Келімсектерді көзіне ілмейтін намысқой бапкер

24.02.2011, 19:06
Келімсектерді көзіне ілмейтін намысқой бапкер

Футзалдан Қазақстан құрамасы бүгін Бакуде 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік сынында додаға түседі. Қазақстан футзалшылары Испания, Франция және Әзірбайжан құрамаларымен «Кәртамыс құрлықтың» бірінші тобына түскен. Осы топтың ойындары Әзірбайжан астанасында өтеді. Әміржан Мұқанов жаттықтыратын футзалшыларымыз бүгін Әзірбайжан құрамасымен кездеседі. Ертең азулы Испания футзалшыларымен, ал жексенбі күні Франция аяқдопшыларымен ойнайды. Жалпы, 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік турнирінде 24 елдің футзалшылары бақ сынамақ. Олар алты топқа тең бөлінген. Келесі жылы ақпан айында Хорватияда өтетін Еуропа чемпионатына осы алты топтан 11 команда іріктеліп шығуы керек. Алты топтың жеңімпаздары және екінші орын алған командалардың ішіндегі техникалық көрсеткіштері жоғары бесеуі ақтық дода жолдамасына ие болады. Он екінші команда – Еуропа біріншілігінің қожайыны Хорватия футзалшылары. Бірден айта кетейік, Қазақстан құрамасы аса қиын топқа түсті. Испания Еуропаның үш дүркін чемпионы болса, Әзірбайжан былтырғы құрлық біріншілігінде жартылай финалға дейін жеткен. Әйтсе де еліміздегі бразилиялық легионерлерді құрама сапына тартпай, ұлттық құраманы тек өз жігіттерімізбен жасақтап жүрген Мұқановтың шәкірттері намысты қолдан бермеуге тырысады. Намысқой бапкер Бакуге мына жігіттерді әкетті:

қақпашылар – Григорий Шамро («Аят»), Константин Перемышлин («Тұлпар»).

ойыншылар – Дінмұхамед Сүлейменов, Серік Жаманқұлов, Виталий Александров (бәрі де – «Қайрат»), Дәурен Нұрғожин, Шыңғыс Есенаманов, Роман Шорин, Николай Пенгрин, Павел Таку, Михаил Першин, Александр Довгань (бәрі де – «Тұлпар»), Тимур Мырзабаев, Николай Казаков (екеуі де – «Аят»).

Автор: Әлихан ЖАППАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×