ЕУРОПАНЫ ШУЛАТҚАН ЕКІ АЙ НЕМЕСЕ «СЕЛТИКТІ» ҰТҚАН ҚАЙ «ШАХТЕР»?

30.08.2013, 21:23
ЕУРОПАНЫ ШУЛАТҚАН ЕКІ АЙ НЕМЕСЕ «СЕЛТИКТІ» ҰТҚАН ҚАЙ «ШАХТЕР»?
Биыл отандық клубтарымыз еурокубоктік бәсекеде бұрын-соңды болмаған зор жетістіктерге жетті. Жыл сайын елімізден 3-4 команда кәрі құрлықтағы бәсекеге қатысатын. Солардың ішінде ұзаққа шабатыны «Ақтөбе» футбол клубы еді. Ал биыл батысқазақстандық команданың қатарына қарағандылық «Шахтер» клубы қосылды
Бүгінгі әңгімеміздің төркіні «Шахтер» командасы турасында болмақ. Соңғы екі жылда Қазақстан чемпионы атанған Виктор Кумыков баптайтын кеншілер командасы биыл екінші рет Чемпиондар Лигасында ойнауға мүмкіндік алған. Жаз айының ортасында УЕФА-ның штаб-пәтерінде жеребе тарту рәсімі өткен. «Шахтер» командасы Чемпиондар Лигасының екінші айналымында Борисовтің «БАТЭ»-мен түскені де белгілі болды. Мамандар мен жанкүйерлер бірауыздан жеңісті беларус командасына беріп қойған еді. Өйткені бұл Шығыс Еуропада соңғы жылдары атой салып жүрген адуынды клубтардың бірі болатын. Тіпті тіс қаққан «Баварияның» өзін былтырғы Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінде тас-талқанын шығарған. Сонымен қатар 5-6 жылдан бері «БАТЭ» Еуропада өзін мойындатып жүрген команда.
Сол себептен де көпшілік қауым қарағандылық клубтың биылғы еуромаусымын ерте аяқталатынына кәміл сенген. Бірақ командадағы ойыншылар мен бас бапкер Виктор Кумыков іштей сенсацияның боларын білген. Беларуське ұшып бара жатқан сәтінде ресейлік маман (В.К.): «Біз қолымыздан келгенше сауатты ойнауға тырысамыз. Мүмкіндік болып жатса, жеңіспен ораламыз»,- деген еді. Борисовтегі ойын алаң иелерінің айқын басымдығымен басталған. Алайда қорғанысқа жатып алған кеншілердің қақпасына доп дари қоймады. Екінші таймның басында 9-ші нөмірдегі Сергей Хижниченко күтпеген жерден гол салып, беларустарды абдыратып тастады. Ойынның соңына дейін есеп өзгерген жоқ. Бүкіл беларус басылымдары бұл жеңілісті жарыса жазды. Ал осы кезде Қарағандыда үлкен экранға жиналған жанкүйерлердің санында есеп жоқ еді. Ол түні Қарағанды қаласы ұйықтаған жоқ. Тіпті әуежайдан түскен кеншілерді жанкүйерлер мен қала басшылығы күтіп алды.
Бір аптадан кейін Қарағандының 19500 жанкүйер сиятын Орталық стадионында ине шаншар орын болмады. Алғашқы минуттардан бастап қонақтар ойынды өз қолдарына алған. Қарсыластар командасының сапында Родионов, Александр Глеб сынды жұлдыздардан құралған жігіттер Мокин қорғаған қақпаның кілтін таба алмады. Ойынның 66 минутында «Шахтер» қақпашысы Мокин өз айып алаңында Сергей Кривецке ойын тәртібін бұзып, кеншілердің қақпасына пенальти беріледі. Барлық мәселе осы он бір метрлік айып добына байланысты еді. Алайда Кривецтің тепкен қиыс добын Мокин қайтарады. Виктор Гончаренко шәкірттері осыдан кейін бар күш-жігерімен алға қарай шабуылды үдете түседі. Осындай ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған Игорь Зенькович ойынның 81-ші минутында бос қалған қақпаға допты тоғыта біліп, барша жанкүйерлердің қуанышына бөленеді. Қорытынды есеп 1-0.
Ал екі ойынның жалпы қорытындысы бойынша қарағандылық клуб 2-0 есебімен Чемпиондар Лигасының 3-ші айналымына өтеді. Міне, осыдан кейін кеншілер өздеріне деген сенімдері арта түседі. Өйткені ешкім ойламаған есеппен беларустарды айналып өтеді. Ал Беларусьте БАҚ өкілдері «БАТЭ»-нің былайша ұтылып қалуына қапалана жазады. Үшінші айналымда қарағандылықтарды Албанияның «Скендербеу» командасы күтіп тұр еді.
Алғашқы кездесу «Шахтердің» алаңында өткен. Нақтылап айтар болсақ, кеншілердің Орталық алаңы УЕФА талаптарына сай болмағандықтан ойын Астана Арена стадионында ауыстырылады. Және бұл кездесуде қарағандылықтар 3-0 есебімен айқын басымдықпен жеңеді. Сырт алаңдағы ойында албаниялық клуб 3-2 есебімен әупірімдеп жүріп жеңеді. Алайда қос кездесудің қорытындасы бойынша 5-3 есебімен кеншілердің пайдасына шешілгендіктен «Шахтер» клубы 4-ші айналымға да жеткен... Осы ретте «Шахтер» командасына жанкүйер болған тек қарағандылықтар ғана емес, барша Қазақстан болып жанкүйерлік таныта бастады. Тіпті шет елде білім алып жатқан қазақ жастары, шетте тұрып жатқан қандастарымыз кеншілердің жеткен жетістіктерін қуанышпен айтып жүр. Жақында ғана Түркияның Қайсері қаласында білім алып жатқан досым Жанұзақ Әлімгерей: «Бүгін біз «Шахтердің» ойынын тамашалаймыз. Бүгінгі кеншілердің жеңісі барша қазақ елінің жеңісі!, - деп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына жазған еді. Әлеуметтік желі демекші, чемпиондар лигасының 4-ші айналымында Шахтер-Селтик арасындағы алғашқы ойын туралы жанкүйерлердің пікірін көрсеңіз. Қай желіге кірсеңіз де қазақ футболы туралы қызу пікір-таластар. Еуропаның спорт басылымдары да қалыспай Қарағандыға келіп, Сарыарқаның дарқан даласында репортаждар жасап кеткен еді.
Тіпті Польшада «Шахтердің» фан-клубы құрылыпты. Астанадағы алғашқы ойында Хижниченко мен Финонченколар салған голдан кейін алаңға жиналған 30 мың жанкүйер орнынан атып тұрғанда Астана Арена стадионы дүр сілкінгендей болды. Құдды бір сол кәрі құрлықтың басты турнирін жеңіп алғандай әсерде болдық.  Өзге елде оқып жүрген студенттер «Шахтерді» мақтанышпен айтып жүрді. Шетелдіктер «Шахтердің» Еуропадағы сәтті қадамдарынан кейін қазақтарға футболы бар ел екен деп басқаша қарай бастады. Глазгодағы қарымта кездесуде «кельттер» 3-0 есебімен Виктор Кумыков шәкірттерін есеңгіретіп тастады. Алайда бұл алдын ала күтілген жеңіліс еді. Сонымен қатар кеншілер ұтылып қалған күннің өзінде оларға ешкім де аса қатты ренжи қоймады. Өйткені енді ғана Еуропа алаңдарында тәй-тәй басып келе жатқан қазақ футболының болашағы жарқын. Енді бұдан былай шетте жүрген қандастарымыз көкірегін соғып тұрып «Қазақ футболы» туралы өзге ұлттармен терезесі тең әңгіме-дүкен құратын болады. Қарағандылық «Шахтер» футбол клубы Еуропа Лигасының топтық кезеңіне автоматты түрде өтті. Мұның өзі қазақ футболының алға ілгерілеуі деп түсінуіміз керек.

Руслан БАҚЫТЖАН, aladop.kz сайтының веб-редакторы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×