Футбол әлемі Тито Виланованы жоқтайды

27.04.2014, 02:08
Футбол әлемі Тито Виланованы жоқтайды
"Қайран өмір, сонша сүйген, өтесін-ау бір күні"-деп Мейрамбек әндеткендей, өмірді қанша сүйсең де, ажал атты зұлымнан қашып құтылған кім бар.. Сол зұлым кеше футбол әлеміне тағы да заһарын шашты. Уақытында, Гвардиоламен бірге "Барселонаны" чемпиондардың чемпионы еткен 45 жасар  Тито Виланова дүниеден озды Тито Виланова футболшы ретінде әлемге танымал бола қойған жоқ. Алаңда жартылай қорғаушы позициясында өнер көрсетті. Карьерасын "Барселонаның" жастар командасында бастағанымен, негізгі құрамға шыға алмайды. Кейін, екінші дивизонда ойнайтын  "Фигерес" командасына ауысады. Бағы ашылған кез осы сәт болатын. Команданың негізгі ойыншыларының біріне айналып, ұжымды Примьераға шығаруға бір қадам қалады. Соңғы сәтте, "Кадиске"  жол береді. 2002-жылға дейін жалғасқан футболшылық ғұмырында "Сельта", "Мальорка", "Эльче", "Бадахос", "Лерида", "Граманет" секілді испаниялық командалар құрамында өнер көрсетіп, 223 рет алаңға шығып, 19 рет мергендігімен танылған. Футболшы ретінде карьерасын қайда бастаса, жаттықтырушылық қысқа жолы да тура сол  "Барселонаның" екінші командасында басталады. 2007-жылы Гвардиола екеуі жастар құрамын тізгіндеп, бір маусым өткен соң негізгі командаға шақырту алады. 4 маусым қатарынан Гвардиоланың көмекшісі болған Тито, талай белестерді бағындырғантұғын. Еуропалық турнирлерді де, клубтар арасындағы әлем біріншілігін де жеңіп алады. Гвардиола кеткен соң, 2012/2013 маусымда католондық клуб басшылығы тізгінді бәрі күткендей топ-жаттықтырушыға емес, Тито Вилановаға сеніп тапсырады.  "Барселонаны" тізгіндеген бір жыл ішінде Чемпиондар Лигасындағы "Баварияға" ойсырай жеңілісі болды демесеңіз, Ла Лиганың алтынын сенімді еншілейді. Сол маусымның барысында-ақ ауруына ем табу үшін команданы тастап, мұхит асып ауруына шипа іздеп кетуге де тура келеді. Жеңісі жалғаса берер ме еді? Егер, ауруы жегідей жемегенде. Әлем медицинасы әлі күнге дейін қарсы қару таппаған рак ауруы, сенің алға қойған мақсаттарынмен санасып жатпайды. Өз заңын орнатады, өз дегенін істейді, іштей жегідей жейді. Ақыры, сол маусымның аяғында ауруымен күресу үшін, өз еркімен қызметінен кетеді. Тито Виланованың дүниеден озуы-трагедия.  Өмірден ерте кеткені футбол әлемінің қабырғасын қайыстырады-ақ. Біраз есеңгіретті. Дәлелдегеннен, дәлелдері көп еді. Футболға қайта ораларына сеніп едік(өз басым солай).  Былтыр "Барселонаның" сүрінгеніне Виланованы кінәлағандар болды. "Барселона" кейбір ойындарда сүреңсіз ойын көрсеткен болса, оны Виланованың осалдығы деп түсіну қате. Әлемде топ-жаттықтырушылар толып жатқанда, "Барселонаның" Вилановаға сенім артуы тегіннен тегін емес. Ол бәрімен күресті. Өзінің мықты жаттықтырушы екенін дәлелдеу үшін де, екі жарым жылдай уақытқа созылған аурумен де, өз-өзімен де. Ешқашан берілген емес. Өмірді сүйетін жан еді. Амал не, өмірді жалмауды сүйетін ауру жеңді. Басталмай жатып жаттықтырушылық жолы да аяқталды, өмірі де аяқталды. Футбол әлемі сені ешқашан ұмытпақ емес, Тито!  Жанын жәннатта болсың!   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ    
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×