ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

23.05.2014, 06:41
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   12-орын. ГЕРМАНИЯ-1990 Негізгі құрам: Иллгнер – Колер, Аугенталер, Бухвальд – Бертольд, Бреме, Байн, Маттеус, Литтбарски – Феллер, Клинсманн. Бас бапкер – Франц Беккенбауэр. Бапкер Бұл жолғы немістердің алғашқы матчтағы аяқ алысына қарап-ақ болашақ чемпиондардың ойынын көргендей болғанбыз. 90 минут бойы арынын бір ірікпеген олар Югославияны талқандап тастады. Бас бапкер Ф.Беккенбауэр 1986 жылғы чемпионаттан соң, шау тартқан «шалдардың» көпшілігімен қоштасып, орнына кілең жастарды – Юрген Клинсманн, Юрген Колер, Бодо Иллгнер секілді талантты ойыншыларды шақырған болатын. Бұрынғылардан тек Руди Феллер, Лотар Маттеус, Томас Бертольд, Андреас Бреме және Пьер Литтбарски ғана қалған-ды. Міне, осы жастық жалын мен салқынқанды тәжірибе керемет келісім тапқан ұйымшыл ұжым бар қарсыласынан басым түсті. М-Ф-90 Команданың көшбасшылары – Лотар Маттеус пен Руди Феллер.   1/8 финалда олар Голландиямен кездесті. Жалпы, немістер мен голландықтардың өзара матчы қашанда тартысты өтеді. Бұл жолы да солай болды. Феллердің әуелі шашына, сосын бетіне... түкірген Райкаард алаңнан қуылды, жүйкесі сыр берген неміс шабуылшысы да қызыл карточка алды. Ойын жағынан немістердің қарқыны керемет еді. Бүкіл ойын бойына айқын басымдық танытқан олар сол артықшылығын қай-қайсысы да жанкүйер жүрегін селт еткізер екі әдемі голмен түйіндеді. Біріншісінде Клинсманн сол қапталдан Гвидо Бухвальд әуелетіп тастаған допқа секіре ұмтылып, баспен дәл соқты. Екіншісінде Бреме айып алаңының бұрышында тұрып қиғаштай тепті. Әуелде далаға ұшқандай көрінген доп шиырылып барып қақпаның арғы бұрышына қойды да кетті. Қақпашы Ханс ван Брекеленнің тіпті орнынан қозғалуға да шамасы келген жоқ. Матч бітуге бір минут қалғанда Колер өз айып алаңында допқа ұмтыла берген ван Бастенді аяғынан шалып құлатты да, Р.Куман есеп айырмасын қысқартты. Басқа ерлікке бұл күні Голландия құрамасы дайын емес еді. Бреме-гол Финал тағдырын шешкен пенальтиді Андреас Бреме орындады.   Топтық кезеңде күшті ойнаған немістер шешуші ойындарда тым сақ ойнауға көшті. Чехословакиямен болған ширек финалда олар қорғанысқа көп көңіл бөлді. Пенальтиден соғылған жалғыз голды қанағат тұтып, екінші таймда есепті еселей түсуге ұмтылған жоқ. Жартылай финалдағы Германия – Англия кездесуі де тең дәрежеде өтті. Екі команда да финалға шығу үшін барын салды. Өзі де ойнай алмай, өзгені де ойнатпай, қарадай әлекке түсіп жүрген Аргентинаның финалға шыққанын естіген немістер де, ағылшындар да қай жеңгенінің чемпион болуға мүмкіндігі зор екенін ұқты. Алайда ешқайсысы да бір-бірінен басымдығын байқата алмады. Амал жоқ, жеңімпазды ойыннан соңғы пенальтилер анықтады. Немістердің бірде-бірі мүлт кеткен жоқ, ал ағылшындардан Пирстің тепкен добын Иллгнер ұстаса, Уоддлдың соққысы қақпадан биік кетті. Финалда Германия мен Аргентина кездесті. Өкінішке қарай, осыдан төрт жыл бұрынғы ғажайып кездесудей емес, бұл жолғы матч тартысты болса да, мазмұнды өтпеді. Рас, Карлос Билардоның командасы финалда құйын-перен немістердің тегеурініне 85 минут төтеп берді-ақ. Төтеп бергенде, тек өз қақпасы алдында ұйлығысып, неміс футболшыларының ойынына кедергі жасауды ғана білді. Ол аз болса, дөрекілігімен Кодесаль Мендестің төзімін тауысқан екі ойыншысы алаңнан қуылды. Ойын осылай жалғаса берсе, тағы да пенальтиге барып тіреліп, 7 ойында бес-ақ гол соққан бейшара команданың әлем чемпионы болып кету қаупі бар екенін сезді ме, кім білсін, мексикалық төреші матч бітуге 5 минут қалғанда олардың қақпасына сәл күмәнділеу 11 метрлік белгіледі (айтпақшы, бұған қатты наразы болған Марадона марапаттау рәсімінде ФИФА президенті Жоао Авеланждың қолын алудан бас тартты). Гойкоэчеаның пенальти ұстаудың теңдессіз шебері екенін білетін Бреме допты әдейі қақпаның тура бұрышына бағыттады. Соққының бағытын бағамдаған қақпашы жанұшыра ұмтылса да жете алмады. Сөйтіп, Германия құрамасы үшінші рет әлем чемпионы атанды. Олар топтық кезеңде 4-4-2 схемасымен ойнаған болса, плей-офф кезеңінен бастап, 3-5-2 тактикалық жүйесіне көшті. Аугенталер – либеро (артқы орталық қорғаушы) болса, Колер мен Бухвальд оның сәл алдында орналасты. Қос қапталдағы Бертольд пен Бреме қорғанысқа да, шабуылға да бірдей араласты. Бұрын артқы шепке көп қарайлайтын Маттеусті бұл жолы Беккенбауэр алға жылжытып, диспетчер ретінде сәтті пайдаланды. Оған Литтбарски мен Байн (кей ойындарда Хесслер) сенімді серік бола білді. Қос шабуылшы Феллер мен Клинсманн үш-үштен доп соқты. GERMANY CELEBRATES Германия құрамасы – әлем чемпионы!   Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×