Еуропаның бес құрамасының қақпашысы мойындаған шабуылшы

25.08.2013, 01:43
Еуропаның бес құрамасының қақпашысы мойындаған шабуылшы

Португалия, Польша, Финляндия, Бельгия, Әзірбайжан құрамаларына бес доп соқты. Осы соққан голдарының арқасында турнирде Криштиану Роналду, Эузебиуш Смолярек, Никола Жигич сияқты мергендермен бірге турнирдің ең үздік сұрмергендерінің қатарынан көрінді.

Дмитрий Бяков есімі қазақ футболының тарихында ұзақ сақталары анық. Әсіресе, Еуро-2008 іріктеу кезеңінде «А» тобында бес доп соғып, Криштиану Роналду сияқты әлем жұлдыздарымен бірге сұрмергендер көшінде болғаны тарих бетінде қатталып тұр.

Дмитрий Бяков 1978 жылы 9 сәуірде Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылында дүниеге келген. Ауылда баскетбол ойнап жүрген Дима футболдан балалар бапкері Рафик Наргиповтың көзіне бірден түседі. Баланың бойындағы талантын байқаған бапкер оның ата-анасына айтып, баласын футболға беруге көндіреді. Есік қаласы Диманың ауылынан бірнеше шақырым жерде болатын. Жас жеткіншектің күнде жаттығуға келіп тұратын ақшасы болмағандықтан, барлық шығынды Наргипов өз мойнына алады. Рафик Хамидович Диманың аудандық, облыстық турнирлерге қатысуына мүмкіндік жасайды. Осылайша, баланың тәжірибе жинақтауы үшін қолынан келгенін аямайды. Бірақ, кейіннен Бяков өзін үлкен футболға үкілеп қосқан бапкерінен бас тартады. Осыдан соң Алматыдағы Евгений Кузнецов басқаратын мектеп-интернатқа қабылданады. Қаладағы әжесінің үйінде тұрып, осы мектепті бітіріп шығады. Мектептен кейін әскер қатарына шақырылады.

 

      Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін ол қалалық біріншілікте Дмитрий Огай, Вахид Масудовтың көзіне түседі. Алдымен 1997 жылы «Қайраттың» қосалқы құрамына алынса, көп ұзамай негізгі құрамға шақырылады. Алматыда Степногорск қаласының «Химик» командасына қарсы өзінің дебюттік кездесуінде 90-минутта жеңіс голын соқты. 1998-2000 жылдар аралығында алматылық клуб сапында 46 ойын өткізді. Гаджи Гаджиевтің шақыруымен 2001 жылы Махачакала қаласының «Анжи» командасына ауысады. Бірақ, Дағыстандағы сапары ерте аяқталды. Өйткені, қайта «Қайратқа» оралсын деген бұйрық келеді. Осылайша, Алматыда екі жылын өткізіп, өзіне тиімді ұсыныс жасаған «Ақтөбе» командасымен келісімшартқа отырады. Өкінішке қарай, Батыс командасына ауысқан жылы сәтсіздікке ұшырайды.

     Оқиға былай болған: 9 сәуірде өзінің 25-ші туған күнін Алматының бір мейрамханасында достарымен және «Қайраттағы» әріптестерімен бірге атап өтеді. Дәл сол күні «Қайраттың» тағы бір шабуылшысы Әлібек Бөлешовтің де туған күні болатын. Алматының танымал бір мейрамханасында бас қосқан қос туған күн иесі мен олардың достары отырыстан соң үйлеріне тарай бастайды. Достарынан қалыс қалған ол мейрамхананың көрші бөлмесінде орын алған төбелеске араласып, сол жерде бұзақылардың бірі Диманың дәл жүрегіне пышақ сұғады. Төбелесті ажыратуға барған тағы бір футболшы Ерлан Жауғашов та сол жерде жарақат алады. Қаладағы ауруханалардың біріне тез арада жеткізіліп, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалғанымен, екі айын аурухана палатасында өткізуге мәжбүр болады.

      Тағдырдың бұл соққысынан есін әзер жинап, жекеше түрде жаттығуларын жасай бастаған ол бірнеше айдан соң футбол алаңына қайта оралады. Бірақ, тек әуесқой деңгейде. Кейіннен үлкен футболға да оралу туралы шешім қабылдайды. Алдымен Қарағандының «Шахтерінде» тәуір өнер көрсетті. Сол кезде кеншілердің бас бапкері Вахид Масудов болатын. Диманың өмірінде елеулі рөл атқаратын бұл бапкердің футболшыға көп көмегі тиеді. Ал келесі жылы ел біріншілігін «Астана» сапында бастайды. Сол тұста команданың бас бапкері Арно Пайперс ұлттық құраманың да тізгінін ұстап жүрген. Клубта табысты өнер көрсетіп жүрген футболшысын Арно ұлттық құрамаға да шақыра бастайды. Сол жылы елордалықтар қарқыны қатты «Ақтөбені» басып озып, ел чемпионы атанды. Бұл Бяковтің Қазақстан чемпионатындағы алғашқы «алтыны» болды. Пайперс келесі жылы «Алматы» командасының бас бапкері болып ауысқанда Диманы да өзімен бірге ала кетеді. «Алматыда» бір жылын өткізгеннен кейін 2008 жылдың қаңтар айында ресейлік «Сатурн» командасына шақырылады. Бұл кезде роменскілік команданың бас бапкері Гаджи Гаджиев Диманы бұрыннан танитын. Бұлай дейтініміз, бір кездері «Анжи» клубына да осы бапкер шақырған болатын. Бірақ, «Сатурнмен» келісімшарт сәтсіз аяқталып, «Астанаға» қайта оралады. Кейіннен «Шахтер», «Жетісу» командаларында өнер көрсетті. Ал футболдағы карьерасын Талдықорғанда аяқтады.

 

         Ұлттық құрамада

      Ұлттық құрама сапында алғаш 2000 жылы Сауд Арабиясына қарсы жолдастық кездесуде әріптесі Владимир Нидергаустың орнына алаңға шықты. 2006 жылы Еуро-2008 іріктеу раунды аясында Бакуде өткен Әзірбайжан құрамасына қарсы кездесуде бірінші голын соқты. Бұл гол Қазақстанның Еуропа чемпионатының іріктеу раундындағы тұңғыш голы. Сол сында Бяков Португалия, Польша, Финляндия, Бельгия, Әзірбайжан құрамаларына бес доп соқты. Осы соққан голдарының арқасында турнирде Криштиану Роналду, Эузебиуш Смолярек, Никола Жигич сияқты мергендермен бірге турнирдің ең үздік сұрмергендерінің қатарынан көрінді. Жалпы, ұлттық құрамасы сапында 2000-2008 жылдары аралығында 33 ойында 8 гол соққан. Жетістіктері: Қазақстан чемпионатының жеңімпазы: 2006 жылы Қазақстан кубогының жеңімпазы: 2000 жылы Қазақстан кубогының финалисі: 2008 жылы

Бек Төлеуов, «Sport»

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×