Бүгін Венадан қайғылы хабар келіп жетті. Қазақстан Футбол Федерациясының бұрынғы президенті Рахат Әлиев түрмеде көз жұмыпты. Әрине, ең алдымен Рахат Мұхтарұлы көптеген қазақстандық үшін саяси тұлға. Ал футбол жанкүйерлері үшін ол кісі Қазақстан футболына еңбегі сіңген азамат. Естеріңізде болса 2001-2002 жылдары Қазақстан футболын Азия құрлығынан шығарып, Еуропаға кіргізу жұмыстары жүрді. Сол шақта Футбол федерациясының вице-президенті Тілек Ақпаев пен Рахат Әлиевтер осы жобаны қолға алып, ел футболының дамуы үшін осы қадамға барған болатын.
1 жылдай уақытқа созылған бұл мәселе ақырында өз шешімін тапты. Уефа президенті Леннарт Юханссон Стокгольмдегі Еуропа футболының кезекті отырысында, дауыс беру жүйесі арқылы Қазақстанның УЕФАға мүше болғандығын жариялады. Сол күн көптеген қазақ жанкүйерлерінің есінде. 25-сәуір, 2002 - жыл!
Несін жасырайық, Рахат Әлиевтің сол шақта УЕФАдан бөлінетін көп ақшаға қызығып, Азияны кәрі құрлыққа айырбастағаны жайлы әңгіме айтылды. Және одан кейін де, түрлі бағдарламадан бөлінген қаржының қомақты бөлігі жоқ болып кетіпті. Оны сол кезде футболдың басы-қасында жүргендер жеткізді. Рахат Әлиев ел футболын Еуропаға кіргізгендегі басты мақсаты сол қаржыны иемденіп қалу болатын деседі. Мақұл, солайы солай да шығар, бірақ біз, яғни қазақ футболының жанкүйерлері ел футболының УЕФАға енгеніне қатты қуандық.
Р.Әлиев пен Т.Аманшаұлының жасаған еңбектерін де жоққа шығармауымыз керек. Арно Пайперс секілді маманды әкеліп, құраманың ойынын көтеруге ат салысқан да солар болатын. Әлиевтің әр ойын сайын құрама жігіттерімен сөйлесіп, киім ауыстыратын бөлмеге де бас сұғып тұрғандығы жайлы аңыздар тарап жүр. Өздеріңіз білесіздер, ел футболындағы жарқын жеңістер де сол кісінің қызмет еткен тұсында тіркелген. Алматыда Сербияны жеңіп, Бельгиямен тең ойнап жүрген шақтарымыз жанкүйер жадында болар. Әзірбайжан мен Арменияны артқа тастап, 10-ұпаймен іріктеу тобында 4-орын алғанбыз.
Әрине, әркімнің басында пендешілік болады. Біз жоғарыдағы саяси ойындарға араласпаймыз. Біз, тек қана барды бар, жоқты жоқ деп айтуға ғана шамамыз келеді. Оның өзі неге тұрады, ағайын. Мінсіз адам жоқ қой бұл жалғанда. Ең бастысы, тек тілегіміз жақсы. Рахат Мұхтарұлы Әлиевтің иманы саламат болып, жатқан жері жайлы болсын!
Біздің серіктес: FONBET