Биылғы жазда Польша мен Украинада өтетін футболдан ХІV Еуропа чемпионатына қатысушы 16 құраманы таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз. «А» тобының командалары (Польша, Грекия, Ресей, Чехия) туралы толық баяндап біттік. Бүгінгі әңгіме «В» тобының көшбасшысы – Голландия құрамасы жайында болмақ.
Голландия құрамасы қатарынан үш ірі додадан (ӘЧ-1982, ЕЧ-1984, ӘЧ-1986) сырт қалған соң, елдің футбол одағы қайтадан баяғы Ринус Михелске қолқа салды. Ардагер жаттықтырушы команда құрамына көп өзгеріс енгізген жоқ, бірақ ұжымдаса ойнауды ширата түсті. Келесі Еuro-1988-дің іріктеуінде ғаламат нәтиже көрсеткен Голландия финалдық турнирге жолдама алды. Батысгерман жасыл алаңдарында өткен доданың өзін олар сәтсіз бастағанымен (КСРО-дан ұтылды, 0:1), бірте-бірте бауырын жаза түсіп, ағылшындарды 3:1, Ирландия құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Мұнда оларды 1974 жылы қапы қалдырған неміс командасы күтіп тұр еді. Бұл ойын тура сол баяғы финалдың керісінше көшірмесіндей болды. Осыдан 38 жыл бұрын голландықтар пенальтиден есеп ашса (Йохан Неескенс), бұл жолы алғашқы голды 11 метрліктен немістер соқты (Лотар Маттеус). Ол кезде таразы басын немістер пенальти арқылы теңестірсе (Пауль Брайтнер), бұл жолы голландықтар да сөйтті (Рональд Куман). Және бір ұқсастық: шешуші голды тағы да жеңімпаздың сапындағы бас мерген (ол кезде Герд Мюллер, қазір Марко ван Бастен) қақпаға енгізді. Есеп 89-минутқа дейін 1:1 боп тұрды да, жұрт «қосымша уақыт белгіленеді-ау» дегенше болған жоқ, ван Бастен сол қапталдан тасталған доп-ты құлап бара жатып қақпаға бағыттап үлгерді – 2:1!
Турнирдің бастапқы ойынындағы сәтсіздіктен сәл секем алып қалса керек, финалда КСРО құрамасына қарсы голландықтар өте сақ ойнады. Алғашқы жарты сағат өткен соң ғана олардың адымы ашылды. 35-минутта Рууд Гуллит жақын жерден баспен ұрып, есеп ашты. Екінші таймда ван Бастен өзінің әйгілі «ғасыр голын» соқты: Ари Мюреннің әуелетіп берген пасын оң қапталда, қақпаға тым қиғаш тұрып қабылдаған ол допты жерге түсірместен ғаламат соққымен Ринат Дасаев қорғаған қақпаның торын бүлк еткізді. Кеңес футболшылары еңсе түсірген жоқ, тынбай шабуылдаумен болды, бірақ қақпашы Ханс ван Брекелен тамаша ойнады, тіпті Игорь Беланов тепкен пенальтиді де ұстады. Сөйтіп, қорғаушылар Франк Райкаард, Рональд Куман, Адри ван Тиггелен, Барри ван Аэрле, жартылай қорғаушылар Ари Мюрен, Ян Ваутерс, Рууд Гуллит, Эрвин Куман, шабуылшылар Марко ван Бастен, Геральд Ваненбургпен және басқалармен бірге голланд футболына алғашқы (және әзірге соңғы) «Күміс құмыраны» алып берді.
Р.Михелс пен оның жігіттері бұл ерлігін 1992 жылы да қайталауға әзір еді, бірақ жартылай финалдағы пенальти сериясында Даниядан ұтылып қалды. Жалпы пенальти – голланд құрамасының негізгі «бас ауруларының» бірі. Бұдан кейінгі бірнеше турнирде де (ЕЧ-1996, ӘЧ-1998, ЕЧ-2000) оларды жүлдеге қол созым қалғанда осы футбол лотереясы сорлатумен болды. Соңғы әлем чемпионатында да мәселе сол пенальтиге барып тірелуі ғажап емес еді, бірақ финалдық бәсекенің 116-минутында испандық Андрес Иньеста шешуші голды соғып үлгерді.
Көз сүйсіндірер құрам
Оңтүстік Африкада күміс жүлдені әперген бас бапкер Берт ван Марвейк әлі де команда тізгініне ие. Арада екі жыл өткеніне қарамастан, ол сол сайыпқыран құрамды аса көп ауыс-түйіске ұшырата қойған жоқ. Командамен қос ардагер қорғаушы – Джованни ван Бронкхорст пен Андре Ойер қош айтысты, қалған мықтылар түгел сапта.
Қақпа кілтін сол мундиаль қа-һармандарының бірі – Мартен Стеке-ленбург («Рома», Италия) мықтап ұстаған. Алайда осыдан бірер ай бұрын жарақаттанып қалған оның маусым айына дейін өз бабына келер-келмесі белгісіз. Ондай шетін жағдайда бапкерлер Михел Ворм («Суонси», Уэльс) мен Тим Крул («Ньюкасл», Англия) секілді қақпашылардың біріне сенім артуы мүмкін. Екеуі де биыл ерекше қырағылығымен көзге түсіп жүр.
Қорғаныс шебінің орта тұсын әлі де сол баяғы Йорис Матейсен («Малага», Испания) мен Джон Хейтинга («Эвертон», Англия) торуылдайды. Оң қапталдағы жас талант Грегори ван дер Вильдің («Аякс») орны да әзірге нық. Ал сол қанатты іріктеу ойындарында Вюрнон Анита («Аякс»), Эрик Питерс (ПСВ) және Рон Влар («Фейеноорд») кезектесіп иеленді. Финалдық турнирде ван Марвейк бұлардың қайсысына сенім артатын кім білсін…
ГОЛЛАНДИЯ Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан мемлекет (Нидерланды деп те атала береді). Халқының саны – 16 миллион 358 мың адам. Жер аумағы – 41 526 шаршы шақырым. Мемлекеттік тілі – нидерланд тілі. Астанасы – Амстердам қаласы (780 мың адам тұрады). Нидерландтың Корольдік футбол одағы 1899 жылы құрылған. ФИФА-ға 1904 жылдан, УЕФА-ға 1954 жылдан бері мүше. 9 әлем чемпионатының (1934, 1938, 1974, 1978, 1990, 1994, 1998, 2006, 2010), 8 Еуропа біріншілігінің (1976, 1980, 1988, 1992, 1996, 2000, 2004, 2008) финалдық турниріне қатысқан. 1988 жылғы Еуропа чемпионы, 4 рет қола жүлдеге (1976, 1992, 2000, 2004) ие болған. Әлем чемпионатының 3 дүркін күміс жүлдегері (1974, 1978, 2010). EURO ТАРИХЫНДАҒЫ ТАҢДАУЛЫ… футболшы: Марко ван Бастен команда: Голландия-1988 матч: Голландия – Англия – 3:1 (ЕЧ-1988) символикалық құрама: Бас бапкер Ринус Михелс (1988, 1992) Ойындар кестесі: 9 маусым. Харьков. ГОЛЛАНДИЯ – Дания 13 маусым. Харьков. ГОЛЛАНДИЯ – Германия 17 маусым. Харьков. Португалия – ГОЛЛАНДИЯГолландия құрамасы кейде 4-3-3 үлгісіне ауысқанымен, негізінен 4-2-3-1 тактикалық жүйесіне адалдығын танытып келеді. Мұндағы қос артқы жартылай қорғаушының міндетін Марк ван Боммел («Милан», Италия) мен Найджел де Йонг («Манчестер Сити», Англия) секілді тәжірибелі шеберлердің атқарары сөзсіз. Алайда, Кевин Строотман (ПСВ), Стейн Схаарс («Спортинг», Португалия) тәрізді жас перілер де қажет кезде оларды алмастыра қоюға сақадай сай. Ал шабуылға дем берушілердің ішінде басты үміт Уэсли Снейдер («Интер», Италия), Рафаэль ван дер Варт («Тоттенхэм», Англия), Джорджино Вейналдум (ПСВ) қатарлы ойыншыларға артылары айқын. Сондай-ақ голланд футболы қашанда қаптал шабуылшыларымен әйгілі. Әсіресе, Арьен Роббен («Бавария», Германия), Дирк Кейт («Ливерпуль», Англия), Ибрахим Афеллай («Барселона», Испания) сынды жігіттер команданың ойын өрнегін өзгеше түрлендірері хақ. «Қызғалдақтар елі» командасы үнемі қарсы қақпаның алдында жүретін орталық шабуылшыларға кенде емес. Робин ван Перси («Арсенал», Англия), Клаас-Ян Хунтелаар («Шальке», Германия), Люк де Йонг («Твенте») – бұлардың қай-қайсысы да құралайды көзге атқан сұрмергендер. Мұндай ұжыммен кез келген қамалды алуға қасқая кірісуге болады. Оның үстіне, Голландия құрамасы алтыннан алқа тақпағалы да ширек ғасырға жуықтапты. 2010 жылы олар тұғырға бір-ақ қадам жетпей тоқтады. Бәлкім, «қызғалдақтар» биыл барынша жайқала түсер…
«Sport» газеті