ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

11.05.2014, 02:59
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы таңдаулы 20 команда туралы әңгімені әрі қарай жалғастырамыз. Автор бұл тізімнің субъективті екенін естеріңізге салады. Яғни, оқырман қауым бұл топтамадағы командалардың орналасу тәртібіне де, өз жанкүйерлік жадындағы кей құрамалардың мына тізімнен табылмауына да түсіністікпен қарағаны жөн. Әрине, мұнда 1958 жылға дейінгі чемпионаттар есепке алынбайды, өйткені, теледидарға толық түсірілмеген, сақталған бейнематериалдың өзі үзік-үзік, сапасының қандай екені және мәлім. Тағы бір ескеретін нәрсе: үздіктер қол жеткізген табысына ғана емес, жанкүйер қауымның жүрегін жаулай алуына да байланысты сұрыпталды. Таңдаулы командаларды ең соңғысынан бастап тіземіз (20-орын – Камерун-1990 болатын).   19-орын. КСРО-1986 Негізгі құрам: Дасаев – Ларионов, Бессонов, Кузнецов, Демьяненко – Алейников, Яремчук, Яковенко, Рац, Заваров – Беланов. Бас бапкер – Валерий Лобановский. lobanovsky«Ал 1966 жылы 4-орын алған команда ше? КСРО-ның сол құрамасы үздік нәтиже көрсетті ғой» деген сауал туындауы мүмкін. Рас, ол команда да жақсы еді, бірақ ойын жағынан, бүкіл әлем алдында жарқ етіп көрініп, есте қалу, із қалдыру жағынан 1986 жылғы құрама бәрібір бөлек. Әрі, жоғарыда келіскенбіз, бұл – субъективті көзқараспен түзілген тізім... Мексикаға жолдаманы КСРО құрамасы Эдуард Малофеевтің жетекшілігімен жеңіп алды. Бірақ дода алдындағы 6 жолдастық кездесудің біреуінде ғана тең түсіп, бесеуінде ұтылған соң, Одақтық спорт комитетінің басшылары қатты дағдарды. Тап осы кезде «Динамо» (Киев) керемет ойынымен күллі Еуропаны шулатып, екінші рет Кубок иелерінің кубогын жеңіп алған еді. Әлем біріншілігінің басталуына 20-ақ күн қалса да, Мемкомспорт Малофеевті орнынан алып, киевтік Валерий Лобановскийді бас бапкер етіп тағайындады.   82717120Футбол ғұламасы құрамаға 12 киевтік динамошыны, оған қоса «Днепрден» тағы үш ойыншыны шақырды. Яғни, 1986 жылғы КСРО құрамасының тізіміндегі 22 футболшының 15-і Украинадан еді. Мәскеулік Ринат Дасаевпен, петерборлық Николай Ларионовпен және минскілік Сергей Алейниковпен толықтырылған киевтіктер алғашқы ойында Венгрия командасын жүндей түтті – 6:0! Бұл бір қақпаға доп жауған күн болды: соғылған голдардан бөлек ойыншылар тағы 6-7 ұрымтал сәтті уыстан шығарып алды! Вадим Евтушенко пенальтиді аспанға тепті! Шетелдік бір басылымның «Венгрлердің ренжитін жөні жоқ, егер есеп 12:0 болса қайтер еді?» деп жазатынындай-ақ бар. Шамасы, Венгрияны алғашқы 4 минутта соғылған екі гол есеңгіретіп кетсе керек. Оның үстіне, КСРО футболшылары матчты өте қарқынды өткізді. Әдетте ұзаққа шабатын ұжымдар топтық турнирді кібіртіктеп бастаушы еді, ал бұлар, керісінше, бар күшін бірінші ойында-ақ жайып салды. Кейін ойласам, осының өзі қате болған секілді. СССР-Венг-86 КСРО – Венгрия матчынан көрініс.   Бұдан кейін Лобановскийдің командасы сол шақтағы Еуропа чемпионы – Франция құрамасымен тең түсті. Командалар алма-кезек шабуылдап, сәт сайын қауіпті жағдайлар туындатып, жанкүйерлерді риза етті. Даңқты Пеленің өзі «бұл – осы чемпионаттағы ең тамаша ойын!» деген баға берді. 54-минутта оң қанаттағы қорғаушы Ларионов қарсыластың айып алаңына таяп келіп, допты Иван Яремчукке тастап еді, ол тездетіп Игорь Белановқа жеткізді. Шабуылшы допты өзі ұратындай сыңай танытты да, лезде сол қанаттағы Рацқа ысыра салды. Рац тоқтатпастан сол аяқпен соғып жіберді – торға тура тоғыздықтан күмп берген бұл доп чемпионаттағы ең үздік голдардың бірі еді. Алайда француздар сасқан жоқ. Арада 8 минут өткенде Мишель Платини тамаша пасымен қорғаушыларды қапы қалдырып, Луис Фернандесті Дасаевпен жекпе-жек шығарды – 1:1. Қосалқы құраммен Канаданы да ұтқан (2:0) КСРО құрамасы, сөйтіп, өз тобында бірінші орын алды. Доп айырмасы жағынан сәл кемшін түскен француздар екінші тұғырға қонжиды. СССР-Фра-86 Павел Яковенко мен Мишель Платини.   Команданың 4-5-1 үлгісімен ойнауы – әлем чемпионаттарындағы жаңалық еді. Бірақ бұдан КСРО құрамасы қорғанысқа көп көңіл бөлді деген ұғым тумауы керек. Шабуылшы Беланов ешбір ойында жалғызсыраған жоқ. Александр Заваров алғы шепке екінші лекпен қосылар артқы шабуылшы міндетін атқарды. Алейников қорғаныс пен шабуылдың ара-жігін жалғап отырса, Павел Яковенко нағыз диспетчер болды. Ал қос қанаттағы Рац пен Яремчукті «қапталдағы шабуылшылар» деуге де болар еді, өйткені, олар ойынның көп бөлігін алғы шепте өткізді. Ларионов пен Анатолий Демьяненко да (қазіргі Алвес пен Альба секілді) үнемі алға ұмтылып тұратын. Плей-офф кезеңі сенсациямен басталды: тамаша ойынымен бүкіл әлемді тамсандырған КСРО футболшылары... Бельгиядан ұтылып қалды (3:4). Бұл кездесу швед төрешісі Эрик Фредрикссонның өрескел қателігімен және Белановтың хет-тригімен жанкүйерлердің жадына мәңгі тоқылды. 78-минутта, КСРО командасы 2:1 есебімен ұтып тұрған сәтте, бельгиялық шабуылшы Ян Кулеманс таза офсайдтан гол соғып, нәтижені теңестіріп кетті. Қапталдағы қазы Арминио Санчес қолындағы жалаушасын көтергенімен, алаңдағы төреші оған назар аударған жоқ. Жұрт тіпті 55-минуттағы Энцо Шифоның голын да офсайдтан соғылды дейді. Бұған қоса телеқайталауда төрешінің 5-минутта-ақ Бельгияның қақпасына 11 метрлік белгілеуге тиіс екені анық байқалады: айып алаңының ішінде өзін алдап өте берген Василий Рацты Жюль Грюн тобықтан қағып, жалпасынан түсірді. Бірақ Фредрикссон ештеңе болмағандай ойынды жалғастыра берді. 118-минутта да бельгиялық қорғаушы Белановты өз айып алаңында шалып жықты, алайда ысқырық естілген жоқ. СССР-Бель-86 Командаластары гол соққан Игорь Белановты (№19) құттықтауда.   Қосымша уақытта далақтап алға шапқан КСРО командасы сақтықты мүлде ұмытты. Сосын, әңгімені ашығы, Бельгияның 3 және 4-голдары Дасаевтың кесірінен соғылды: екеуінде де ол әуелеп келген допқа батыл ұмтылғанда бірінші жетер еді, бірақ Ринат қаққан қазықтай орнынан тапжылмады. Шыны керек, Андрей Баль мен Олег Кузнецов та өрескел қателіктер жіберді. Жалпы 120 минуттық тұнып тұрған спектакльдің әр сәті жеке әңгімелеуге татыр еді. «Евроспорт» арнасы бұл матчты «Мундиаль аңыздары» деген топтамаға қосыпты. Арада қаншама жыл өткенімен, бейнетаспадан қарап отырып командалар тура бүгін ойнап жатқандай әсер алатыныңыз рас. Себебі, марқұм Лобановскийдің командасы сол кездің өзінде ХХІ ғасырдың футболын көрсеткен болатын. Арада екі жыл өткенде Еуропаның вице-чемпионы атанғанымен, өкінішке қарай, бұл құрам әлемдік додаларда өзінің лайықты орнын ала алмады. Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×