“Ең дарынды емес шығармын, бірақ мен ең еңбекқор боламын.” Диого Жота мен інісі көлік апатынан қаза тапты

03.07.2025, 18:30

“Ливерпуль” және Португалия құрамасының шабуылшысы Диого Жота інісі Андре Силвамен бірге Испанияда жол апатына ұшырап, қаза тапты. Апат Испанияның Самора провинциясында орын алған. Жотаның інісі 26 жастағы Андре Португалияның екінші лигасындағы “Пенафиел” командасының ойыншысы еді.

“Ең дарынды емес шығармын, бірақ мен ең еңбекқор боламын.” Диого Жота мен інісі көлік апатынан қаза тапты

Диого Жота футболға бала күнінен ғашық болған жан. Ол 1996 жылы Португалияның Масарелуш ауданында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі – автомеханик, анасы – мектепте қызмет атқарған. Диого аулада асфальт үстінде доп тепкен, балшыққа батып жүріп гол соққан нағыз көше баласы еді.

Ол физикалық тұрғыдан әлсіз, бойы аласа еді. Бірақ әр жаттығуды соңғы мүмкіндігіндей көріп, жанын салды. “Ең дарынды емес шығармын, бірақ мен ең еңбекқор боламын.” деп өз-өзіне ант берген.

Диого өз қатарластарынан жиі шетте қалып жүрді. Көп жаттықтырушылар оның бойының аласа екенін сылтау етіп, алаңға шығармайтын. Кішкентай академия Гондомарда жаттығып жүріп, ол үлкен клубтардың назарына тек табандылығы арқылы ілікті.

Ол 16 жасында “Paços de Ferreira” клубына қабылданып, Португалия Лигасында 18 жасында дебют жасады. Сол маусымда-ақ 14 гол соғып, жасындай жарқырады.

2016 жылы Жота Испандық “Атлетико Мадридке” ауысады. Бірақ негізгі құрамда ойнай алмай, “Порту” клубына, кейінірек Англияның “Вулверхэмптон Уондерерс” командасына жалға беріледі. Дәл осы жерде оның таланты толық ашылды. Ол Премьер лиганың физикалық қарқынына бейімделіп, “ең қауіпті шабуылшылардың бірі” деген атаққа ие болды.

2020 жылы Юрген Клопп оның дарынын көріп, “Ливерпульге” шақырды. Ол жерде Салах, Мане, Фирмино сияқты әлемдік жұлдыздардың жанында жарқырады.

Диого Португалия құрамасында 2019 жылдан бастап ойнады. Ол ЕУРО мен Әлем чемпионаттарында маңызды голдар соғып, ұлттық құраманың негізгі ойыншыларының біріне айналды.

Жота футболдан бөлек, отбасына өте жақын болған жан. Оның туған інісі Андре кішкентайынан ағасының әр жетістігіне куә болып өскен. Екеуі бала күнінен бірге ойнап, бірге армандады. Әр демалыста, әр мерекеде Жота туған ауылына оралып, інісімен және ата-анасымен уақыт өткізетін.

Диого Жота әмбебап шабуылшы. Ол алаңның орталығында да, қанаттарында да еркін ойнай алды.

Жота кейде алаңда байқалмай жүріп, бір сәтте гол соғуымен ерекшеленеді. Ол оң және сол аяғымен де соққы жасай алған.

Жота ұзақ жылдар бойы бірге болған сүйіктісі Руте Кардозомен өткен айда ғана шаңырақ көтерген еді. Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар.

Олар бес күн бұрын ғана үйлену тойынан кейін әлеуметтік желілерде салтанатты рәсімнің суреттерін бөліскен болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 1
Күлкілі 1
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×