«А» тобы. Айқын фавориттер жеңісі
Екі топқа бөлініп өнер көрсеткен командалар топтық кезең ойындарында барын салды. Кімнің мықты, кімнің жүйрік шығарын дөп басып айту расында да қиын еді. «А» тобында механика және математика, экономика, филология, журналистика және физика факультеттерінен жасақталған ( физикадан екі команда) командалар бағын сынады. Екінші айналымнан кейін бұл топтың фавориті де айқындала бастады. Механика және математика мен физика 2 командалары қарсыластарынан оқ бойы ұзап шықты. Алғашқы команда осы топтың айқын фавориті екендігін дәлелдеп берсе, кейінгі команда соңғы екі ойынын сүреңсіз аяқтады. Алайда алғашында жинаған ұпайлары команданы келесі кезеңге алып өтті. Ал физика 2 командасынан бір ұпай кем жинаған филология факультетінен жасақталған команда алғашқы үштікті қорытындылады.
«В» тобы. «Өлім тобы» деп бағаланған еді...
Еуропа чемпионатында да «В» тобы «өлім тобы» деп аталған болатын. Мұнда да бұл топ осылай аталды. Ойын алдында бұл топтағы командалар нағыз фавориттер, аутсайдер команда жоқ деп бағаланды. Алайда бұл болжамды алаңдағы ойын жоққа шығарғандай... Бұл топта география, тарих, философия және саясаттану, биология және химия факультеттерінің командалары жарыс жолына шықты. Ә дегеннен география мен философия және саясаттану факультеттерінің арасындағы ойында бұл турнирдегі ірі есеп айырмасы тіркелді. География факультеті командасының бес доп айырма басымдығымен аяқталды. Алайда тарих факультетінің командасы биология факультетінің командасынан басым түсіп, химия факультетінің командасының география факультетінен басым түсуі жағдайды мүлде шиеленістіріп жіберген болатын. Алайда намысқа тырысқан география факультетінен құралған команда бұл топтың тізгінін ұстап қалды. Ал бір-бірімен терезесі тең ойын өрнегін көрсеткен химия мен тарих факультеттерінің арасында келесі кезеңге химия командасы жолдама алды. Сонымен «өлім тобынан» география және химия факультеттерінің командалары «тірі шықты».Жартылай финал. Финал жолындағы жанталас
Доп додасының екінші күнінде ауа райы ыстық болды. Алайда алаңдағы футболшыларды бұл кедергі мойыта алмады. Жартылай финалда жұптасқан география мен физика 2 факультеттерінің командаларының арасындағы ойын өте қызықты болды. Екі доп жіберіп алған «физиктер» соңына дейін жанталасып жүріп, ойын соңында есепті теңестіріп кетті. Кезек пенальтиде. Ойын соңындағы «лотореяда» география факультетінің командасы жеңіске жетіп, финалға жолдама алды. «А» тобының айқын фавориті болған механика және математика факультетінің командасына «химиктер» командасы едәуір қарсылық көрсетіп, алғаш болып есепті де ашты. Бірақ жеңісті уыста ұстап тұра алмады. Есеп 2:1. Мехмат командасы финалға шықты. Финал. Фавориттер айқасы Қош сонымен финалға да жеттік. Жасыл алаңда екі топтан суырылып шыққан нағыз алыптардың шайқасы басталды. Механика және математика факультетінің командасы география факультетінің командасына қарсы ойын. Алғашқы команданың адуынды ойыншылары Таңнұр мен Айдын ойын тізгінін бірден қолға алуға тырысты. Финал алғашқы минуттардан-ақ жанкүйер қолдауымен шиеленісе түсті. Алайда мехматтың басымдығы байқалып тұрды. Алғашқы тайм ортасында бұл турнирдің үздік сұрмергендерінің бірі мехмат шабуылшысы Болат Айдынның бағыттаған соққысы қақпа төрінен табылды. Араға бірнеше минут салып Айдынның командаласы Таңнұр есепті еселеді. Екінші таймда қарсылас есеп айырмасын қысқартқан болатын, алайда ойын соңындағы Айдынның екінші голы ойын тағдырын түбегейлі шешіп кетті. Сонымен 2012 жылғы ҚазҰУ-де шағын футболдан ұйымдастырылған «Студенттер құрылыс жасағының» жеңімпазы болып, механика және математика факультетінен жасақталған команда жеңімпаз болып танылды.Қол жеткізген нәтиже
Шағын футболдан ұйымдастырылған бұл аламан өте жоңғары деңгейде өтті. Мұны белгілі спорт шолушысы және «Қазақстан» телеарнасының комментаторы Ермұхамед Мәуленнің пікірінен де байқауға болады: - Шағын футболдан ұйымдастырылған бұл жарыс жоғары деңгейде өтті деп бағалаймын. Расында да механика және математика факультетінен жасақталған команда керемет өнер көрсетті, жеңіске жетті. Бұл да командалық ойынның арқасында. Ал ойынды жанкүйерлерге хабарлап, жеткізіп отырған Амангелді Сейітханды( журналистика факультетінің ІІ курс студенті) ерекше атап өтуге болады. Мұндай жарыстар көптеп ұйымдастырылса, талай таланттың жолын ашары сөзсіз. Жалпы турнирдің ұйымдастырылуының жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан журналистика факультетінің студенті Хамиденов Асқарды ерекше атап өтуге болады. Ал бұл турнир тек қана жеңімпазды ғана анықтап қоймай, жарыстағы үздіктерді де таныта білді. 1. «Ең үздік қақпашы» - Химия факультетінің ІІ курс студенті Буращев Қайрат. 2. «Ең үздік қорғаушы» - География факультетінің ІІІ курс студенті Мұстафин Жалғас. 3. «Ең үздік сұрмергендер» - География факультетінің ІІІ курс студенті Дүйсенбеков Есқали мен механика және математика факультетінің ІІ курс студенті Болат Айдын ( 9 голдан). 4. «Ең үздік төреші»- Философия және саясаттану факультетінің ІІ курс студенті Медешов Дінмұхамед Жарыс жолында таңдай қақтырған талантты ойыншылардың да ойнау шеберлігіне куә болдық. Мәселен физика факультетінің ІІ курс студенті Бекжанов Нұржан, химия факультетінің І курс студенті Қаралтаев Мақсат. Ал турнирдің «ең үздік ойыншысы» болып механика және математика факультетінің ІІ курс студенті Аманжолов Таңнұр танылды. Талантты Таңнұр тамаша ойын өрнегімен талайдың таңдайын қақтыра білді. Сонымен екі күнге созылған жарыс та өз мәресіне жетті. Жарыс жанкүйерлерді бір серпілтіп тастады десек те болады. Ал «Студенттер құрылысы жасағының» штаб басшысы Есенбек Жұмағали мұндай жарыстардың алдағы күнде жалғасын табатынын ерекше атап өтті.
Өмірбек САНСЫЗБАЙ
Біздің серіктес: FONBET