«Қайраттың» капитаны

16.03.2012, 21:44
«Қайраттың» капитаны

«Қайрат» футбол клубы биыл құрамын өзгертіп, ерекше түледі. Команданың құрамындағы футболшылар ғана өзгермеген. Команданың құрылымы да, құрамы да, болмысы да, басшылары да түбегейлі өзгеріпті. Команда құрамында былтырғыдан қалған ойыншылар санаулы-ақ. Солардың бірі – команда капитаны Руслан Балтиев.

 «Қайраттың» мойны жуан демеушісі, яғни «КазРосГаз» компаниясы командаға жан-жақты жағдай жасап отырғандай. Соның арқасында «Қайрат» өз атына сай болуды ойлап, тарихи атауына дақ түсірмей, қайтадан халық сүйіспеншілігіне ие болуды көздейді. Маусым басталмай тұрып жаңадан түлеген «Қайрат» футбол клубының ресми таныстырылымы өтті. Онда «Қайрат» футбол клубының бақылаушы кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаевтың, осы клубтың ардагері Құралбек Ордабаевтың, бас бапкері Дмитрий Огайдың және команда капитаны Руслан Балтиевтің қатысуымен журналистерге арналған баспасөз мәжілісі де өткізілген. Сонда команда капитаны Руслан Балтиевті сөзге тартқан едік (бұл сұхбат «Тобыл» мен «Қайрат» арасындағы ойынға дейін алынғандығын ескерте кеткіміз келеді).

– Руслан, жаңа маусымға дайындықтарыңыз қалай өтті?  – Биылғы маусым дайындығы көңілдегідей болып өтті. Үздіксіз дайындалдық. Өздеріңіз білесіздер, биыл командамыз жаңадан жасақталды. Шындығын айтқанда, команда жасақтауда уақыт емін-еркін болмады. Қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде жаңа команда жасақталды. Өз кезегімізде біз бұған көңіл аудармауға тырысудамыз. Футболшылардың бәрі бұған кәсіби көзқараспен қарап, өздеріне артылған сенімге жауапкершілікпен қарауда. Қысқаша айтқанда, биылғы маусымға зор құлшыныспен дайындалдық. Ал дайындығымыздың қандай екендігіне маусымның өзі нақты жауабын бере алады деп ойлаймын. Десек те, мен уақыттың тығыз болғандығын тағы да атап өткім келеді. Командаға жиналған жігіттер алаңда бір-бірімізді жақсы түсінісіп кету үшін әлде де біраз уақыт болғанда жақсы болар еді. – Сонда команда кімдерге сенім артады? Ардагерлер мен теңбіл доп «ақсақалдарына» ма, әлде жас футболшыларға ма? Жоқ әлде легионерлерге ме?  – Бізде тәп-тәуір тәжірибелі ойыншылар да бар. Сондай-ақ жастардың арасында да болашағынан үміт күтуге болатындары баршылық. Команда сапына легионерлер де алынды. Нақты, жекелеген футболшыларға ғана сенім артылмайды деп ойлаймын. Барлық ойыншылардың қабілеттері мен мүмкіндіктерін кәдеге жаратуымыз керек деген пікірдемін. Алаңға үнемі 11 ойыншы ғана шығып отырмайды, басқа ойыншылар да алаңға шығып, өздеріне берілген мүмкіндікті жүзеге асыруға тырысады. Олардың бәрі соған дайын. – Дәл қазір команданың әлеуеті қандай деп ойлайсыз? Ел чемпионатында нешінші орын алуға қабілеттеріңіз жетеді?  – Әлеуетіміз дейсіз бе, сәл шыдайық. Бұған нақты жауапты чемпионаттың өзі береді. Ал біз, әрине, 28 ойында жеңіске жеткіміз келеді. Ал іс жүзінде қалай болады, оның бәрін алдағы уақыт көрсетеді. Ең бастысы, әрбір ойынға жеңіске жету үшін бар күш-жігерімізді салуымыз керек.     – Биыл премьер-лига додасын өткізу тәртібі өзгерді. Былтырғыдай екі айналымдық жүйеден соң үздік алтылық бөлек, аутсайдерлер өз алдына жеке додаға түспейді. 14 команда екі айналымдық жүйемен кездесіп шығады. Осы дұрыс па, әлде былтырғы жүйе қызықты ма еді?  – Бекітілген регламент бар. Біз сол бойынша ойнаймыз. Оны сөзбұйдаға салып талқылау менің жұмысым емес. Чемпионаттың өткізілу тәртібіне жауапты адамдар мұны талқылап, осындай шешім қабылдады. Яғни ел футболын жетілдіре түсу үшін жасаған қадамдары деп түсіну керек. Ал екі жыл 12 команда маусымның екінші жартысында алты-алтыдан екіге бөлініп ойнадық. Онда ел чемпионатының деңгейін көтеріп, қызықты да тартымды ету мақсат тұтылды. Сонда бір-бірімен деңгейлес командалар төрт рет кездесіп, олардың арасындағы бәсекелестікке жанкүйерлерді тарту көзделді. Ал биыл екі айналымдық жүйемен ғана ойнаймыз. Мұндай шешімдерді қабылдайтын біз емес, біз ойнауға дайынбыз. – Ал өз жоспарыңыз қандай? Әлі қанша уақыт доп теппексіз?  – Денсаулық мүмкіндік берсе, әлі де ойнай бермекпін. Ең бастысы, командаға пайдамды тигізіп, өз үлесімді қоссам деймін. Сол үшін тер төгіп, шамамның келгенінше тырысамын. – Әлбетте, көптеген футбол шебері тәжірибе жинақтап, жастары ұлғайған соң жасыл алаңдағы орнын (амплуасын) ауыстырады. Сіз олай басқа шепте ойнап көрмедіңіз бе?  – Мен жартылай қорғаушымын, қазір де осы ойын шебінде ойнаймын. Тек бұрын шабуыл­шылардың ту сыртындағы жартылай қорғаушы едім, қазір сәл артқа шегінгенмін. Қорғанысқа тірек болар шепте ойнаймын. Қайда ойнасам да, командаға мейлінше пай­дамды көбірек тигізіп, үлес қоссам деймін. Тіпті қақпаға тұр десе де, тұрар едім (күліп). – Бірақ өзіңізге шабуылды ұйымдастырған ұнай ма, жоқ әлде қарсыластарыңыздың ойынын бұзып, шабуылына бөгет болған ұнай ма?  – Шабуылды ұйымдастырған көбірек ұнайды. Мен бұрын осы шепте көп ойнадым. Нені болса да бұзу оңай ғой, сол секілді қарсыластың шабуылына кесе-көлденең тұрып, ойынын бұзу қиын емес. Ал ойын барысында шабуылды ойланып ұйымдастырған анағұрлым қызығырақ. Автор: Нұрғазы САСАЕВ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×