Еуропада доп теуіп жүргенімізге – 10 жыл

27.04.2012, 23:09
Еуропада доп теуіп жүргенімізге – 10 жыл
Мансұр ХАМИТ (фото)
Мансұр ХАМИТ (фото) Кеше Қазақстан футболының Еуропа футбол қауымдастықтары одағы (UEFA) құрамына енгеніне 10 жыл болды. 2001 жылы Қазақстан футбол одағы Азия футболы конфедерациясының (AFK) құрамынан шығып, УЕФА сапына өтуге ниет білдіріп, емеурін танытты. Сол жыл­дың 12 желтоқсанында УЕФА Атқару ко­ми­теті көпшілік дауыспен Қазақстан футбол одағын өз құрамына алу жөнінде УЕФА конгресіне ұсыныс жасау туралы шешім қабылдады. Ал 2002 жылдың 25 сәуірі күні Сток­гольмде өткен УЕФА конгресі Қазақстан футбол одағын Еуропа футбол қауым­дастықтары одағы (UEFA) құрамына қа­был­дады. Бұл қуанышты хабар қазақ жеріне лезде жетіп, отандық футбол жан­­­күйер­­лері «ақ түйенің қарны жарылды» деп мәз болды. Өйткені біз Азия футболы конфедерациясында доп теуіп жүргенімізде әділетсіздіктерге тап болып, тауымыздың шағылған кездері де болған. Еуропа бізді жоғары деңгейімен, футбол шаруа­шы­лығын сауатты жүргізуімен, балалар фут­болына айрықша көңіл бөлетіндігімен, әр жас шамасындағы ұлттық құрамалар арасындағы додалардың көптігімен қы­зық­тырды. Темірдей қатал тәртібі мен әділеттілігі де елітті. Ал қол жетпес арман­дай болған өте тартысты Еурокубоктың додалары мүлде дегбірімізді алды. Осылай, 2002 жылы УЕФА құрамына алынып, арманымыз орындалған. Содан бері 10 жыл зулап өте шығыпты. 2002 жыл­дың 7 шілдесінде ұлттық құрамамыз УЕФА туы астындағы ең алғашқы ойынын өткізіп, Эстония құрамасымен болған матчта 1:1 есебімен тең түсті. Бұл кездесу Алматыда өткен болатын. 18 шілде күні Астананың «Жеңісі» Чем­пиондар лигасы додасындағы алғашқы кездесуін өткізіп, Еурокубоктардағы тұ­сауы­мызды кесті. Тираспольдің «Шериф» клубымен түзде өткен бірінші ойында 1:2 есебімен ұтылып қалып, 25 шілде күні өз алаңында 3:2 есебімен есе қайтарды. Бірақ Еурокубоктарда түзде соққан голдың бағасы жоғары болып есептелетіндіктен, түзде екі гол соққанының арқасында келесі кезеңге «Шериф» шықты. Содан бері қазақ футболы көптеген өзгеріске ұшырады. Ел футболын дамыту үшін көптеген іс қолға алынды. Тіпті 2004 жылы 12 тамыз күні Қазақстан футбол одағының Атқару комитеті өзінің кезекті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың футболымыздың құрметті Президенті болғанын жариялады. Ал 2007 жылдың қаңтар айында Қа­зақстан футбол одағы Қазақстан футбол федерациясы болып өзгертілді. Осы 10 жылда не өзгерді, не болды? Оның бәрін жіпке тізе берсек, соңына бүгін жетпеспіз. Өйткені осы 10 жылда қыруар шаруаның қолға алынып, солардың көбінің жүзеге асырылғаны анық. Футболымыз қарыштап дамып кетпесе де, көшін жүре түзеп келеді. Өйткені дамыған елдердің алға ұзап кеткен футболын бірден қуып жету мүмкін емес. Осы ретте УЕФА құра­мындағы 10 жылымызды қысқаша қо­рытындылау үшін Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Саян Ха­­­мит­­­жановтың сөздеріне құлақ түргеніміз жөн болар: – Бұл 10 жылдағы тірлігімізді үш үлкен оқиғалар желісіне бөлуге болады. Біріншісі – инфрақұрылымдық. Міне, екі жылдан асты, біздің ұлттық құрамамыз өз ойын­дарын елордамыздың символдарының біріне айналған сәулетті «Астана-Арена» ста­дионында өткізеді. Біз осы спорттық кешенімізді, шынымен де, мақтан тұтамыз. Өркендеуіміздің маңызды бағыттарының бірі құрама командаларымыз жаттығатын «Талғар» базасын салуымыз болды. Қазіргі заман талабына сай барлық жағдай жа­салған осы базада ұлттық құрамадан бас­тап, жеткіншектер арасындағы құра­мамызға дейін барлық жас шамасындағы құрама командаларымыз жаттығады. Екінші желіміз – ағарту. Қазақстан фут­бол федерациясының техникалық орта­лығы ашылған. Онда барлық деңгейдегі жаттықтырушыларды дайындап шыға­рамыз. Тіпті УЕФА-ның бапкерлік білім беру саласындағы ең жоғарғы дәрежелі, кез келген Еуропа клубтары мен ұлттық құ­рамаларға бас бапкер болуға құқық бе­ретін PRO-санатты жаттықтырушыларды да дайындап шығарамыз. Қазақстан – PRO-санатты жаттықтырушыларды оқытып шығаруға құқық алған посткеңестік кеңіс­тіктегі үшінші мемлекет. Осы техникалық орталық бұқаралық және аймақтық футболды да қамтып, әуесқой коман­даларды жаттықтыра алатын «С» лицен­зиялы жаттықтырушылар әзірлеп шығара бастады. Қазір тіпті футболшы­лардың күш-қуатын нығайтатын (физи­калық тұрғыда дайындайтын) мамандарды оқыта бастады. Сондай-ақ клубтық маркетинг пен медиа-рилейшнз негіздері саласында семинарлар өткізіліп, УЕФА тарапынан дәріс берушілер тартылып, бұл бағытта да жүйелі түрде жұмыстар атқарыла бас­тады. Үшінші желі – спорттық. Біздің құрама командаларымыз бен клубтарымыз УЕФА құрамына қабылданғалы Еуропаның үздік командаларымен ойнау мүмкіндігіне ие болды. Батыстың азулы командаларымен бірге додаға түсіп, шеберліктерін шыңдай бастады. Осы орайда Германия, Англия, Португалия, Түркия, Хорватия, Грекия, Украина секілді деңгейі жоғары құ­ра­малармен кездескенімізді айта кеткім келеді. Осындай деңгейі жоғары коман­далармен өткен матчтарда ғана ысылып, жетіле түсеміз ғой. Ал біздің жан­күйер­леріміз әлем футболының жарық жұлдыз­дарын өз көздерімен көре бастады. Біздің қосарымыз, 28 сәуір күні баста­латын жасөспірімдер арасындағы «Қазақ­стан Республикасының Президенті кубогы» халықаралық турнирі осы 10 жылды­ғы­мызға арналады. Автор: Нұрғазы САСАЕВ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×