Классиконың керегі жоқ

26.04.2012, 18:11
Классиконың керегі жоқ

Осы аптаның басында миллиондардың махаббатына айналған футбол өнерінің тағы бір керемет үздік дәстүріндегі тартысты тамашаладық. Түн ұйқымызды төрт бөлген Чемпиондар лигасының жартылай финалдық кездесулері көптеген жанкүйерлерді ұйқыдан бөлек, мазадан да айырған секілді. «Классико» деп бағаланып жүрген «Барса» мен «Реалдың» теке тіресін финалда көрмейтін болдық. Дей тұрғанмен «кәрі құрлықта" олардан да жақсы ойнайтын командалар бар екен.

Алғашқы жартылай финалдық теке тірестің жауапты ойыны «Ноу Камп» стадионында өтті. Футболдың небір фантастикалық, қиял-ғажайып ертегілері орын алған бұл стадионда «Челсидің» бағы жанды. Ойынның 70 минутында доппен болған «Барселона» ағылшынның ақсүйектеріне бір гол соға алмады. Осыдан екі маусым бұрын барлығы керісінше болып, Лондон төрінде нағыз Шекспирдің шекпенінен шыққан трагедия орын алған еді. Иньестаның соққан голы «Стэмфорд Бриджді» күрсінтіп, «Барсаны» финалға алып шыққан болатын. Бұл жолы Фернандо Торрестің қақпашымен бетпе-бет шығып соққан голынсыз да ағылшындар финалға жолдама алып тұрған. Мессидің пенальтиді соға алмағаны, ойынның басым бөлігінде доппен жүріп түк тындыра алмағаны, «Барсаның» «эль-классикода» «Реалға» өз алаңында жеңілуі – тек сәтсіздіктер тізбегі деп қабылдайық. Әйтпесе, «Барсаның» басынан бақ тайды ма? Қазақстанда жанкүйері көп «Барса» осылайша еліміздегі «блауграна» жанашырларын бір жанып өтті.

БАРСЕЛОНА - ЧЕЛСИ - 2:2 (2:1).

Голдар: Бускетс, 35 (1:0). Иньеста, 43 (2:0). Рамирес, 45+1 (2:1). Фернандо Торрес, 90+2 (2:2).

РЕАЛ МАДРИД - БАВАРИЯ - 2:1 (2:1). пенальти сериясы - 1:3. Голдар: Роналду, 6-пенальти (1:0). Роналду, 14 (2:0). Роббен, 27-пенальти (2:1).

Соңғы бес маусым бойы лигада тырмысып, тіпті финалға да шығып, Абрамовичтің турнирді жеңу деген мақсатын орындай алмай жүрген «Челсиге» керемет мүмкіндік туып тұрған сияқты. Бірақ, қарсыластың өз алаңында ойнайтыны да белгілі болды.

«Бавария» командасы 19-мамыр күні «Алянц-Аренада» өтетін биылғы маусымның басты финалына жолдаманы міндетті тұрде алады деп топшылаған жұрт көп болды. Десе де, топшылаудан гөрі күмән мен күдік басым еді. «Реал» командасының соңғы кездегі көрсетіп жүрген ойыны ойландырмай қоймас еді. Одан бөлек, италиялық, португалиялық командалармен чемпиондар лигасын жеңген Жозе Мауриньо өз атын футбол тарихына алтын әріппен жазғысы келіп жүр. Әлемдегі ең мықты төрт елдің командаларымен Чемпиондар лигасы мен ішкі біріншіліктерінің чемпионы болуды мақсат қойған. Ол италиялық «Портумен» діттеген екі турнирінде де жеңіске жетті, «Интермен» шаруаны түбегейлі тындырды, «Челсимен» ағылшын жерінде чемпион болды, биыл «Реалмен» ла-лиганы алайын деп отыр. Енді Жозе бапкер испаниялық бір командамен чемпиондар лигасын жеңбей кетпейді. «Бавариядан» пенальти сериясы арқылы жеңілген «Реал» келесі жылы да Мауриньоның жетекшілігімен жаттығатын болады. Ол жайында бапкер матч аяқталысымен мәлімдеген болатын.

Финалдық ойында «Челси» мен «Бавария» кездесетін болады. Ағылшын-неміс теке тіресі. «Челси» сапында Терри, Мейрелеш, Иванович секілді ойыншылар алаңға шыға алмайды. Кешегі кескілескен кездесуден кейін «Бавария» сапынан ақтық сынға шыға алмайтын ойыншылар қатарында Алаба, Густаво, Бандштуберлер бар. Бұл дегеніміз Мюнхендегі финалда қос команданың қорғаныс бөлігінің негізгі ойыншылары алаңға шықпайды. Демек, шабуылға иек артатын, жартылай финалдар секілді өте қызықты ойын болатын шығар деген үміт басым.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×