кезінде Қазақ КСР Футбол федерациясын басқарған марқұм Заманбек Нұрқаділовтің «Қайрат» командасының басынан бақ тая бастаған бір тұста, оның капитаны Қайрат Аймановқа: «Айналайын Қайрат, сен өз атыңның қайдан шыққанын білесің бе? Сенің атың да, затың да осы «Қайратпен» байланысты. Қазақтың қаншама азаматы баласын «Қайраттай» қайратты болсын деп Қайрат атаған. Соның ішінде мен де бармын, сенің әкең де бар. Ендеше сенің жаман ойнауға қақың жоқ!», – деп ел алдында басын салбыратып қойып ұрысқаны әлі есімде. Сол Қайрат бүгінде белгілі спорт маманы, ал Заманбек көкемнің ұлы белгілі шенеунік. Шынында да, ол кезде Қазақстанда бәйгеге үкілеп қосқан жалғыз «Қайратымыздың» жаман ойнауға құқы да, қақы да жоқ еді. Қазір де әр команда өз ойыншыларына дәл осындай талап қойса әрі әр команданың аты адам баласына рух беріп тұратын биік болса, ешкім жаман ойнамас еді-ау деп ойлайсың кейде. Футболшылар арасында әлі де Қайраттар көп. Нұрдәулетов («Астана»), Әшірбеков («Ордабасы»), Өтебаев («Ертіс»), Иманалин («Ақтөбе-жас», бірінші топ)... Кезінде елді өрге сүйреген команданың сол кезгі құдіретін айтыңыз.

    Қазақ футболының төлбасы, аты аңызға айналған Тимур Сегізбаевтың есімін арқалап жүргендер ше? Ондайлар да аз емес: Молдағалиев, Қалмұратов (екеуі де – «Сұңқар»), Сахметов («Ақжайық»), Бахридин («Астана»), Досмағамбетов («Оқжетпес»), Байжанов («Ертіс») және Дощановтар («Қайсар») да Тимур.

Бүгінде қыздардың да аяқ допқа таласа бастағанын жетістікке балап жүрміз. Жаһанданудың әсері болар бұл. Халықаралық жарыстарда өнер көрсететін құрама командамыз да бар. Керемет болмаса да, өз әлінше доп теуіп жүр. Құрамада қазақ қыздары аз емес. Олардың аты-жөніне көз жүгірте қойсаңыз, халық арасындағы қазақ әдебиетінің ықпалын терең сезінуге мәжбүр боласыз. Әсіресе, ұлы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» әлі елдің есін алып, еліттіріп жүргеніне көз жете түседі. Абай хакім сүйген Әйгерімнің атынан басқасын қайдам, бір ғана футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы арасынан көргенде таңдана қоймассыз. Дегенмен бірден төрт бірдей Әйгерімді кездестіріп әрі олардың бәрі де қорғаушы екенін көріп, бұл Құдайдың құдіретіне шек қоя алмассыз. Әйтімова («Астана-64»), Әлімбозова, Әлімқұлова (екеуі де – СШВСМ-Қайрат) және Бисембаевалардың аттары да Әйгерім.

    Енді алдағы ұрпақ осыларға қарап өседі, осыларға қарап бой түзейді. Алда – Лондон Олимпиадасы, осы додалы бәсекеге бара жатқандар арасында қаншама белгісіз есімдер жүр. Ертең солардың аты айдай әлемге жария болмақ. Жеңіс тұғырынан көрінген жерлестеріміздің артынан сол есімді алып жүрген талай сайыпқырандар жас өскіндей қаулап шығатын шығар, 15-16  жыл көлемінде. Д.ДҮЙСЕБАЙ

алаш арена

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×