ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

28.05.2014, 02:48
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   11-орын. БРАЗИЛИЯ-2002 Негізгі құрам: Маркус – Лусио, Роке Жуниор, Эдмилсон – Кафу, Роберто Карлос, Жилберто Силва, Клеберсон, Ривалдо – Роналдиньо, Роналдо. Бас бапкер – Луиз Фелипе Сколари.

 Сколари1

2002 жылы алтын кубоктан үміткерлердің көпшілігі чемпионатқа тым шаршаулы келді. Әрине, төрешілер де біраз нәрсені былықтырды, бірақ фавориттердің аса бабында еместігі де аңғарылды. Бірақ Бразилия – басқа мықтыларға қарағанда тыңғылықты дайындалған секілді. Оның ойынын ұйымдастыратын жарық жұлдыздарға футбол маусымы барысында өз күшін сарқа жұмсамаудың сәті түскендей. Мәселен, Роналдо жарты жыл бойы жарақатынан айыға алмай жатты (оның кейін сұрмерген атануы тегін бе еді?), Ривалдоның да екі рет мәжбүри «демалысқа» шығуына тура келді, ал Роналдиньо ол кезде деңгейі салыстырмалы түрде сәл төмендеу француз чемпионатында өнер көрсетті. Яғни, бразилиялықтардың басты жұлдыздары әлем чемпионатына шаршаулы келген жоқ. Дегенмен, бірінші ойында Бразилия Түркияны ойдан шығарылған пенальтидің көмегімен ғана әрең жеңді. Жалпы, олар ең оңай топқа түсті. Қытайды 4:0, Коста-Риканы жартылай қосалқы құраммен 5:2 есебімен талқандаған Сколари шәкірттері 1/8 финалда Бельгияның кәдімгідей қарсылығына тап болды. Төреші Марк Вильмотстың таза соғылған голын есептемей қойды. Тек ойынның соңына қарай Ривалдо мен Роналдо бір-бір гол соқты. Бра-Тур Бразилия – Түркия матчынан көрініс.   Чемпионаттағы ең әдемі ойынның бірі ширек финалдағы Англия – Бразилия кездесуі еді. Есепті Лусионың қателігін пайдаланған Оуэн ашты. Дегенмен бұдан кейін ойын тізгінін бразилиялықтар өз қолдарына алды. Олардың шабуылда көбіне импровизацияға бой ұратыны белгілі. Осыған дейінгі бәсекелерде нәтижені негізінен Роналдо мен Ривалдо жасап келген болса, бұл жолы 22 жастағы тума талант Роналдиньо ерекше көзге түсті. Ол алдымен Ривалдоға тамаша пас шығарып берді, сосын екінші тайм бастала бере өзі айып соққысын алыстан керемет соқты. Өкінішке қарай, төрешінің оны алаңнан қууы негізсіз болды. Жартылай финалда тағы да түріктермен тоқайласқан бразилиялықтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Ал финалда Бразилия құрамасы бесінші рет әлем футболының алтын тәжін иеленді. Бүкіл турнир бойына қарсыластарынан айқын басым түсіп келген олар шешуші кездесуде де жеңіске лайық болды. Бұл – әлем чемпионаттары тарихындағы Бразилия мен Германияның тұңғыш ойыны еді. Йокогамадағы шешуші ойынның алдында мамандар осы чемпионаттың жұлдызы атануға лайық деп мына үш футболшыны көрсеткен болатын: Роналдо, Ривалдо және Кан. Бір қызығы, финалдың тағдыры расында да осы үшеуінің тікелей араласуымен шешілді. Алғашқы гол Ривалдоның соққысын ұстай алмаған неміс қақпашысының қателігінен соғылды. Әрине, бразилиялықтың соққысы қатты болған да шығар, жаңбыр себелеп тұрған соң, онсыз да ебедейсіз делінетін Fevernova добы қолынан сусып шығып кеткені де рас болар, бірақ чемпионаттың үздік қақпашысы атанған шебер үшін бұл – өте өрескел қателік еді... Канның басқа кезде емес, тура Бразилиямен ойында қателесуінде де бір мән бар секілді. Жалпы алғанда, қимылы тәнті еткенімен, Германия чемпион болуға мүлде лайық емес-тұғын. Егер олар жеңімпаз атанғанда, бәлкім, футболға обал болар ма еді. Сондықтан футбол құдайының, сөз жоқ, чемпионаттың үздік қақпашысын тап осы сәтте сүріндіруі тегін емес-ау... Ал екінші голға Канды кінәлаудың жөні жоқ. Бұл жерде бәрі де тамаша болды: Клеберсонның пасы да, оны әдемі өткізіп жіберген Ривалдоның тапқырлығы да, допты сол аяғымен тоқтатып, бірер секундтан соң оң аяғымен солқ еткізіп соғып жіберген Роналдоның шеберлігі де... Тіпті жан ұшыра секірген қақпашының әрекеті де осы бір әдемі көрініске өзінше әр қосып тұрды. Финал-гол Финалда Роналдо Канды екі рет қапы қалдырды.   «Бүгінгі Бразилия 1994 жылғы командадан да, осыдан төрт жыл бұрынғы құрамадан да күшті!» деді қуаныштан жүрегі атша тулап, 23 жігіттің әрқайсысының бетінен бес минут сүйген Пеле. «Футбол королінің» сөзінде титтей де асылық жоқ. Бұл жолғы Бразилия «қойшы, кубокты қайта-қайта осылар ала бере ме?» деп, турнир басталғаннан өздерінің жеңісіне қарсы болған жанкүйерлер тобын да әсем ойынымен баурап әкетті. Әу баста тым селкеу көрінген қорғанысы да шешуші сәт жақындаған сайын тас-түйін бола түсті. 3-5-2 тактикалық жүйесі ұжымның бар мүмкіндігін ашып көрсетуге көмектесті. Кафу мен Роберто Карлос қос қапталдың нағыз қожайындары болды. Айтпақшы, команда капитаны Кафу – үш рет финалдық матчқа қатысқан тұңғыш және әзірге жалғыз футболшы! Бра-2002 Бразилия құрамасы – 5 дүркін әлем чемпионы! Луиз Фелипе Сколари мығым қорғаныс, ұйымшыл әрекетпен бірге командадағы жекелеген жарық жұлдыздарды тактикалық жүйе шырмауына қамап ұстамай, оларға белгілі бір дәрежеде ой және қимыл еркіндігін берудің де жақсы жақтары бар екенін тағы бір рет дәлелдеді. Сөйтіп, «бүгінде прагматик болмай күн жоқ!» деп күңіренетін кейбір мамандарды әжептәуір ойлантып тастады. «90-жылдарда тоқырауға ұшыраған әлемдік футболдың француздар айқындап берген шабуылдаушы сипаты бұдан соң Бразилия нұсқаған бағытта дамиды» десті дуалы ауыз сарапшылар. Демек, бұл – Бразилияның ғана емес, жалпы футбол өнерінің жеңісі болды десек, артық емес. Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×