ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20

11.06.2014, 20:23
ФУТБОЛ. ӘЧ. ТАҢДАМАЛЫ- 20
Әлем чемпионаттары тарихындағы үздік 20 команда туралы сөзді әрі қарай жалғаймыз.   2-орын. ГЕРМАНИЯ-1974 Негізгі құрам: Майер – Фогтс, Шварценбек, Беккенбауэр, Брайтнер – Хенесс, Бонхоф, Оверат – Грабовски, Г.Мюллер, Хельценбайн. Бас бапкер – Хельмут Шен.

 Helmut Schon

1974 жылғы чемпионатта әлем жұртшылығын Голландия мен Польша құрамалары таң қалдырды. Бірақ алтын кубокты Германия (ГФР) алды. Кейде «чемпион Голландия болуы керек еді» деген әңгімелердің, жалпы олардың ойынына деген айрықша құрметтің әсерінен немістердің жеңісі көлеңкеде қалып қояды. Шын мәнінде, Германия-1974 – чемпион болуға әбден лайық команда. Рас, Голландия да ғажап ойнады, бірақ Беккенбауэр мен оның серіктерінің наны – адал, чемпиондық атағы – даусыз. Deutschland ist Fußball-Weltmeister 1974 Алтын кубок Франц Беккенбауэрдің қолында.   Бірінші топтық кезеңде Чилиді (1:0), Австралияны (3:0) қиналмай ұтқан немістер тек өздерінің «социалистік ағайындарынан» – ГДР футболшыларынан ғана жеңілді. Осы ойынның алдында ГФР – 4, ал ГДР – 3 ұпайға ие еді. Бірақ 1-орын алған команда келесі кезеңде Бразилия, Голландия сияқты мықтылармен белдесіп, 2-орында қалғаны Швеция, Югославия тәрізді орташалау қарсыластарға тап болатынын алдын ала сезсе керек, «капиталист немістер» міндетті түрде топ жеңімпазы болуға аса ұмтылмағандай. 77-минутта Шпарвассер соққан жалғыз доп ГДР футболшыларына тарихи жеңіс сыйлады. Ал екінші топтық турнирде Германия құрамасы Югославияны (1:0), Швецияны (4:2) ұтты. Поляктар да аталған командаларды жеңді, бірақ доп айырмасы аздау еді. Сөйтіп, Германия – Польша нағыз жартылай финалға айналды. Өкінішке қарай, Майндағы Франкфуртта сол күні шелектеп құйған нөсердің салдарынан ойын өтетін арена алаңнан гөрі суарылған егіс алқабына көбірек ұқсады. Шабуылдауға тиіс поляктар қайта-қайта кібіртіктеумен болды. Ойын соңында Герд Мюллер соққан жалғыз доп тартысты кездесудің тағдырын шешті. Финал (Германия – Голландия – 2:1) осы чемпионаттың ең тартымды, ең драмалы матчы болды. «Нағыз гладиаторлардың айқасы» деп жазды газеттер. Бұл ойынның бейнетаспасын қайталап көріп отырып, қандай тамаша матч болғанына көз жеткізе аласыз. Голландықтар бірінші таймда алаң иелерінен біршама басым ойнады. Олар тіпті немістердің аяғы допқа тимей жатып-ақ есеп ашты. Ойынды ортадан бастаған қызғылт-сары жейделі футболшылар бір-біріне 14 дәл пас тастады, сосын 14-нөмірлі ойыншы Йохан Кройф айып алаңына тұра ұмтылды. Оны неміс қорғаушыларының бірі шалып жығуға мәжбүр болды. Пенальтиді мүлтіксіз соғатын Неескенс бұл жолы да мүлт кеткен жоқ. ГМ-ПБ Финалдағы голдардың авторлары Герд Мюллер мен Пауль Брайтнер. Бұдан кейін де голландықтар есепті еселей түсуге бірнеше мүмкіндік алды. Қорғаныстың мақтаулы Беккенбауэр бастаған ортаңғы шебі жасыл алаңда ойнақ салған Кройф пен оның әріптестерін өз қақпасына қарай жиі-жиі өткізіп алумен болды. Бірақ қақпашы Майер бұл кездесуде тамаша ойнады. Оның Оверат және Брайтнер секілді серіктері еңсесі басылып қалған команданың жігерін қайта жануға барын салды. Қолдан сусып кете барған ойын тізгінін қайта ұстауға осы ойыншылар, сондай-ақ Бонхоф көп үлес қосты. Көп ұзамай Ян Йонгблад қақпасының маңында да қауіпті жағдайлар көбейе түсті. Сондай сәттің бірінде айып алаңына батыл ұмтылған Хельценбайнды Янсен шалып құлатты: Брайтнер 11 метрлікті дәл соғып, таразы басын теңестірді. Есеп теңескен соң, ойын да тең дәрежеде өрби бастады. Бірінші таймның бітуіне екі минут қалғанда Герд Мюллер өзінің құрама сапындағы соңғы, 68-голын соқты – 2:1. Кездесудің екінші бөлігі де алма-кезек шабуылдармен өтті. Голландықтардан Реп пен Неескенс, немістерден Беккенбауэр мен Грабовски өздерінің гол соғатын мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Г.Мюллердің таза голын төреші «офсайд» деп есептемей қойды, ал  соңғы минуттарда голланд қорғаушылары Хельценбайнды өз айып алаңында шалып құлатты, бірақ ағылшын төрешісі Тэйлордың тағы бір пенальти белгілеуге жүрегі дауаламады. Көп ұзамай ол ысқырық шалды да, ойын бітті. Германия құрамасы екінші рет әлем чемпионы атанды. ФРГ-74 Германия құрамасы – екі дүркін әлем чемпионы.   70-жылдардың басы мен ортасындағы Германия – футбол тарихындағы ең мықты командалардың бірі. Ол үш турнир қатарынан финалда ойнады: 1972 жылы Еуропа чемпионы атанды, 2 жылдан соң әлем чемпионы болды, ал 1976 жылы финалда пенальтиден ұтылды. Сәкен СЫБАНБАЙ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×