“Висла Краковқа” 5 млн доллар инвестицияламақ болған инвестор өмірден өтті

03.07.2025, 17:40

Поляк тектес Америкалық миллионер Томас Кокосиньски Польшаға футбол клубымен келісім жасасу мақсатында келіп, Краков қаласындағы мейрамханада орын алған қайғылы оқиға салдарынан қаза тапты.

“Висла Краковқа” 5 млн доллар инвестицияламақ болған инвестор өмірден өтті

БАҚ хабарлауынша, 4 маусым күні, Краковтағы мейрамханада болған кезінде кәсіпкер вареникке (шығыс славян халықтарының дәстүрлі тағамы) қақалып қалған. Оны дереу ауруханаға жеткізіп, жансақтау бөліміне орналастырған. Дәрігерлер оның өмірін алты күн бойы сақтап қалуға тырысты. Бейресми ақпаратқа сәйкес, алдымен гипоксия (оттегі жетіспеушілігі) басталып, артынша ми өлімі тіркелген. Оның жағдайы өте ауыр болды. Дәрігерлер Томасты өкпені жасанды желдету құрылғысынан ажыратуға мәжбүр болды.

Томас Кокосиньски 10 маусым, сейсенбі күні, ми қызметінің бұзылуына байланысты жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратылды. Ол 42 жаста еді.

2010 жылдан бастап Томас Кокосиньски металл өңдеу және энергетика, аэроғарыш, автокөлік өнеркәсібіне арналған компоненттер өндірумен айналысатын Metalogic Industries компаниясының президенті қызметін атқарды.

Ол Польшаға "Висла Краков” футбол клубына қатысты инвестициялық келісімді аяқтау үшін келген болатын. Ол клубтың жаңа акционері атанып, 5 миллион доллар инвестиция салуы тиіс еді. Оның қатысуы клуб президенті Ярослав Крулевский бастаған жаңа инвесторларды тарту процесіндегі басты қадамдардың бірі болмақ еді. 

"Біз оның өмірі үшін барынша күрестік. Бұл өте маңызды шайқас еді. Осы үшін Краковтағы барлық дәрігерлерге шын жүректен алғыс білдіремін, өкінішке қарай, біз жеңіліп қалдық." – деп жазды Крулевский.

Кәсіпкер инвестициялық нарықтағы белсенділігімен және футболды дамытуға деген шынайы қызығушылығымен танымал болған.

"Ол клубты қайта қалпына келтіруге көмектескісі келді. Ол бизнесте жетістікке жеткен нағыз азамат еді.” – деп қорытындылады Крулевский.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×