Сэр Алекс Де Хеаға сенім артады

06.04.2012, 02:23
Сэр Алекс Де Хеаға сенім артады
Ағылшын прьемер-лигасында «МЮ» көш басында келеді. Әрине, команданың жоғары көрсеткішке жетуіне командалық ойын мен ойыншылардың шеберлігі, және де бапкер сэр Алекс Фергюсонның еңбегі мол. Дәл осылай ойын өрнегін жалғастырар болса, чемпиондық атақтың да  ауылы  алыс емес секілді. Сэр Алекс ойыншыларына үлкен сенім артып отыр, әсіресе қақпашы Давид де Хеаның келешегіне үлкен үмітпен қарайды.      Манкуниандықтар сапында қазіргі таңда екі қақпашы бар. Оның бірі – Андерс Линдергаард болса, екіншісі – испандық Давид де Хеа. Әсіресе соңғысы кейінгі ойындарда  шеберлігімен танылуда. «Қызыл сойқандар» биылғы маусымда атақты қақпашы Эдвин ван дер Сар кеткеннен кейін, өздеріне лайықты голкипер іздеген болатын. Бұл сында да бапкердің көрегенділігі таңқаларлық. Ол өзінің бір сұхбатында: “Эдвиннің орнын ауыстыру әрине қиын. Тәжірбиелі қақпашы шығару үшін де бізге  біраз уақыт керек. Алайда біз Эдвиннің орнына жас ойыншы қарастырамыз, және де біз тапқандаймыз да. Ол – Давид де Хеа. Ол өте талантты қақпашы, келешегінен үлкен үміт күттіреді” – деген болатын. Жақында ғана «Блэкберн» командасымен болған ойында ерекше көзге түскен ойыншыны мамандар жоғары бағалады.Міне, сол Давид де Хеа туралы не білеміз? Давид де Хеа Кантана 1990 жылдың 7 қарашасында Мадридте дүниеге келген. Бойы 192 см, салмағы 82 кг. Мадридтік «Атлетико» клубының түлегі. 2009 жылдың 30 қыркүйегінде негізгі құрамға еніп, аталған ұжым сапында 2010 жылы Европа лигасын, UEFA суперкубогын иеленген. Бұл жігіттің Испания жастар құрамасында да алатын орны ерекше. Ол осыған дейін 17 жасқа дейінгі жастар арасында құрама сапында 2007 жылғы Еуропа чемпионы, жастар арасында әлем чемпионатының жүлдегері, 2010 жылғы 21 жасқа дейінгі жастар арасында Еуропа чемпионатының жеңімпазы болған. Бұл атақтардың өзі бұл жігітке біраз тәжірбие жинап, ысылғанын аңғартатындай. 2011 жылдың жазында манкуниандық командамен 5 жылға келісім-шартқа отырды. Бүгінгі таңда «қызыл сойқандардың» негізгі қақпашысына айналды. Сэр Алекс Фергюсон атақты қақпашы Эдвин ван дер Сар орнын басар ойыншыны дөп тапқандай. Келешегінен көп үміт күттіретін бұл ойыншыға қызығушылықтың арта түсетіні де сөзсіз.

Өмірбек  Сансызбай

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×