ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

09.05.2014, 20:38
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
fifa_world_2014-500x303  Биылғы әлем чемпионатының (ӘЧ) реттік  саны – 20. Демек, оның тарихындағы үздік  20-лық туралы сөз қозғауға әбден негіз бар. Алдымен таңдаулы 20 команда туралы әңгімелейік. Бұл тізімді осы жолдардың авторы талай жылдан бергі зерттеуінің нәтижесінде жасап шықты. Тізімнің субъективті екені ескертіледі. Яғни, оқырман қауым бұл топтамадағы командалардың орналасу тәртібіне де, өз жанкүйерлік жадындағы кей құрамалардың мына тізімнен табылмауына да түсіністікпен қарағаны жөн. Әрине, мұнда 1958 жылға дейінгі чемпионаттар есепке алынбайды, өйткені, теледидарға толық түсірілмеген, сақталған бейнематериалдың өзі үзік-үзік, сапасының қандай екені және мәлім. Тағы бір ескеретін нәрсе: үздіктер қол жеткізген табысына ғана емес, жанкүйер қауымның жүрегін жаулай алуына да байланысты сұрыпталды. Таңдаулы командаларды ең соңғысынан бастап тіземіз.   20-орын. КАМЕРУН-1990 Негізгі құрам: қақпашы Нконо – қорғаушылар Татав, Онана, Массинг, Эбвелле – жартылай қорғаушылар Кана Бийик, Кунде, Мбу, Мфеде – шабуылшылар Маканаки, Омам Бийик. Бас бапкер – Валерий Непомнящий (КСРО). val8 Ешқандай жүлде алмаса да, чемпионаттар тарихында өзіндік із қалдырған команданың бірі – осы. Рас, Африка өкілдерінен алғашқы жеңіске Тунис қол жеткізді; әлемдік деңгейдегі команданы алғаш Алжир ұтып, сенсация жасады; топтан бірінші болып Марокко озып шықты. Бірақ ширек финалға жеткен алғашқы африкалық құрама – Камерун. Және ойын жағынан да осы табысқа лайықты болды. Тіпті солғындау өткен ӘЧ-1990-ның ажарын аша білген ақжолтай команда десек те жарасады. Олар доданың беташар матчында сол кездегі әлем чемпионы Аргентинаны ұтты (1:0). Матч тағдырын шешкен жалғыз голды Франсуа Омам Бийик соқты. Оның айып алаңына әуелеп келген допқа қатты секіргені сондай, тіпті жерден емес, акробаттардың серіппесінен аспанға ұшқандай әсер қалдырды. Өкінішке қарай, камерундықтар тек жақсы қырымен ғана емес, дөрекі ойынымен де «көзге түсті». 61-минутта Андре Кана Бийик оң қапталмен құйындатып келе жатқан Кладуио Каниджаны шектен шыққан тәсілмен қарсы алып, қалпақтай ұшырды. Төреші ойланған жоқ, бұзақыға бірден қызыл карточка көрсетті. Ойынның соңғы минуттарындағы Бенжамин Массингтің әрекеті де спорт ұғымынан алшақ жатқан болатын. Нәтижеде Камерун құрамасы кездесуді 9 ойыншымен аяқтады.  

 1990 World Cup Finals. Milan, Italy. 8th June, 1990. Argentina 0 v Cameroon 1.  Cameroon's Oman Biyick climbs high above Argentine defenders to score the winning goal.

Аргентина – Камерун – 0:1. Голды Омам Бийик осылай енгізді.   Камерун сосын Румынияны ұтты (2:1, қос допты да Роже Милла соқты), сосын КСРО-дан ұтылды (0:4), бірақ бәрібір 1-орын алды. 1/8 финалдағы Колумбиямен текетірес 90 минут бойы еш нәтиже бермеді. Ал 106-минутта Милла есеп ашты. Арада үш минут өткенде алаңның ортасына дейін шығып ойнауға әуес колумбиялық «тәуекелшіл» қақпашы Игита, неге екені белгісіз, өзімен допқа таласпаққа ұмтылған Милланы алдап өтпек болды да, одан айрылып қалды: бос қалған қақпаға тура шапқан шабуылшы өзінің осы чемпионаттағы төртінші голын соқты. Бір қызығы, бұл ойыншыны Непомнящий құрамға енгізгісі келмеген екен, ел президенті Поль Бийяның өзі арнайы бұйырып, тізімге қостырыпты. Кам-Кол Камерун – Колумбия – 2:1. Рене Игитадан допты тартып алған Роже Милла жеңіс добын соқты.   ¼ финалдағы Камерун – Англия матчы чемпионаттағы ең тамаша ойындардың бірі болды. Есепті ағылшындар ашты: Стюарт Пирстің сол қапталдан қолмен өлшегендей дәл берген добын Дэвид Платт таза британдық стильде баспен торға дөп қадады. Бірақ бұдан соң ойын тізгіні африкалықтарға көшті. Олардың қарқыны әсіресе кездесудің екінші бөлігінде алаңға Милла шыққан соң үдей түсті. Бұл жолы 38 жастағы камерундық ардагер өзі гол соққан жоқ, есесіне, ойынның нәтижесін жалғыз өзі жасай жаздады. Әуелі айып алаңына еркін енген ол ағылшын қорғаушысын ойын ережесін бұзуға мәжбүрледі: 11 метрлік нүктеден Эммануэль Кунде мүлт кеткен жоқ. Сосын ол жанына қарсыласының үш бірдей ойыншысын жинап алып, допты оң жағынан бөлектене берген Эжен Экекенің алдына тастай салды – 2:1. Лезде-ақ есептің асты үстіне шықты! Африкалықтар уыстан шығарып алған ұрымтал сәттер қаншама еді десеңізші! Кам-Анг Камерун – Англия (2:3) ойынынан көрініс.   Өкінішке қарай, 83-минутқа дейін азулы қарсыласын ұтып тұрған камерундықтар матч соңында және қосымша уақытта өз айып алаңында екі рет тәртіп бұзып, қолда тұрған жеңістен айрылып қалды. Екі пенальтиді де Гарри Линекер сәтті орындады. Баспасөзде бұл жеңілістің мынадай қызық та тосын себебі бар екендігі жазылды: футбол құрамасын Италияда екі аптадан артық уақытқа қалдыру кедей елдің бюджетіне аса ауыр тиетіндіктен, ұлттық федерация басшылары... Англиядан әдейі ұтылып, ертерек елге қайтуды бұйырыпты! Бірақ бұл деректің рас-өтірігіне төрелік айта алмаймыз. Камерун командасының жанкүйер жанын рахатқа бөлер жарқын футболы ескерусіз қалған жоқ. Олардың ойынына риза болған ФИФА басшылығы келесі әлем чемпионатында Африка құрлығы үшін екі емес, үш орын берілетіні жөнінде шешім қабылдады. Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×