ЕУРО-2012. «ҚЫЗҒАЛДАҚТАР» ЖАЙҚАЛАР ШАҚ

04.04.2012, 23:21
ЕУРО-2012. «ҚЫЗҒАЛДАҚТАР» ЖАЙҚАЛАР ШАҚ

Биылғы жазда Польша мен Украинада өтетін футболдан ХІV Еуропа чемпионатына қатысушы 16 құраманы таныстыруды әрі қарай жалғастырамыз. «А» тобының командалары (Польша, Грекия, Ресей, Чехия) туралы толық баяндап біттік. Бүгінгі әңгіме «В» тобының көшбасшысы – Голландия құрамасы жайында болмақ.

Біресе Люксембург, біресе Мальта… Елдің ұлттық құрамасы екінші дүниежүзілік соғысқа дейін-ақ екі әлемдік доп додасына қатысып үлгергенімен, Голландия футболы өткен ғасырдың 70-жылдарына дейін Еуропада жетекші орынға шыға алған жоқ. Іріктеу сындарында кейде тіпті өзінен әлдеқайда әлсіз қарсыластардан да өте алмай жүрді. Мәселен, 1964 жылғы Еuro-ның 1/8 финалында голландықтар өзінің оймақтай ғана көршісі – Люксембургтен таяқ жеп, күллі әлемге күлкі болды (1:1 және 1:2)… Ал 70-жылдары голланд футболы өзіне бүкіл әлемді ғашық етті. Бас бапкер Ринус Михелс кілең «Аякс» пен «Фейеноорд» ойыншыларынан құралған ұлттық команданы мүлде жаңа тактикалық тәсілдермен қаруландырды. Допты ұйымдаса тартып алу, жасанды офсайд, қорғаныста да, шабуылда да ойын барысына қарай әр футболшының бір-бірінің орнын басып ойнай беруі – басқалар үшін әлі таңсық еді. Мұндай «ұйымдастырылған берекесіздікке» қарсы ештеңе жасай алмай, пұшайман болғандар шетінен жеңіле берді. Сөйтіп, алаңдағы 11 ойыншының да қатысуын қажет ететін «тұтасқан футбол» дүниеге келді. Голландықтар сол кездің өзінде-ақ 3-5-2 үлгісімен ойнады. Вим Сурбиер қорғаныстың оң қапталын қадағалады, Руди Крол сол қанатты тастай ғып бекітті. Ортада қажет кезде олардың қателігін түзетуге әзір Ари Хаан жүрді. Орталық алаңдағы үш Вим – ван Ханегем, Янсен және Райсберген тылдың тыныштығына көбірек көңіл бөлді, ал қос Йохан – Кройф пен Неескенс негізінен шабуылшыларға (Джонни Реп пен Роб Ренсенбринк) қол ұшын беріп, ойынды ұйымдастырушылар еді. Әйтсе де, 1974 және 1978 жылғы әлем біріншіліктерінде Голландия құрамасы күміс жүлдені қанағат тұтты. 1976 және 1980 жылғы Еуропа чемпионаттарында да «қызғалдақтар елінің» футболшылары алтын жүлдеден бас-ты үміткерлердің бірі болды. Алайда алғашқысында қолаға ғана қол жеткізсе, кейінгісінде тіпті топтан да шыға алмады. Ал 1984 жылғы құрлық додасының іріктеу сынынан олар мүлде қызық жағдайда өте алмай қалды. Бірінші орын үшін талас испандықтар мен голландықтар арасында өрбіп, жарыс соңында қос жүйрік бірдей ұпай жинап, турнир кестесінде қатар тұрды. Енді екеуінің де бір-бірден ойыны қалды: екеуі де Мальтаны қабылдайды. Жұрттың бәріне ұпай үлестіріп жүрген шағын арал-мемлекеттің футболшылары 1983 жылғы желтоқсанның 17-сінде Роттердамда қонақта болып, 0:5 есебімен ұтылды. Бұдан соң осы айдың 21-інде Севильяда өтетін соңғы матч алдында Испания құрамасының жағдайы тіптен қиындап кетті. Жо-жоқ, Мальтаны жеңу олар үшін түк емес-ті, қиыны – аса ірі есеппен ұту. Өйткені, 13 ұпай жинаған Голландияның доп айырмасы – 22:6, ал 11 ұпайы бар испандықтарда ол көрсеткіш әлдеқайда нашар – 12:7. Демек, ұпай тең болған жағдайда, доп айырмасы жағынан Голландия басым болғалы тұр. Оны басып озу үшін бұлар Мальтаны 11 доп айырмасымен талқандау керек. Мұндай «қиял-ғажайып ертегіге» сен-беген голландықтар нәтижеге онша алаң-дамай, финалдық турнирдің жеребесіне дайындала бастады. Бірақ… Севильядан жеткен сенсациялық ақпарат оларды ғана емес, бүкіл Еуропаны есінен тандыра жаздады: Испания – Мальта – 12:1!   Жан дегендегі жалғыз алтын Голландия құрамасы қатарынан үш ірі додадан (ӘЧ-1982, ЕЧ-1984, ӘЧ-1986) сырт қалған соң, елдің футбол одағы қайтадан баяғы Ринус Михелске қолқа салды. Ардагер жаттықтырушы команда құрамына көп өзгеріс енгізген жоқ, бірақ ұжымдаса ойнауды ширата түсті. Келесі Еuro-1988-дің іріктеуінде ғаламат нәтиже көрсеткен Голландия финалдық турнирге жолдама алды. Батысгерман жасыл алаңдарында өткен доданың өзін олар сәтсіз бастағанымен (КСРО-дан ұтылды, 0:1), бірте-бірте бауырын жаза түсіп, ағылшындарды 3:1, Ирландия құрамасын 1:0 есебімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Мұнда оларды 1974 жылы қапы қалдырған неміс командасы күтіп тұр еді. Бұл ойын тура сол баяғы финалдың керісінше көшірмесіндей болды. Осыдан 38 жыл бұрын голландықтар пенальтиден есеп ашса (Йохан Неескенс), бұл жолы алғашқы голды 11 метрліктен немістер соқты (Лотар Маттеус). Ол кезде таразы басын немістер пенальти арқылы теңестірсе (Пауль Брайтнер), бұл жолы голландықтар да сөйтті (Рональд Куман). Және бір ұқсастық: шешуші голды тағы да жеңімпаздың сапындағы бас мерген (ол кезде Герд Мюллер, қазір Марко ван Бастен) қақпаға енгізді. Есеп 89-минутқа дейін 1:1 боп тұрды да, жұрт «қосымша уақыт белгіленеді-ау» дегенше болған жоқ, ван Бастен сол қапталдан тасталған доп-ты құлап бара жатып қақпаға бағыттап үлгерді – 2:1! Турнирдің бастапқы ойынындағы сәтсіздіктен сәл секем алып қалса керек, финалда КСРО құрамасына қарсы голландықтар өте сақ ойнады. Алғашқы жарты сағат өткен соң ғана олардың адымы ашылды. 35-минутта Рууд Гуллит жақын жерден баспен ұрып, есеп ашты. Екінші таймда ван Бастен өзінің әйгілі «ғасыр голын» соқты: Ари Мюреннің әуелетіп берген пасын оң қапталда, қақпаға тым қиғаш тұрып қабылдаған ол допты жерге түсірместен ғаламат соққымен Ринат Дасаев қорғаған қақпаның торын бүлк еткізді. Кеңес футболшылары еңсе түсірген жоқ, тынбай шабуылдаумен болды, бірақ қақпашы Ханс ван Брекелен тамаша ойнады, тіпті Игорь Беланов тепкен пенальтиді де ұстады. Сөйтіп, қорғаушылар Франк Райкаард, Рональд Куман, Адри ван Тиггелен, Барри ван Аэрле, жартылай қорғаушылар Ари Мюрен, Ян Ваутерс, Рууд Гуллит, Эрвин Куман, шабуылшылар Марко ван Бастен, Геральд Ваненбургпен және басқалармен бірге голланд футболына алғашқы (және әзірге соңғы) «Күміс құмыраны» алып берді. Р.Михелс пен оның жігіттері бұл ерлігін 1992 жылы да қайталауға әзір еді, бірақ жартылай финалдағы пенальти сериясында Даниядан ұтылып қалды. Жалпы пенальти – голланд құрамасының негізгі «бас ауруларының» бірі. Бұдан кейінгі бірнеше турнирде де (ЕЧ-1996, ӘЧ-1998, ЕЧ-2000) оларды жүлдеге қол созым қалғанда осы футбол лотереясы сорлатумен болды. Соңғы әлем чемпионатында да мәселе сол пенальтиге барып тірелуі ғажап емес еді, бірақ финалдық бәсекенің 116-минутында испандық Андрес Иньеста шешуші голды соғып үлгерді.   Көз сүйсіндірер құрам Оңтүстік Африкада күміс жүлдені әперген бас бапкер Берт ван Марвейк әлі де команда тізгініне ие. Арада екі жыл өткеніне қарамастан, ол сол сайыпқыран құрамды аса көп ауыс-түйіске ұшырата қойған жоқ. Командамен қос ардагер қорғаушы – Джованни ван Бронкхорст пен Андре Ойер қош айтысты, қалған мықтылар түгел сапта. Қақпа кілтін сол мундиаль қа-һармандарының бірі – Мартен Стеке-ленбург («Рома», Италия) мықтап ұстаған. Алайда осыдан бірер ай бұрын жарақаттанып қалған оның маусым айына дейін өз бабына келер-келмесі белгісіз. Ондай шетін жағдайда бапкерлер Михел Ворм («Суонси», Уэльс) мен Тим Крул («Ньюкасл», Англия) секілді қақпашылардың біріне сенім артуы мүмкін. Екеуі де биыл ерекше қырағылығымен көзге түсіп жүр. Қорғаныс шебінің орта тұсын әлі де сол баяғы Йорис Матейсен («Малага», Испания) мен Джон Хейтинга («Эвертон», Англия) торуылдайды. Оң қапталдағы жас талант Грегори ван дер Вильдің («Аякс») орны да әзірге нық. Ал сол қанатты іріктеу ойындарында Вюрнон Анита («Аякс»), Эрик Питерс (ПСВ) және Рон Влар («Фейеноорд») кезектесіп иеленді. Финалдық турнирде ван Марвейк бұлардың қайсысына сенім артатын кім білсін…
ГОЛЛАНДИЯ Еуропаның солтүстік-батысында орналасқан мемлекет (Нидерланды деп те атала береді). Халқының саны – 16 миллион 358 мың адам. Жер аумағы – 41 526 шаршы шақырым. Мемлекеттік тілі – нидерланд тілі. Астанасы – Амстердам қаласы (780 мың адам тұрады). Нидерландтың Корольдік футбол одағы 1899 жылы құрылған. ФИФА-ға 1904 жылдан, УЕФА-ға 1954 жылдан бері мүше. 9 әлем чемпионатының (1934, 1938, 1974, 1978, 1990, 1994, 1998, 2006, 2010), 8 Еуропа біріншілігінің (1976, 1980, 1988, 1992, 1996, 2000, 2004, 2008) финалдық турниріне қатысқан. 1988 жылғы Еуропа чемпионы, 4 рет қола жүлдеге (1976, 1992, 2000, 2004) ие болған. Әлем чемпионатының 3 дүркін күміс жүлдегері (1974, 1978, 2010).   EURO ТАРИХЫНДАҒЫ ТАҢДАУЛЫ… футболшы: Марко ван Бастен команда: Голландия-1988 матч: Голландия – Англия – 3:1 (ЕЧ-1988) символикалық құрама: Бас бапкер Ринус Михелс (1988, 1992)   Ойындар кестесі: 9 маусым. Харьков. ГОЛЛАНДИЯ – Дания 13 маусым. Харьков. ГОЛЛАНДИЯ – Германия 17 маусым. Харьков. Португалия – ГОЛЛАНДИЯ
Голландия құрамасы кейде 4-3-3 үлгісіне ауысқанымен, негізінен 4-2-3-1 тактикалық жүйесіне адалдығын танытып келеді. Мұндағы қос артқы жартылай қорғаушының міндетін Марк ван Боммел («Милан», Италия) мен Найджел де Йонг («Манчестер Сити», Англия) секілді тәжірибелі шеберлердің атқарары сөзсіз. Алайда, Кевин Строотман (ПСВ), Стейн Схаарс («Спортинг», Португалия) тәрізді жас перілер де қажет кезде оларды алмастыра қоюға сақадай сай. Ал шабуылға дем берушілердің ішінде басты үміт Уэсли Снейдер («Интер», Италия), Рафаэль ван дер Варт («Тоттенхэм», Англия), Джорджино Вейналдум (ПСВ) қатарлы ойыншыларға артылары айқын. Сондай-ақ голланд футболы қашанда қаптал шабуылшыларымен әйгілі. Әсіресе, Арьен Роббен («Бавария», Германия), Дирк Кейт («Ливерпуль», Англия), Ибрахим Афеллай («Барселона», Испания) сынды жігіттер команданың ойын өрнегін өзгеше түрлендірері хақ. «Қызғалдақтар елі» командасы үнемі қарсы қақпаның алдында жүретін орталық шабуылшыларға кенде емес. Робин ван Перси («Арсенал», Англия), Клаас-Ян Хунтелаар («Шальке», Германия), Люк де Йонг («Твенте») – бұлардың қай-қайсысы да құралайды көзге атқан сұрмергендер. Мұндай ұжыммен кез келген қамалды алуға қасқая кірісуге болады. Оның үстіне, Голландия құрамасы алтыннан алқа тақпағалы да ширек ғасырға жуықтапты. 2010 жылы олар тұғырға бір-ақ қадам жетпей тоқтады. Бәлкім, «қызғалдақтар» биыл барынша жайқала түсер…

Сәкен Сыбанбай

«Sport» газеті

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×