Футбол маусымының нағыз қызған шағы келген секілді. Еуропа төріндегі алпауыт командалардың жасыл алаңдағы айқасы тартысқа толы болмақ. Әсіресе, Испания мен ағылшын прьемер-лигасының ойындары. Мұнда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпардың оза шауып ойқастар сәті келгендей ме? Жоқ әлде... Қош сонымен екі ел прьемер - лигасындағы көшбасшы командалар кімдер?
Алдымен ағылшын прьемер-лигасына тоқталайық. 31-тур қорытындысы бойынша «Манчестер Юнайтед» «cитиліктерден» 5 ұпай айырмасы бойынша алға шықты. «Эвуд парк» стадионында «Блэкберн» командасымен өткен ойында 0:2 есебімен жеңіске жетіп, прьемер-лига көшін жеке-дара бастады. Сөз жоқ, «МЮ» ағылшын прьемер-лигасындағы фавориттердің алдыңғы қатарында. Биылғы маусымдағы «қызыл сойқандардың» қол созар жүлдесі – осы ішкі чемпионат ойындары болмақ. Команданың негізгі құрамы соңғы кезде тың серпіліске ие болып келеді. Шабуыл шебінде Уэйн Руни, Хавьер Эрнандес, Дэнни Уэлбек өнер көрсетсе, есесіне Димитар Бербатов қосалқы құрамда қалып қойып жүр. Жартылай қорғаушылар қатарында Кэррик Майкл, Луис-Антонио Валенсия, Райан Гиггзді ерекше атап айтуға болады. Патрис Эвра, Рио Фердинанд, Эванс Джонни, Рафаэль сынды тас қамал қорғаушылары бар команданың ендігі мақсаты – команда тарихындағы жиырмасыншы чемпиондық атақты иелену. Сэр Алекс Фергюсон қақпашы Давид де Хеаға үлкен сенім артып отыр. Расында бұл ойыншы «Блэкбернмен» болған ойында ерекше көзге түсіп, команданы бірнеше голдардан құтқарды. Жеңіс жолында Рунидің де аянып қалмасы анық. Қазір бұл ойыншының еншісінде 21 доп бар екен. Ал команда да Руниден кейін 10 доп соққан Хавьер Эрнандес келеді. Жалпы ағылшын прьемер-лигасының мергендер көшін «Арсенал» шабуылшысы Робин ван Перси бастап келеді. Енді «МЮ» 8 сәуір күні «Олд Траффордта» «Куинз Парк Рейнджерспен» кездеседі. Ағылшын прьемер-лигасының екінші сатысында тағы да бір Манчестерлік команда «Манчестер сити» келеді. Соңғы ойындарында команда өз ұпайларын жоғалтып алды. Ал алғашқы төртікке Лондондық «Арсенал» мен «Тоттенхэм» орналасты. Биылғы чемпиондар лигасында ағылшын прьемер-лигасынан жалғыз-ақ команда қалды. Ол – «Челси». Команданы прьемер-лигадағы жинаған ұпайы тек бесінші орынға ғана орналастырды. «Челси» жаңа бапкер іздестіруде. Құрамында Дрогба, Малуда, Мата, Старридж, Торрес сынды жігіттер бар команда ендігіде чемпиондар лигасында да, ішкі чемпионатта да тер төгу қажет. Чемпиондар лигасындағы ағылшындардың үміті осы команда болып тұр. Енді Испания примерасына көз жүгіртетін болсақ, көш тізгіні корольдік клубтың еншісінде. Каталондық клуб пен «Реал» арасын 6 ұпай бөліп тұр. Соңғы турда «Реал» қонақта «Осасунадан» 5:1 есебімен басым түссе, «Барселона» өз алаңында «Атлетикті» 2:0 нәтижесімен қапыда қалдырды. Негізгі чемпиондық талас та осы екі команда арасында өрбиді десек те болады. Турнирлік кесте бойынша 3 орында «Валенсия» болса, «Малага» небәрі бір ұпай айырмасымен қалып, төртінші сатыда орналасты. «Реал» өз тарихында Испания чемпионатын 31 мәрте жеңген екен. Ал каталондық клуб 21 рет. Соңғы екі маусымда чемпиондық атақты өз қанжығасына байлаған – Барселона ұжымы. Олар биыл да бұл жеңісті жолын сақтап қала алар ма екен? «Сантьяго Бернабеудің» шаңын қаптырып жүрген жігіттердің, «Барселона» үшін оңай шағылатын жаңғақ емесі де айдан анық. Роналду, Кака, Бензема, Марсело, С.Рамос сынды ойыншылары мен атақты Касильяс қақпашының тегеурініне қарсы тұру да оңай емес. Әзірге Криштиану Роналду мергендер көшін бастаса (37доп), одан небәрі бір доп қалыс Месси келеді. Азуы алты қарыс командалардың ойыншыларының өзінде де осындай тайталас бар. Хосеп Гвардиола шәкірттерінің соңғы жылдары бағы жанып келеді. Месси, Хави, Пике, Пуйоль, Фабрегас, Иньеста сынды сайыпқырандары бар команданың жұмған жұдырықтай жұмыла ойнауы көңіл көншітерлік. Қарсыластарын қалпақпен қағып алмаса да, қысқа паспен «қатыратын» қаһармандар емес пе?! Испания примерасының келесі турында Жозе Моуринью шәкірттері «Валенсияны» қабылдаса, каталондық команда «Сарагосада» қонақта болады. Негізінен «Эл-класико» ойынына әлі де 3 тур бар. Оған дейін командалар ұпай жоғалтатын болса, жағдайын қиындатып алары сөзсіз. Әсіресе, «Реалдың» алдыңғы ойындардағы қарсыластары жеңісті қолдан бермес командалар. Қош, сонымен екі ел чемпионаты да азуын айға білеген командалардың тартысты кезеңіне жақындап келеді. Кімнің оза шауып, жүйрік шығуы уақыттың еншісінде қала бермек...Өмірбек САНСЫЗБАЙ
Біздің серіктес: FONBET