Футбол жейдесі қалай пайда болды?

23.02.2011, 21:09
Футбол жейдесі қалай пайда болды?

Футбол формасының дамуы тарихы – футболдың дамуымен тікелей байланысты. Бұрындары аяқдопшылар қалың кеудеше мен тізеден төмен белбеулі шалбар киіп ойнаған. Оған қоса қалың былғары аяқ киім. Осының барлығы ХХ -ғасырдың алғашқы жарытысында футбол жабдықтары әлдеқайда жетілдендіріліп, жеңілдей түскен. Мәселен, қалың кеудешенің орнына синтетикалық жеңіл жейделер, шалбардың орнына қысқартылған дамбалшалар кие бастаған. Жарнаманың дамуымен ХХ-ғасырда әр клубтың жейдесінде демеушілердің логатиптері басылап шыға бастады. Сонымен бірге, естелік ретінде де атақты клубтар өз жейделерін сатып, едәуір кіріс көзін тапты.

Футболдағы Корольдер дәуірі

Ең алғашқы футбол жабдықтары бастау алған дәуір осы. 1526 жылы ағылшын королі Генрих VIII-ден бастау алады. Ең алғашқы түрлі-түсті форманы ағылшын мектептерінде тараған деген деректер бар. 1840 жылдары Винчестерлік колледжде футбол ойынын былай сипаттаған. Мектеп оқушылары қызыл жейдемен ойнаса, колледж студенттері көк жейдемен өнер көрсеткен. Оларды бірінен-бірін ажыратып тану үшін, басында түрлі түсті қалпақтар болған.

1860-жылдары футбол кездесулері Футбол Ассоциасының аясында өткізіле бастады. Ол кездері де футбол формалары  клубтың өзінде әр түрлі болған екен. Ойыншылар бір-бірін ойын барысында қалпақтар, немес басына байланған ленталар аркылы таныған. Кейін бұл жағдай реттеліп, қай команда қандай жейде киетінін алдын-ала айтып, ескертіп отыруды шығарған.

1870-жылдары футбол формалары бір жүйеге келтіріле бастады. Көбінесе клубтар футбол жабдықтарының түсін өздері білім алған мектептерімен тікелей байланыстыруға тырысқан. Мысалы, «Блекберн Роверз» клубы көк және ақ түсті таңдаған. Өйткені, осы клубтың негізін қалағандардың барлығы Кембриджде білім алған екен. Ал «Болтон Уондерерс» қызғылт күрең түспен біршама жылдар ойнаған. Ойын алаңындағы әрбір аяқдопшыларды ерекшелеп тұратын нөмірлер де болмаған. Тек, 1874-жылы «Ноттингем Форест» клубының ойыншысы Сам Веллер алғаш рет аяғына тізе қорғанышын таңып (щиток, ары қарай тізе қорғаныш), үлкен жаңалық енгізді. Ол крикет ойынына арналған қос тізе қорғанышын ықшамдап кесіп, шұлғысының сыртынан байлап алса керек. Бұл жағдайға басында мысқылдай қараған футболшылар бертін келе, өздері де жаппай қолданатын дәрежеге жетті. ХХ-ғасырдың бастапқы жылдарында тізе қорғанышының көлемі біршама қысқартылып, футбол шұлығының (гетры) ішінен қолданылатын болды.

Кейінірек, әуесқой футболдың даму тарихында ойынға арнайы аяқ киімдер жасала басталды. Футболшылар қалайда алаңда лезде жылдамдық алып әрі тез тоқтау мақсатында көптеген әдіс-тәсілдер қолданған. Сондықтан, 1880-жылы Футбол Ассоциациясы «Аяқ киімнің айналасынан ешнәрсе шықпауы тиіс» деген заң қабылдап, бүдірлі (шипы) жаңа аяқкиімдер өндіріске енді. 1904 жылы Футбол Ассоциациясы «дамбалшаның тізеден асып тұруы міндетті емес» деген заңнама қабылдап, нәтижесінде барлық формалардың дамбалшалары мейлінше қысқарып кетті. Ол кездері тігілген дамбалшалардың аяқдопшыға ыңғайлы, әрі ойын барысында ешқандай да кедергі тудыртпауы үшін мәжбүрлі түрде қысқартуға ұшыраған. Ол кейінірек әлемдік футболдың дамуымен қатар, жай өмірдегі сән үлгісіне де айнала кетті. Бұл әрине, футболдың өмірмен біте қайнасып жатқандығында шығар, сірә. Ойын кезінде төрешіге футболшылардың ішінен қақпашыны ажырату қиындық туғызғандықтан, 1909-жылы қақпашы өз командаластарының жейдесінен басқа түсті киіммен ойнау туралы да түзету енгізілген. 1933-жылы алғаш алаңға жейделерінде номерлері бар ойыншылар шыққан болатын.

Ол сол жылғы Ағылшын Футбол қауымдастығының ақтық сынында тоғысқан «Эвертон» мен «Манчестер Сити» командаларының арасындағы кездесуде осылайша ең алғаш рет арқаларына нөмерлерін жазып шыққан аяқдопшылар тіркелген. Бұл әлемдік футболдың сарғайған тарих беттерінде қала бермек.

Бэкхэмның жейдесі миллион дана

[caption id="" align="alignright" width="210" caption="Ешқандай демеушісіз салынған жарнама"][/caption]

70-жылдары клубтар жеке өздеріне ғана тән формалар жасауға көшті. Солардың бірі ағылшындық клуб «Лидс Юнайтед». Дәл осы команда өздерінің ерекшеленген жейделерін жанкүйерлерге сатылымға түсіріп, пайда тапқандардың бірегейі. Бір қарағанда қарапайым көрінген кәсіп, артынан қыруар қаржы түсіріп, тиімді табыс көзіне айналған. Жарнаманың түр-түрі  қарқынды өсіп келе жатқанын аңғарған кәсіпкерлер де, футболды жарнама жасаудың көзі деп білген. Мәселен, 1973 жылы ГДР клубтарының бірі жергілікті алкагольді өндіретін компаниялардың бірімен келісім-шартқа  отырған. Нәтижесінде әлгі компанияның табысы бірнеше есе артып табысқа жеткен. Футболдың өзі бүгінде үлкен бизнеске айналып отырған жайы бар. Десе де, 2005-жылға дейін еш демеушінің жарнама белгісін кеудесіне жапсырмай-ақ испандық қос клуб «Атлетико Бильбао» мен каталондық «Барселона» әлемге танымал болған. Каталондық клуб кейін UNICEF балалар қорының логатипымен шығатын болды. Осыған қарап «Барселонаның» дәл осындай қаржының қысылтаяң кездерінде қайырымдылықты насихаттағаны, әрине, қуантады. Даңқты футболшылардың қолданған киім-кешектері коллекционерлер үшін таптырмас сый болғандықтан, бағасы да арзан болмасы анық. Пеленің 1970-жылғы финалда ойнаған жейдесін 2002-жылы аукционда 150 000 ағылшын фунт стерлингіне сатылған екен.

Ағылшындық жартылай қорғаушы, атақты Дэвид Бекхэм «Реалға» ауысып келген жылы корольдік клуб ұжымы оның есімі мен нөмері жазылған арнайы 1млн.-ға тарта жейде шығарып, өз бюджеттерін едәуір жақсартып алған. Сол сияқты көптеген кәдесый мен естелік заттардың барлығы алдыңғы қатарлы клубтарға табыс көзі болып отыр.

Міне ағайын, кезіндегі қарапайым ойын қазіргі кезде халықтың ажырамас бір бөлігіне айналып, сіңіп кеткені соншалық, футболсыз өмірді біз қазір елестете алмаймыз. Уақыт өте келе даму барысында көптеген реформалар мен түзетулер енгізілді. Әлі қаншама өзгертілетіні бар... Футбол формасы көптеген даму сатысынан өтіп, дизаинерлік шеберліктің арқасында осы күнге ықшамды, әрі қолайлы түрде жетіп отыр.

Елдос Қамбалиев

.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 1
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×