ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

22.05.2014, 00:04
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   13-орын. ИТАЛИЯ-2006 Негізгі құрам: Буффон – Дзамбротта, Каннаваро, Матерацци, Гроссо – Гаттузо, Пирло, Перротта, Каморанези – Тотти, Тони. Бас бапкер – Марчелло Липпи. Липпи 2006 жылы А сериясында болып жатқан жанжалды оқиғаларды ескере келгенде, ешкім де Италия құрамасынан үлкен үміт күткен жоқ-ты. Алайда М.Липпидің командасы топтық кезеңнен еш қиналмай-ақ шықты. Гананы да, Чехияны да бірдей есеппен (2:0) ұтқан олар күтпеген жерден тек АҚШ командасымен ғана ұпай бөлісті. 22-минутта Пирлоның керемет пасынан соң Джилардино баспен соғып, есеп ашты. Алайда араға бес минут салып, Рейнаның айып алаңына көлбете тастаған пасын кері қайтарам деген Дзаккардо допты абайсызда өз қақпасына енгізіп алды. Дөрекі ойында үш футболшы алаңнан қуылды. 1/8 финалдағы Италия – Австралия кездесуінде басты рөлді төреші орындады. Тең дәрежеде өтіп жатқан ойын қосымша уақытқа ұласатындай көрінген. 50-минутта-ақ бір ойыншысы (Матерацци) алаңнан қуылған итальяндықтар үшін жағдай қиындай түскен-ді. 90 минут бітіп, төреші қосқан 5 минут та түгесілер шақта қорғаушы Гроссо сол қапталдан қарсыластың айып алаңына енді. Австралиялық Нилл оны пас береді екен деп ойлап, соны бөгемек болып, жолына көлденеңдей құлады. Гроссо болса, допты одан асыра өткізіп жіберіп, өзі жерде жатқан Ниллдың үстінен аттап өтпей, әдейі сүрініп жығылды. Испандық қазы Медина Канталехо бірден 11 метрлік нүктені нұсқады! Тотти пенальтиді дәл соқты. Біртіндеп бауырын жаза түскен «Скуадра адзурра» Украинаны ұтты. Былай қарағанда ойын жөнінен Италия аса басым бола қоймағандай. Қақпаға соққы бағыттау, допқа иелік ету, пастардың дәлдігі жағынан тіпті Блохин шәкірттері алда. Гол соғатын ұрымтал сәттер бойынша көрсеткіш тең – 3:3. Бірақ таблодағы есеп – 3:0. Дзамбротта 6-минутта-ақ есеп ашты, сосын Липпидің шәкірттері допты қарсыласына беріп қойып, өзінің сүйікті ісіне – қорғаныс пен қарымта шабуыл тактикасына көшті. Тони өзінің екі голын да сондай тұтқиыл қимылдардың арқасында енгізді. Ита-Укр4 Италия – Украина – 3:0. Доппен – Симоне Перротта.   Мына қызықты қараңыз: Австралиямен және Украинамен кездесулерде итальяндықтар допты қарсыласына беріп қойып, өздері оған тиісінше 41 және 43 пайыз уақыт қана иелік етті! Кейде қарап отырып «осы Италияға доптың онша керегі жоқ па екен?» деп ойлап қаласыз. Өйткені, алаңда дәл олардай допсыз да сауатты қимылдай алатын команда жоқ. Бәрі шахматтың тастарындай өз орнын біледі, қарсыласы қанша қара терге түсіп, қансорпасы шықса да, бұларды қапы қалдыра алмай шаршайды. Бәлкім, Италияға керегі де осы шығар? Лап етіп алға ұмтылады да, ойын нәтижесін шешіп кетеді. Жартылай финалдағы олардың Германиямен кездесуі естен кетпес ерекше қызық матч болды. Ю.Клинсманның жетекшілігіндегі жас неміс командасы өте жақсы ойнады, бірақ итальяндықтар одан да асып түсті. «Скуадра адзурра» осы додада тұңғыш рет өз бақытын шабуылдан іздеп, шабыттана ойнады. Олар қарсыласын әсіресе қосымша уақытта тықсыра түсті. Ширек финалда екі сағат бойына Аргентинамен сілкілескен Германия футболшылары бұл кезде шаршай бастаған еді. Мұны байқаған Липпи алаңға тағы екі шабуылшы шығарды. Овертаймда Италия төрт шабуылшымен ойнады. Сөйтіп, ақыры 119-минутта Гроссоның, сосын араға екі минут салып Дель Пьероның соққан голдары арқылы дегеніне жетті. Гер-Ита2 Жартылай финалдың да, алтын кубоктың да тағдырын шешкен Фабио Гроссо.   Финалда ең қорғанысы мығым екі команда ойнады. Италияның да, Францияның да қақпасына гол соғу – азаптың азабы. Мұны әсіресе аталған ұжымдардың плей-офф сатысындағы қарсыластары жақсы сезінді. Сол себепті де, деңгейлес ұжымдардың шешуші айқасы аса тартымды бола қойған жоқ, бірақ тұла бойы тартысқа тұнып тұрды, бұл нағыз мінездер мен ерік-жігерлердің егесуі еді. Шеберлікпен бірге жүйке де сыналатын мұндай сын сағатта психологиясы бекем, жеңіске деген ұмтылысы мол команда ғана табысқа жетеді. Сол команда Италия болды. Рас, қосымша уақытта Зиданның баспен ұрған добы қақпаға еніп кете жаздады, Буффон бұл жерде өзінің бар шеберлігін көрсетті. Ал пенальти сериясын итальяндықтар шебер орындады. Иә, финал нәтижесіне Матерацциді басымен ұрып құлатқаны үшін қызыл карточка алған Зиданның алаңнан қуылуы да әсер етті. Ол тіпті командаларды марапаттау рәсіміне де шыққан жоқ... Рас, Италия-2006 – мінсіз чемпион емес. Қақпашысы мықты, қорғанысы үздік, алаң ортасында да Пирло сынды серкесі бар. Бірақ таңдаулы мерген шабуылшысы болмады. 2 доп соққан Тони мен қорғаушы Матерацциді ондай сипаттамаға лайықты дей алмайтынымыз анық. Бұл команданың ең жарық жұлдызы – Марчелло Липпи. Әу баста өз мүмкіндіктеріне сенбеген футболшылардың жігерін жаныған да, қауырт шешімдерімен ойын барысын күрт өзгертіп, жеңіске бастаған да сол. Даңқты Мишель Платинидің: «Біздің кезімізде ойын тағдырын футболшылар шешуші еді, қазір көп нәрсе бапкерге байланысты», – деген сөзі Италияны төртінші рет әлем чемпионы атандырған маманның шын бағасын байқатады. Ита-Фра4 Италия – төрт дүркін әлем чемпионы!   Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×