Футбол және фашизм

16.03.2012, 19:27
Футбол және фашизм

Әлем футболында үнемі жоғарғы жақтан көрініп, жүлделі орындарды алма-кезек иемденіп жүретін екі команда бар. Олар Италия мен Германия. Екеуі де әлемнің төрт дүркін чемпиондары. Осы ретте неге бұл командалар тұрақтылығынан айырылмай, ылғи жетістікке жетіп жүр деген сұрақ туындайды. Мүмкін, онда халқының ділі мен дәстүрі, ұлттық болмысы басты рөл ойнайтын шығар. Әлде италиялық қызуқандылық пен немістік тәртіптің арқасында ғана олар осылайша кеңге көсіле алды ма? Бұл сауалға жауап табу үшін футбол тарихында қалған осы ұжымдардың өнерлерін тағы бір саралап өтсек. Мүмкін, ел футболына қажетті түрткі салар түйткілдерді тауып та қалармыз. Сонымен, Италия футболының ерекшелігі неде?

Ермұхамед МӘУЛЕН 

Төрт дүркін чемпион болудың сыры неде?

Еуропадағы экономикалық, саяси тұрғыдағы алпауыт елдердің қатарына алдымен Англия мен Францияны жатқызамыз. Сосын барып, біз сөз еткелі отырған Германия мен Италия айтылады. Англия – 1966 жылы өз жерінде өткен Әлем біріншілігінде ғана тарихында тұңғыш рет әлемнің үздік ұжымы атанды. Содан бері ағылшындар бұл марапатқа жақындай алар емес. Француздардың да тарихы осылай. Олар да өз жерінде өткен додада ғана топ жарды.  Оған себеп, Ұлыбритания мен Франция мемлекеттері тек экономикалық бағытта дамуды бірінші орынға қойды. Олардың ішкі саясаты соған бағытталды. Ал енді Германия мен Италия әлемдік футболда неге көбірек жетістікке жетті? Себебі, бұл мемлекеттерде саяси қатал жүйе қалыптасты. Соның әсерінен болса керек, ішкі саясаттың әсері спортқа да өз ықпалын тигізген екен. Мысалы, Адольф Гитлердің ұлтшылдығы мен Бенито Муссолинидің фашизмі бүкіл мемлекетті басып, халықтың санасы сонымен ғана өмір сүрді. Және бұл мемлекеттердің басты мақсаттары – барша Еуропаны жаулап алып, қайта бөліске салуды көздеді. Жақын жатқан елдердің барлығын баса көктеп, фашисттік, ұлттық бағыттағы іс-әрекеттерін жүргізуді ойластырды. Ал, осындай фашистік көзқарастың футболға қандай қатысы бар дейсіз ғой. Анықтап қарасаңыз фашизм мен футболдың арасында ұқсастықтар жетіп артылады. Қарсыласты толықтай жеңу, қарсы әрекеттер жасауға мүмкіндіктер қалдырмау, ұжымдық тәртіпке бағыну, ортақ мүдде үшін жұдырықтай жұмылу секілді қағидалар футбол мен фашизмге ортақ, тән қасиеттер еді. Муссолинидің кезінде 1934, 1938 жылдары Италия екі мәрте Әлем чемпионы атанды. Одан кейінгі жылдары Германия футбол тағына отырып, үстемдік құрды. Былайша айтқанда, диктаторлық жағдайдың орнаған мемлекеттерде спортқа деген қатаң талаптар қойылды, әрі сол мақсаттарға командалар жетіп отырды. Оның тағы бір дәлелін, 1978 жылы Аргентина құрамасының өнеріне елдегі диктаторлық жағдай әсер етіп, Әлем біріншілігінде бас жүлдені еншілеуімен байланыстыруға болады. Сол кездері футбол бапкерінен гөрі, диктаторлардың аяқдопшыларға жасаған пәрмендері басымырақ болғаны байқалады.

Муссолини Италияны футболдың «отаны» етті

Италияда Бенито Муссолиниді «дуче», яғни көсем деген. Бірақ, Муссолини ешқашан да футболға қызықпаған. Сонда да, қаржылық жағынан Әлем біріншілігін өткізуден Швеция бас тартқаннан кейін, бұл жарысты Италияда өткізуге «өз басыммен жауап беремін» деп барлық жауапкершілікті мойнына алған көсем көпшілік қызығушылығын тудыртып келе жатқан ойынның саяси астарын алдыңғы орынға қойды. Италияға Еуропа назарын аудартып, керек десеңіз, жер жаһанға Италияны танытуды көздеген. Оның үстіне ол кезде Әлем біріншілігін ұйымдастырмақ түгілі, тіпті сол мундиальға қатысып қайтудың өзін кейбір мемлекеттердің қалталары көтере алмаған. Мысалы, Уругвайда өткен алғашқы доп додасына Еуропадан барған командалар көп қиындықтарға ұшыраған. «Конте верде» трансатлантикалық лайнерінде мұхитты үш апта бойы кешіп өткен Франция, Румыния және Бельгия ұлттық құрама командаларының ойыншылары Монтевидеода өткен Әлем біріншілігіне аса мықты спорттық қалыпта жете қоймады. Өзіңіз ойлаңыз, кеменің үстінде жаттығу жасап, дайындықты пысықтау оңай шаруа ма? Осындай жағдайда жүрген спортшылардан спорттық баптан бұрын, кәдуілгі күнделікті әл-қуаттың өзі айналып қашар.

Италия өз жерінде Әлем біріншілігін өткізетіндігі белгілі болысымен, дайындық өте қатты қарқынмен жүре бастады. Италия жерінде ол кезде футбол №1 спорт болды деу тарихты бұрмалаумен тең. Бірақ, дәл сол тарихқа Бенито Муссолинидің бағыныштылығы байқала қоймады. Ол тарихқа түзету енгізіп, футбол ойынының отаны ретінде баршаға Италияны танытты. Ежелгі Римде футбол ойнағаны жайлы археологтар ұзақ күттірмей, тез арада мәліметтер шығарды. Сөйтіп, «Кальчо» деп аталатын ойын осы күнгі футболдың арғы атасы болып шыға келді. Сол-ақ екен Италияға «футбол» деген ойын келіп, бұқара халық осы сиқырлы спортпен мәжбүрлі түрде айналыса бастады. Флоренцияда орта ғасырларда өмір сүрген ақсүйектер өздерінің құлдарының күшін алаңда «кальчо» ойнатып, қызықтаған екен. Егер де тарих құдайы Клио Муссолиниді эскимостар тайпасының көсемі жасағанда кім біледі, ең алғаш болып жер бетінде доп тепкен халық – эскимостар болып шығар ма еді?! Футболдың «су жаңа» отаны болып шыққан «скуадра адзурралықтарға» енді Әлем біріншілігінде қалайда жоғарғы жақтан көріну керек болды.

Футбол саяси ойын ба?

Алғашқы Әлем біріншілігіне қатысуға өтініш білдірген командалардың барлығы келді. Тіпті, Уругвайдан кейінгі эстафетаны алған Италиядағы додаға қатысамын деген үміткерлер саны 32-ге күрт көбейді. Сондықтан да, командалар санын азайту мақсатында финалдық кезеңге өту үшін бұл командалар плэй-офф ойындарын өткізді. Оған чемпионатты қабылдап отырған Италия да қатысты. Плэй-офф сатысында Италия Грекияға түсіп, қос матчтан тұратын теке-тірес өткізуге мәжбүр болды. Осы сында италиялықтар ұтылып қалып, Әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне шыға алмай қалады  деген ой Муссолинидің жоспарында мүлде жоқ еді. Сондықтан да, бапкерлер мен футбол айналасында жүрген шенеуніктер қолдан келген қитұрқы әрекеттердің барлығын жасап бақты. Милан қаласында өткен алғашқы матчты алаң иелері 4:0 есебімен айқын жеңді. Осыдан кейін гректер жауапты кездесуден бас тартты. Кейіннен анықталғандай италиялықтар Грекия футбол федерациясына сый ретінде Афины қаласының ортасындағы үлкен зәулім ғимаратты сатып алып берген екен. Бұл дау-дамайдың бертін келе беті ашылып, ФИФА Италияны Әлем чемпионы деген атағынан айыру керек деп шешті. Бірақ, болар іс болды, бояу сіңді демекші италиялықтар тағы да араға түсіп, өз атақтарын қорғап қалған болатын.

Бұл кезеңде Италия командасын әлем футболының алпауыты қатарына қосуға тіпті болмайтын. Ұлттық құрама деңгейінде олар алып бара жатқан мықты да емес еді. Қайта Австрия, Чехословакия, Венгрия, Германия, Оңтүстік Америкадан – Бразилия мен Аргентина, сондай-ақ, Уругвай командалары сол заманның мықтылары болып саналатын. Әсіресе, Уругвай командасына қарсы төтеп беру оңай шаруа болмайтын. Бірақ, кезінде Монтевидеода өткен Әлем біріншілігіне Еуропа елдерінің құрамалары келген жоқ деп, Уругвай құрамасы Италиядағы додаға қатысудан бас тартты. Әрине, саяси жағдайдың да ушығып тұрғанын олар жақсы түсінді. Бұл жағдай Италия үшін, тіпті, оңтайлы бола қалды. Бас жүлдені еншілесек деген «скуадра адзурра» үшін негізгі бәсекелестің жарыстан тыс қалғаны қуанарлықтай жағдай болатын.

«Жеңіс немесе өлім»

Чемпионат жақындаған сайын Италия құрамасына шет елдерден мықты ойыншылар тарту дендеп қолға алынды. Сонымен бірге, Муссолинимен кезінде «Аванти» газетінде әріптес болған журналист Витторио Поццо ұлттық құраманың бас бапкері болып тағайындалды.

1934-жылғы Әлем біріншілігінің финалдық кезеңі бірден 1/8 финалдан басталды. Италия құрамасы АҚШ командасын аямай ұтты. Бұл ойынның ол кездегі саяси мағынасын айтып жеткізудің өзі қиын. Сосын ¼ финалда Испаниямен ойнаған алаң иелері әжептеуір қарсылық көрді. Флоренцияда өткен осы матчты футбол тарихшылары ең көп тәртіп бұзылған, жағымсыз кездесудің бірі деп санайды. Бірінші тайм 1:1 тең нәтижемен аяқталып, ойыншылар екінші кезеңді бастай бере үлкен төбелеске жол берді. Ойын одан әрі жалғасын тауып, алаң иелері барлық шабуылшыны іске қоса отырып Замора қорғаған қақпаға гол соға алмай әбден қиналды. Испаниялық қақпашының сол күнгі керемет өнері Муссолинидің өзін инфарктке апара жаздады. Жүрегінің қысылғанын Муссолини испаниялықтардың ойын соңына қарай гол соғып кеткен кезінде бір-ақ байқады. Фашизмді дәріптейтін Италия командасын көсем тек қана финалда жеңімпаз ретінде көргісі келді. Дегенмен, араға ойынның бас төрешісі араласып испаниялық шабуылшының гол соққан сәтте «ойыннан тыс» қалғанын анықтады. Ол кездері тең түскен жағдайда командалар ешқандай да қосымша уақытсыз, ешқандай да пенальтисіз ойынды қайтадан басынан бастап өткізетін. Жеңімпазды анықтау үрдісі солай болғандықтан қос команда ертесіне жасыл алаңға қайта шықты. Бірақ, алдыңғы ойында испаниялықтардың көп жарақат алғандықтары соншама, екінші ойынға негізгі құрамның футболшыларынан бар-жоғы 4 қана ойыншы қатысты. Қалған аяқдопшылар қосалқы құрам ойыншылары болғандықтан, алаңға шыққанда испандықтардың жағдайы тіпті, нашар болды. Алаңдағы 3 ойыншы кездесуді соңына дейін аяқтай алмады. Олар алаңнан тек медицина қызметкерлерінің көмегімен ғана шықты. Бір айта кетерлігі, ол кезде матч барысында ойыншыларды алмастыру деген  болмайтын. Сондықтан да, испандықтар екінші ойынды 8 футболшымен аяқтады. Муссолини үшін маңызды болған кездесуде швейцариялық бас төреші қонақтардың салған 2 голын санамай қойды. Италиялықтар бұл ойынды қайткенде де жеңулері керек болатын. Нәтижесінде, жеңісті голды шабуылшы Джузеппе Меацца соқты. Иә, осы күнгі атақты «Милан» мен «Интер» командаларының стадионы «Сан-сиро» – осы Джузеппе Меацца атында екендігін екінің бірі біледі. Испанияға соққан осы голы үшін ол Муссолини заманында үлкен беделге ие болған еді.

Швейцария Футбол Федерациясы Әлем біріншілігі аяқталысымен бас төреші Мерсиді Испанияға жасаған қастандығы үшін футболдан аластатты. Жартылай  финалда Италия құрамасы тағы да төрешінің «көмегіне» жүгінді. Австрия құрамасы Италия қорғанысын әбден ойрандады. Бірақ, жеңіске жете алмады. Ал, Әлем біріншілігінің алдында ғана Италия азаматтығын алған  аргентиналық Энрико Гуайта бапкерлер сенімін ақтап, жеңісті голды соқты.

Финалға шыққан Чехославакия құрамасы ешкімнің күмәнін тудыртпайтындай етіп «таза» гол соққысы келді. Антонин Пуч соққан гол Муссолиниді әбден састырды. Көсемнің сол кездегі бет-әлпетін айтып жеткізудің өзі қиын. Қызара бөртіп, біресе бозарып, қаны басына шапшыған Бенитоның бағы бар екен. Фашистік тәртіптің абройына нұсқан келетінін әбден түсінген ол, Әлем біріншілігін өткізгені үшін өкіне бастағандай болатын. Бірақ, Уругвайдан келген легионер Раймундо Орси соңғы минутта таңғажайып гол соғып, есепті теңестіріп кетті. Қақпамен бір сызықтың бойында тұрған допты қалай тепкені түсініксіз, әйтеуір доп қақпада тулап жатты. Қосымша минут басталысымен Италия құрамасы басымдылыққа ие болып, қатты шабуылдады. Соның салдарынан Скьявио жеңісті голдың авторы атанды.

Әлем біріншілігінде өнер көрсеткен аяқдопшылардың көбісі кейінірек беделді лауазым иелері болды. Ал бас бапкер Витторио Поццо «камандаторе» атағын иеленіп, әлемдегі үздік бапкер деп танылды.

Футбол үшін жан алысып жан беріскен Әлем біріншілігінің бұл ең қызықты тұстарының бірі. Көсем, диктатор, фашистік тәртіптің басшысы Италия футболын Әлемдегі ең мықтылар санатына қосты.

Десе де, финалдық ойынның алдында Муссолини ойыншыларға телеграмма жіберді. Онда: «Жеңіс немесе өлім» деген сөз жазылыпты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×