ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

08.06.2014, 16:48
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   7-орын. ИСПАНИЯ-2010 Негізгі құрам: Касильяс – Серхио Рамос, Пуйоль, Пике, Капдевила – Бускетс, Хаби Алонсо, Хави, Иньеста – Торрес, Вилья. Бас бапкер – Висенте Дель Боске. visente-del-boske_1339959869399860916del 2010 жылғы Испания құрамасы – өзге құрлықта чемпион атанған тұңғыш еуропалық команда. Сондай-ақ ол – ең аз гол соққан жеңімпаз (7 ойында 8-ақ гол). Бір қызығы, сол 8 голды үш-ақ футболшы соққан (Вилья – 5, Иньеста – 2, Пуйоль – 1). Сосын Испания-2010 – чемпионатты ұтылып бастаған алғашқы жеңімпаз. Екі жыл бұрын Еуропа чемпионы атанған испан командасының Оңтүстік Африкада да топ жаратынына сенімділер аз болған жоқ. Әйтсе де, әлем чемпионатындағы алғашқы ойынында Швейцариядан ұтылып қалған (есеп 0:1) В.Дель Боске шәкірттері өз тілеулестерінің жүйкесінде біраз ойнады-ақ. Гол соғатын қауіпті сәттер бойынша да (8:3), қақпаға бағытталған соққы жағынан да (22:8), допқа иелік ету көрсеткіші жөнінен де (73 пайыз!) Испания алда болды, бірақ... гол соға алмады. Пикенің соққысы – бағанаға, Х.Алонсо тепкен доп – маңдайшаға тиді. Екінші кездесуде бұлар Гондурасты аямайтын шығар дегенбіз. Бірақ испандықтар Давид Вилья соққан екі голды қанағат тұтты (шабуылшы тіпті пенальтиді де дәл соға алмады). Гол соғуға оңтайлы сәттер жөнінен ара-салмақ тіпті 14:1 болды! Испания соңғы турда доп айырмасы да қажет болуы мүмкін екенін ойламаған секілді, көп гол соғуға ұмтылмағандай әсер қалдырды. Расында да, доп айырмасы қажет болған жоқ: үшінші турда Чилиді ұтқан (2:1) олар топ жеңімпазы атанды. 1/8 финалда Пиреней түбегінен келген қос команда өзара кездесті. Португалия қорғанысқа баса көңіл бөліп, алға аса ұмтыла қоймады. Ал Испания Еуро-2008-дегі жарқын ойынын еске түсіріп, шабыттана ойнады, 90 минут бойы шабуылдады. Жеңіс добын 63-минутта Вилья соқты. Тап осы мерген шабуылшының голы ширек финалда да командаға жеңіс сыйлады. Парагвай құрамасы испандықтармен тең дәрежеде айқасты. 59-минутта олардың алға шығуына да мүмкіндік болды, бірақ Кардосоның 11 метрлік нүктеден тепкен добын Касильяс ұстай алды. Арада 3 минут өткенде Парагвайдың қақпасына пенальти белгіленді. Хаби Алонсо гол соғып еді, төреші «ойыншылардың бірі соққыға дейін айып алаңына еніп кетті» деп, пенальтиді қайта тебуді бұйырды. Алонсоның соққысын бұл жолы қақпашы Вильяр кері қайтарып еді, серпілген допқа бірінші болып Фабрегас жетті, ал парагвайлық қақпашы оны шалып құлатты! Бірақ төрешінің тағы бір пенальти белгілеуге жүрегі дауаламаса керек, ысқырық үнсіз қалды. 83-минутта Иньеста екі қарсыласын алдап өтіп, оң жақтағы Педроға тастаған жасырын пасы арқылы тағы екі парагвайлықты сан соқтырды. Айып алаңына еркін енген Педро қақпаның тура оң жақ бағанасын дәл көздеді. Кері ұшқан доп Вильяға дәл келіп еді, оның соққысы алдымен сол жақ бағанаға, сосын қайтадан оң бағанаға тиді де, торға түсті – 1:0. «Бағаналар да футбол ойнағысы кеп кетті-ау деймін» деп әзілдеді ойыннан соң Вилья. И-ДВ-2010 Испанияны алға сүйрегендер – Андрес Иньеста мен Давид Вилья. Жартылай финалда Испанияның қарсыласы – жолында кездескеннің бәрін кескен теректей сұлатып келе жатқан Германия болды. Плей-офф кезеңінде немістер әуелі Англияны (4:1), сосын Аргентинаны (4:0) шашып тастады. Ал испандықтар қарсыластарын тек бір доп айырмашылығымен ғана жеңді. Сондықтан көпшілік бұл жұптың фавориті – Германия деп білді. Алайда неміс бапкері Йоахим Лев: «Рас, біз Месси бастаған аргентиналықтардан айқын басым түстік. Бірақ Испания – мүлде басқаша ойнайтын команда. Әсіресе қорғанысы мен ортаңғы шебі өте күшті. Оларда бір емес, бірнеше Месси қатар ойнайтын сияқты әсер қалдырады» ,– деді. Шынында да, испандықтар Й.Лев жігіттеріне доп бермей қойды. Немістер, неге екені белгісіз, қарсыласынан тым сескеніп ойнады. Олардың гол соғатын екі-ақ мүмкіндігі болды, екеуінде де Касильяс қырағылық танытты. Ал В.Дель Боске шәкірттері қарсы қақпа алдында 6 бірдей қауіпті жағдай туындатты. Соның бірін – Хави орындаған бұрыштаманы – қорғаушы Пуйоль керемет пайдаланып, баспен дәл соқты – 1:0! Допты бір-біріне тез және дәл бере отырып, лезде қақпа алдынан бір-ақ шығатын испан тики-такасына қарсы немістер ештеңе жасай алмады. Кас-2010 Финалда Икер Касильяс өз командасын екі рет құтқарып қалды. Финал өте тартысты және тым дөрекі өтті. Төреші Уэбб 13 сары қағаз көрсетті, голландиялық Хейтинганы тіпті алаңнан қуып шықты. Ойын жалпы алғанда тең дәрежеде өтті деуге болады. Испанияның да, Голландияның да гол соғатын бірнеше мүмкіндіктері болды, бірақ Вилья, Рамос және Ван Перси соққыларына не дәлдік жетіспеді, не қақпашылар қырағылық танытты. Екінші таймда испандықтар түгел алға кеткен сәтті пайдаланып, Снейдер тамаша пастарымен екі рет Роббенді Касильяспен жекпе-жек шығарып еді, қақпашы шеберлігімен көзге түсті. Ал қосымша уақытта көбінесе допсыз жүгіріп шаршаған голландықтар сыр бере бастады да, ақырында Иньеста жеңіс добын соқты. Испания тұңғыш рет әлем чемпионы атанды. Es-2010 Испания құрамасы – әлем чемпионы!   Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×