Футбол клубтары өз-өзін қаржыландыруы керек

22.11.2011, 20:12
Футбол клубтары өз-өзін қаржыландыруы керек

Қазақстан футбол федерациясы футбол төңірегіндегі біліктілікті арттыру мақсатындағы іс-шараларының аясында Алматыда премьер-лига клубтарының қызметкерлеріне арнап маркетинг және фандрайзинг пәндері бойынша семинар өткізді. 

Бұл семинарда дәріс оқу үшін Еуропадан бірнеше маман келді. Ирландиядан келген Муни Ноэль (даму және маркетинг департаментінің бастығы) мен Джо Палмер («Шахтер» Донецк клубының стратегия, коммерция және маркетинг департаментінің бастығы) келіп футбол саласында қалай қызмет ету керектігі жөнінде құнды-құнды пікірлерін ортаға салды.

Атап өтер болсақ, жанкүйерлерді қалай стадионға көптеп тарту, клуб брендін жақсы қырынан таныта білу және оны ретімен пайдалану, маркетинг саласын жолға қоя отырып клубқа демеушілер мен қамқорлықты күшейтудің неше түрлі әдіс-тәсілдері сөз болды. Осындай қызметтерді командалардағы қызметкерлер жақсы меңгеретін болса, онда ел футболының да ілгерілеп дамуы мүмкін екендігі де тілге тиек етілді.

Бұл семинар соңғы жарты жылдың көлемінде маркетинг пен медиа-рилейшнз тақырыбында өткізіліп отырған 4-кезекті отырыс болып табылады. Еліміз клубтарындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін Қазақстан футбол федерациясы алдағы уақытта дәл осындай іс-шаралар санын арттырамыз деп жоспарлап отыр.

УЕФАның ең үздік медиа қызметкерлерінің бірі Мамука Кварацхелияның айтуынша Қазақстан футбол федерациясының жасап жатқан жұмыстары өте қарқынды. «Еуропаның өзге ешқандай аймағында дәл осылай қарқынды еңбек етіп жатқан ешқандай федерация жоқ. Алдағы уақытта сіздер осы істің нәтижесін көретін боласыздар», - деген болатын.

Осы күні мемлекеттік емес мекемелердің футболға демеушілік таныту мәселесі басты орынға шығып отыр. Себеі футбол клубтары қоғаммен байланысын күшейтіп, демеушілік тартып, әртүрлі қаржылық кіріске кенелуі керек. Әйтпесе 100 пайыздық қаржылықты мемлекет тарапы көтере беруі қиыншылық тудыртатын дүние екені бесенеден белгілі.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×