Ол 1987 жылы маусым айының 20-сы күні Түркияның Салихлы қаласында туған. Отбасы 1990 жылдары Еуропаға қоныс аударып барған. Ата-анасы Амстердам қаласының маңына орналасқандықтан, жас Мұрат сол жерде мектеп бітіріп, алты жасынан футбол ойнаумен айналысқан. Бойы 179 см, салмағы 76 келі тартатын қандасымыз Еуропа футболында аты мәшһұр «Аякс» мектебінің түлегі. Жасыл алаңда жартылай қорғаушы, тіпті команда сапында шабуылшы болып ойнайтын Мұраттың техникасы жоғары болып, екі аяқпен бірдей соққы жасай біледі. Айтпақшы, бұл – қазақ футболына шеттен келген тұңғыш қандасымыз.
2006-2007 жылдары Бельгияның «Брюгге», 2007-2008 жылдары Голландияның «Ден Хааг», 2008-2012 жылдары Голландияның «Волендам», 2012-2013 жылдары Финляндияның «Каяни» клубының формасын киген қандасымыз алғаш рет атамекенге аяқ басқалы тұр. Наурыз айының басында Түркияның Алания қаласында өткен оқу-жаттығу жиынында бапкерлер көңілінен шыққан Мұрат жаңа маусымда Шымкенттің «Қыран» командасының жейдесін кимек. Жақында ғана Оңтүстік Қазақстан облысына табаны тиген Мұрат Өнел өзінің Қазақстан футболын назардан тыс қалдырмайтындығын айтты. «Мен Голландияның премьер-лигасында да ойнағам. Ол жақта бәсеке өте жоғары. Футболшылардың техникалық дайындығы өте күшті болады. Сондай-ақ, күш-қуаттары да мол келеді. Ал «Қыран» командасындағы ойыншылар жастар екен. Техникалық шеберліктері жақсы. Алайда біз шаршап қалмайтындай болуымыз керек. Күш-қуатымыз мығым болғаны жақсы. Жалпы, қазақ футболын үнемі бақылап отырамын. «Ақтөбе», «Шахтер», «Ордабасы» сынды клубтарды жақсы білемін» дейді Мұрат. Шымкент әуежайына келген бетте ауа райының салқын екендігін тілге тиек еткен футболшы, алдағы уақытта өңірдің климатына үйлесіп кететіндігін айтты. «Атамекенге біржолата келуге ойыңыз бар ма?» деген тілшілердің сұрағына «екі аптадан соң ата-анам елге келеді. Алматыда нағашыларым тұрады. Әрқашан шетте жүрсек те, Қазақстандағы туыстармен қарым-қатынасты үзген емеспіз» деп жауап қайтарды. Жеке өміріне үңілген БАҚ өкілдерінің сұрағына «Әлі үйленген жоқпын. Дегенмен қазақ қызына үйленгім келеді, бірақ футбол да маңызды. Сондықтан отбасылық өмір мен спортты қатар алып жүремін» деді. Мұраттың атажұртқа оралуына қазақ блогерлері көп үлес қосыпты. Әсіресе, IT саласының маманы, танымал блогер Аршат Оразов бұл іске белсене кірісіп, әлеуметтік желі арқылы Мұраттың қазақ футболына деген қызығушылығын оятқан. Отандық спорт шенеуніктеріне таныстырған да солар екен.Біздің серіктес: FONBET