ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

16.05.2014, 05:27
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз (20-орын – Камерун-1990, 19-орын – СССР-1986, 18-орын – Голландия-1998, 17-орын – Түркия-2002, 16-орын – Польша-1974).   15-орын. ВЕНГРИЯ-1954 Негізгі құрам: Грошич – Бузански, Лорант, Лантош – Закариаш, Божик – Й.Тот, Пушкаш, Хидегкути, Кочиш, Цибор. Бас бапкер – Густав Шебеш. images (3) Венгрия құрамасы 1952-1954 жылдар аралығында 31 матч өткізіп, оның 27-сінде жеңіп, 4-уін ғана тең аяқтапты. Олардан «таяқ жегендердің» қатарында Англия да бар. Венгрлердің Хельсинки Олимпиадасындағы керемет ойынына риза болған ФИФА-ның болашақ жетекшісі, ол кезде ағылшын футбол федерациясын басқаратын Стэнли Роуз оларды Лондонға жолдастық кездесуге шақырса керек. Мұның арты қандай масқараға апарып соғатынын білгенде ол ешқашан ондай өтініш жасамас еді. Венгрлер ағылшындарды сырт алаңда 6:3, ал Будапештте, әлем чемпионаты басталардан бір ай бұрын 7:1 есебімен ойсырата ұтып, жұрт көзіне көрінбестей етті. Кейінгі ойынды өз көзімен тамашалаған Италия құрамасының бұрынғы бапкері В.Поццо: «Шынымды айтсам, футболды осыншама жақсы ойнайтын команданы әлі көрмеппін», – деп таңданыпты. Рас, ол кездегі футболдың жалпы деңгейі бүгінгі өлшеммен қарағанда едәуір әлсіз еді, дегенмен бұл – 50-жылдардағы Венгрияның ғаламат ойынына еш көлеңке түсіре алмайды. Густав Шебеш былай қарағанда шабуылшыларының орналасуы W әрпіне ұқсайтын (үшеуі алда, екеуі сәл артта) «дубль-вэ» жүйесін M әрпіне ұқсас кейіпке түсіріп, тактикалық тұрғыдан түрлендірген. Яғни, енді қарсыластың айып алаңын торуылдап үш емес, екі шабуылшы (Шандор Кочиш пен Ференц Пушкаш) жүретін болды, ал оларға екінші лекпен қосылатын үш шабуылшы сәл артта орналасты (ортада Нандор Хидегкути, оң қапталда Йожеф Тот, сол жақта Золтан Цибор). Қарсы жақ қорғаушылары алдыңғылардан төнген қауіпті сейілтем дегенше, кейінгі лек үстінен шүйіліп кеп қалатынды шығарды да, венгрлер қақпа алдында қалағанынша ойқастауға мүмкіндік алды. Оларды сол заманғы журналистердің «Гол шығаратын машина» деп атауы да тегін болмаса керек. Венгрия футболының қазіргі ортаңқол деңгейіне қарап отырып, футбол Құдайы бұл елдің ұлттық құрамасына әлем чемпионатының алтын тәжін жеңіп алуға жалғыз ғана мүмкіндік берген екен-ау деп ойлауға мәжбүрсіз. Расында да, 1950 жылғы чемпионатқа социалистік лагердегі басқа да көршілері секілді соғыстан соң есін әрең жиып, жарасын жалап жазып жатқан елдің командасы бас көтеріп бара алған жоқ. Ал 1956 жылы Будапешт бүлігі бұрқ ете түсті. Елге Кеңес Одағының әскері келіп кіріп, көтерілісті күшпен басып-жаншыған соң, бодандықтың бұғауын кигісі келмеген жүздеген венгр азаматы шетелге ауып кетті. Оның ішінде Пушкаш пен Кочиш, Цибор мен Закариаш бастаған тамаша футболшылар да бар еді... Бұл – талайлар тамсанып еске алатын «арман-команданың» ақыры-тұғын. Сөйтіп, 1958 жылғы чемпионатқа мүлде басқа құрама барды. Айтпақшы Пушкаш (84 гол) пен Кочиш (75) әлі күнге дейін еуропалық футболшылардың ішінде ұлттық құрама сапында ең көп доп соққан ойыншылар саналады. Әттең, орыс танкілері болмағанда... бұлардың әлі қанша гол соғары бір Құдайдың өзіне ғана мәлім еді.   Алтын жүлдеден бірден-бір үміткер саналған Венгрия финалдық турнирді де тамаша жеңіспен бастады: оңтүстік корейлерінің алыстан көрмейтін... көзілдірікті қақпашысы Хон Дук Ен тордан 9 доп алуға мәжбүр болды. Сосын, мамандардың пікірінше, осы біріншіліктегі ең маңызды матч ойналды: венгрлер немістерді 8:3 есебімен шашып тастады! Футбол тарихшылары «айлакер Зепп Гербергер бірнеше негізгі ойыншысын алаңға шығармай, «көз байлау» үшін әдейі ұтылды» деседі. Кім білсін. Әйтеуір әлем чемпионы атанатын команданың бір ойында 8 доп жіберіп алуы мүмкін емес сияқты. Бұл матчтың венгрлерге тигізген тағы бір зияны – неміс қорғаушысы Либрих (абайсызда ма, әлде әдейі ме, кім білсін) Пушкаштың аяғын жарақаттап, ойыннан шығарып тастады. Сол кеткеннен сұрмерген алаңға финалда бір-ақ шықты, онда да барын салып ойнай алмады. Ширек финалдағы Венгрия – Бразилия матчы әлемдік чемпионаттар тарихында «Берндегі шайқас» деген атпен қалды. Екі команда да өліспей-беріспейтінін байқатып, өте дөрекі ойнады. Ағылшын төрешісі Эллис 42 рет айып соққысын белгіледі! Ақырғы 30 минуты футболдан гөрі регби ойынын көзге елестеткен кездесуде төреші әуелі өзара шекісіп қалған венгр Йожеф Божик пен бразилиялық Нилтон Сантосты алаңнан қуып шықты, араға алты минут салып олардың соңынан Умберто да кетті. Эллистің өзі ойын біткенде полицияның көмегімен алаңды әрең тастап шықты. Н.Сантос-Божик-54 Венгрия – Бразилия – 4:2. Йожеф Божик пен Нилтон Сантос алаңнан қуылды.   Венгрия құрамасы финалдық кездесуде де іске бірден кірісті: 8-минутта-ақ олар 2:0 есебімен алға шықты. Алдыңғы ойындарда олар осы басымдығын 90 минут бойы байқатып, қарсыласының сағын сындырған-ды. Бірақ немістер қыңған жоқ, он минуттың ішінде о бастағы тең дәрежені қайта қалпына келтірді. Одан кейінгі ойынның басым бөлігі Германия айып алаңының төңірегінде өтті. Аяғын ауырсына ойнаған Пушкаш сонда да екінші таймда бір гол соғып еді, төреші «офсайд болды» деп, оны есептемей тастады. Цибордың екі соққысы қақпа бағанасына тиді. Венгрлерде бұдан басқа да көптеген ұрымтал сәттер болды, бірақ, амал қанша, доп торға еш түспей-ақ қойды. Керісінше, немістердің соңғы минуттардағы қарсы шабуылы нәтижелі аяқталды – 3:2. World Cup Final, 1954. Berne, Switzerland. 4th July, 1954. West Germany 3 v Hungary 2. West German captain Fritz Walter receives congratulations from Hungarian captain Ferenc Puskas after the match. Венгрия – Германия – 2:3. Капитандар – Ференц Пушкаш (оң жақта) және Фриц Вальтер.   Ғажайып командасының жеңілу себептерін Г.Шебеш өз кітабында кейін былай түсіндірді: «Финал алдында ойыншылардың иығына артылған жауапкершіліктің ауыр жүгі өз зиянын тигізді-ау деп ойлаймын. Матч сайын жігіттердің жүйкесінің шаршай бастағанын аңғарып жүрдім. Біз ең әуелі психологиялық тұрғыдан жеңілдік. Гол соғатын көп мүмкіндіктерді пайданала алмағанымыз – соның салдары...». Финал-1954 Финалдық ойыннан көрініс.   Сакен Сыбанбай
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×