ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

18.05.2014, 22:19
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   14-орын. ФРАНЦИЯ-1998 Негізгі құрам: Бартез – Тюрам, Блан, Десайи, Лизаразю – Дешам, Пети, Карамбе, Зидан, Джоркаефф – Гиварш. Бас бапкер – Эме Жаке. 1998 World Cup Final. St. Denis, France. 12th July, 1998. France 3 v Brazil 0.    French coach Aime Jacquet lifts the trophy after their historic win. Екі рет қатарынан (1990, 1994) әлем чемпионаттарына бара алмаған Франция құрамасы өз жерінде өтетін кезекті мундиальді ерекше күтті. Сол уақытта бұл елдің футбол командасы да табысқа жетуге барынша дайын еді. Олар топтық кезеңдегі үш кездесуде де жеңіске жетті: Оңтүстік Африканы 3:0 (Дюгарри, Анри, тағы бір голды қарсылас қорғаушысы өз қақпасына соғып алды), Сауд Арабиясын 4:0 (Анри-2, Трезеге, Лизаразю), Данияны 2:1 есебімен ұтты (Джоркаефф, Пети). Бұл ойындарда алғы шепте Анри, Дюгарри және Гиварш кезектесіп ойнады, Трезеге негізінен алаңға екінші таймда қосылып отырды. Бірақ Эме Жакенің бүкіл турнир бойына шабуыл шебінің қимылына көңілі толмайтыны аңғарылды. Сауд Арабиясымен ойында шыдамсыздық танытқан Зинедин Зиданның қызыл карточка алуы француздарды біраз шошытып тастады. Сөйтіп, ол Даниямен кездесуге және 1/8 финалға қатыспады. 1/8 финалдағы Парагваймен ойын француздар үшін өте қиынға соқты. 90 минутта жеңімпаз анықталмады. Қосымша уақытта латынамерикалықтар тағы 6 минут шыдағанда іс пенальти сериясына барып тірелер еді де, сапында Чилаверттей әлемнің үздік қақпашысы бар команданың жеңу мүмкіндігі күрт артар еді... Дегенмен, алаң иелерінің жеңісі әділ екенінде дау жоқ. Олар ойынның басым бөлігін шабуылда өткізді. Амал не, Парагвайдың қорғанысы мығым екен, мызғымады. Тек 114-минутта Робер Пирес оң қанаттан допты айып алаңына бағыттап еді, Давид Трезеге оны баспен тура Лоран Бланның алдына түсірді. Парагвайлықтардың сәл босаңсыған осы сәтін тәжірибелі қорғаушы кешірген жоқ – 1:0. Матч лезде тоқтатылды. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы тұңғыш «алтын гол» еді. Алдыңғы екі кездесуге қатыспаған Зидан ширек финалдағы Италиямен жекпе-жекке сақадай-сай боп шықты. Алаң иелері салған жерден алға лап қойды. Апеннин түбегінен келген меймандардың қарсы шабуыл ұйымдастыруға анда-санда ғана мұршасы келді. Обалы қане, қос команданың қорғанысы да 120 минут бойына бір сыр берген жоқ. Толассыз тап-тап бергенімен, француздар гол соғуға үш-ақ рет мүмкіндік алды, бірақ италиялық қақпашы Зидан мен Петидің соққыларын кері қайтарды, ал Джоркаефф ұрымтал жерден допты қисық тепті. Ойыннан соң футбол лотереясы – пенальти сериясы белгіленіп, француздардың бағы жанды. 1998 World Cup Finals. Quarter Final. Paris, France. France 0 v Italy 0 (France win 4-3 on penalties). 3rd July, 1998. France's Marcel Desailly celebrates after his teams penalty shoot out victory. Франция жартылай финалға шықты. Марсель Десайидің қуанышында шек жоқ. Франция – Хорватия матчында Давор Шукер өзінің осы турнирдегі 6-добын соғып, бас мерген атанды. Алайда француздардың қатарынан да бір мерген табылды – бұған дейін де, одан кейін де ұлттық құрама сапында ешқашан гол соқпаған қорғаушы Лилиан Тюрам қос доптың авторы атанып, командасын финалға алып шықты. Финал осыған дейін мүлде мергендігімен көзге түспеген Зиданның бенефисіне айналды. Бұрыштамадан берілген допты екі рет баспен ұрып торға түсірген ол ұлы футболшылардың шешуші сәтте ойын тағдырын шешетінін дәлелдеді. Тек Зидан ғана емес, француз құрамасының барлық мүшесі бұл кеште керемет ойнады. Зизу-гол Финалда Зидан есеп ашты. Екінші таймда француздар ойын тізгінін бразилиялықтарға бере салды да, қорғанысқа көшті. Э.Жакенің өз қорғанысына бұлай сенім артуы негізсіз емес-ті. Бартез бен оның әріптестері өз қақпасына жеті ойында екі-ақ доп жіберіп алыпты, оның да біреуі – пенальтиден. Бұл жолы да француз қорғанысы өте жоғары деңгейде ойнады. Екінші тайм бойына үздіксіз шабуылдағанымен, Бразилия құрамасының бар-жоғы екі рет қана гол соғуға мүмкіндігі болды, бірақ Бебетоның бос қақпаға (Бартез қателескен-ді) бағыттаған добын Марсель Десайи сыртқа теуіп жіберді, ал Роналдо үш метр жерден тепсе де, қақпашыны қапы қалдыра алмады. Екінші ескертуін алған Десайи алаңнан қуылған соң да жағдай өзгерген жоқ. Қайта француздар есепті ұлғайтты. Әуелі Гиварш, сосын Дюгарри Таффарелмен жекпе-жек шығып, допты айдалаға жіберіп еді, соңғы минутта Пети оларға мұндай жағдайда қалай тебу керек екенін көрсетті – 3:0! Сөйтіп, әлемдік доп додасы тарихындағы жетінші чемпион Франция болды. Дешам-Блан Франция – әлем чемпионы!   Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×