ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

10.06.2014, 01:38
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   4-орын. ГОЛЛАНДИЯ-1974 Негізгі құрам: Йонгблад – Сурбиер, Хаан, Крол – ван Ханегем, Райсберген, Янсен, Неескенс, Кройф – Реп, Ренсенбринк. Бас бапкер – Ринус Михелс.

 ринус михелс

1974 жылғы Голландия құрамасы футбол тарихында айрықша орын алады. Бас бапкер Ринус Михелс кілең «Аякс» пен «Фейеноорд» ойыншыларынан құралған голланд командасын мүлде жаңа тактикалық тәсілдермен қаруландырды. Допты ұйымдаса тартып алу, жасанды офсайд, қорғаныста да, шабуылда да ойын барысына қарай әр футболшының бір-бірінің орнын басып ойнай беруі – басқалар үшін әлі таңсық еді. Мұндай «ұйымдастырылған берекесіздікке» қарсы ештеңе жасай алмай, пұшайман болғандар шетінен жеңіле берді. Сөйтіп, алаңдағы 11 ойыншының да қатысуын қажет ететін «тұтасқан (тотальный) футбол» дүниеге келді. Мамандар мұны «футболдағы төңкеріс» деп атады. Голландықтар сол кездің өзінде-ақ кейбір бүгінгі командалардың да тактикалық бағыт-бағдары саналатын 3-5-2 үлгісімен ойнады. Вим Сурбиер қорғаныстың оң қапталын қадағалады, Руди Крол сол қанатты тастай ғып бекітті. Ортада қажет кезде олардың қателігін түзетуге әзір Ари Хаан жүрді. Орталық алаңдағы үш Вим – ван Ханегем, Янсен және Райсберген тылдың тыныштығына көбірек көңіл бөлді, ал қос Йохан – Кройф пен Неескенс негізінен шабуылшыларға (Джонни Реп пен Роб Ренсенбринк) қол ұшын берушілер және ойынды ұйымдастырушылар еді. Гол-ГДР Голландия – ГДР – 2:0.   7 кездесуде 15 доп соққан Голландия құрамасы біріншіліктегі ең көп гол енгізген ұжымдардың бірі болды. Турнир алдында бір амстердамдық банк Голландия футболшыларының әрбір голы үшін 5 мың гульден (1 мың доллар, ол заманда әжептәуір мол ақша) төлейтінін айтқан-ды. Ал Болгариямен ойында қорғаушы Крол байқамай... өз қақпасына доп соғып алды. Команда мүшелері банк басшылығынан Кролдың голына да ақша төлеуді талап етті. «Айтқан сөз – атылған оқ» екені рас, амал жоқ, банк талапты орындапты, бірақ бұдан былай голланд футболшыларының тек қарсы қақпаға енгізген доптары үшін ғана ақша төлейтінін нақты атап көрсетуге мәжбүр болыпты. Бірінші кезеңде Швеция, Болгария және Уругвайды қарсылас құрлы көрмеген голландықтар екінші топтық турнирде де ешкімді аяған жоқ. Әсіресе оңтүстікамерикалық қос мықты оңбай таяқ жеді. Аргентина 0:4, Бразилия 0:2 есебімен ұтылды. Кейінгі ойында Бразилия өзінің алтын тәжінен айырылды. «Чемпионды еліне ертерек қайтарғандар – болашақ жеңімпаздар!» деп алдын ала асығыстық жасағандар да кездесті. Расында да, бұл матчта Р.Михелс шәкірттері керемет ойнады. 50-минутта Неескенс барын сала ұмтылып, әріптесінің жерлете тастаған добын аяғының ұшымен тік көтеріп жіберді – ол қақпадан едәуір алға шығып кеткен Леаоның үстінен зулап өтіп, тура тоғыздықтан торға түсті. Ал арада 15 минут өткенде Кройф қапталдан әуелете берілген допты жерге түсірместен қатты соқты – 2:0! Гол-Арг Кройф пен оның серіктері Аргентинаны 4:0 есебімен талқандады. Финалда Голландия құрамасының жақсы ойнағанына қарамастан темірдей тәртіпке бағынған ұйымшыл неміс командасы жеңіске жетті. Голландықтар бірінші таймда алаң иелерінен әлдеқайда басым ойнады. Олар тіпті немістердің аяғы допқа тимей жатып-ақ есеп ашты. Ойынды ортадан бастаған қызғылт-сары жейделі футболшылар бір-біріне 14 дәл пас тастады, сосын 14-нөмірлі ойыншы Кройф айып алаңына тұра ұмтылды. Оны қорғаушы Фогтс шалып жығуға мәжбүр болды. Пенальтиді мүлтіксіз соғатын Неескенс бұл жолы да мүлт кеткен жоқ. 1974 World Cup Final. Munich, West Germany. 7th July, 1974. West Germany 2 v Holland 1. Holland's Johan Cruyff is tripped by West Germany's Uli Hoeness in the first minute of the match to win a penalty watched by referee Jack Taylor. Johan Neesken scored f Финалдық ойыннан көрініс. Бұдан кейін де голландықтар есепті еселей түсуге талай рет мүмкіндік алды. Бірақ қақпашы Майер тамаша ойнады. Көп ұзамай Ян Йонгблад қақпасының маңында да қауіпті жағдайлар көбейе түсті. Сондай сәттің бірінде айып алаңына ұмтылған Хельценбайнды Янсен шалып құлатты: Брайтнер 11 метрлікті дәл соғып, таразы басын теңестірді. Есеп теңескен соң, ойын да тең дәрежеде өрбіді. Ақыры Герд Мюллер жеңіс добын соқты. Голландияны құртқан – турнир соңына қарай негізгі ойыншылардың шаршай бастауы еді. Өйткені, олардың өте жылдам, тұтасқан футболы ойыншылардың көп қимылдауын қажет ететін. Ал алаң жиегіндегілер негізгі құрамдағы мықтыларды алмастыратындай дәрежеде емес-ті. Бірақ чемпион атанбаса да, бұл команданы жанкүйерлер, мамандар өте жоғары бағалайды. Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×