Футболдағы ерегестер

01.08.2011, 18:58
Футболдағы ерегестер

Әлем футболының тыныс-тіршілігі бір сәтке де баспасөз өкілдерінің назарынан тыс қалған емес. Жанкүйер қауымға қызықты деген мәліметтердің барлығы да уақыт сөзбай жарық көріп жатады. Енді осы орайды біз әлемге әйгілі ойыншылардың алаң сыртынан тыс не бітіріп жүргендерін тізбектеп кетсек. Оның ішінде әсіресе бапкермен келіспеушілік, әріптестермен болған егерес – осының барлығы аяқдопшының тұрмыстағы мінез-құлқынан сыр берсе керек. Сонымен бірге әлем жұлдыздарының басынан өткен жағдайларға ұқсас қазақстандық аяқдопшылардың да «ерліктерінен» ақпар бере кетсек.

Ермұхамед МӘУЛЕН

Ұлттық құрама және түнгі клуб

2006 жыл. Қыркүйек. Хорватия құрама командасының бас бапкері Славен Билич команда сапынан Ивица Олич, Башко Балабан, Дарио Срналарды шығарып жіберді. Үш ойыншы да негізгі құрамның белді аяқдопшылары еді. Словенияның Чатеж қаласында жаттығу жұмыстарын жасап жүрген ойыншылар қонақүйден түн ортасында қашып шығып, таңғы сағат бесте бір-ақ оралған. Футболды бір сәтке қоя тұрған үш сабаз түнгі клубтың біріне барып ойларына келгенді жасаған екен.

Сын түзелмей мін түзелмес

2006 жыл. Қыркүйек. Мәскеулік «Спартактың» қорғаушысы Эмануэль Погатец Австрия ұлттық құрамасынан шығарылып тасталды. Оның кінәсі баспасөз өкіліне берген сұқбатында бас бапкер Иозефь Хиккерсбергердің жасап жатқан жұмыстарына сын айтып, тактикалық ұстанымынан мін тапқандығы. «Ол футболдағы басты заңдылықты бұзды. Ешқашан да әріптесің мен бапкеріңе сын айтпау керек», деді Хиккерсбергер.

Бірінші кезекте ақша

2007 жыл. Наурыз. Сьера-Леоне командасымен өткен кездесуден кейін Того құрамасының жаттықтырушылар штабы Эмануэль Адебайорды ұжым сапынан шығарып жіберді. Ойынның алдында «Арсенал» шабуылшысы болып жүрген, жұлдыз ойыншы Того футбол федерациясы уәде еткен қосымша қаржылай сыйақыны сұраған. Германиядағы Әлем біріншілігінен кейін берілуге тиіс ақшаны 2-3 ай алмай жүрген шабуылшының шыдамы таусылған екен. Бапкерлер мен аяқдопшының арасындағы әңгімеден соң, Адебойор ұлттық командадан қуылды.

Арсыз ұйқы

2007 жыл. Қазан. Голландия ұлттық құрама командасының бас бапкері Марко ван Бастен 2008 жылға Еуро кубогының іріктеу сынында Румынияға қарсы кездесуде Райан Бабельді алаңға шығатын ойыншылар тізімінен шығарып тастайды. Оның басты себебі ретінде Бабельдің ұлттық құрама команданың жасаған жаттығулары мен жиналыстарына кешігіп келгендігімен байланыстыруға болады. Кейіннен анықталғандай Райан батырлар секілді ұзақ, әрі өлі адамдай қатты уйықтайды екен.

Әріптеспен ерегес

2003 жыл. Қыркүйек. Еуропаның бірнеше мықты клубтарында өнер көрсеткен Джон Карью өзінің алыптығымен де танымал. Бірде Норвегия құрама командасында жаттығу жасап жүрген кезде қызуқанды Джон әріптесі, қорғаушы Джон-Арне Рийсемен ерегесіп, өте ауыр бір соққы жасайды. Осыдан кейін бас бапкер Юхан Семб қанша жерден мықты шабуылшы болса да Карьюді ұлттық құрамадан шығарып жібереді. Кейіннен бас бапкер ауысып Карью құрама сапына қайта ілінеді.

Иттің ішіне сары май жақпас

2002 жыл. Маусым. Жапония мен Корея жерінде өткелі тұрған Әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне 1 ай уақыт қалған кезде Ирландия құрама командасының капитаны, даңқты футболшы Рой Кин ұжымнан аластатылады. Баспасөзге берген сұқбатында бұл жағдайды бас бапкер Мик Маккарти былай деп түсіндірді. «Әлем біріншілігіне деген дайындығымызды сынға алып, командаластардың да қимылдарына көңілі толмай жүрген ойыншы команданың ішкі жағдайын құрттып бітті. Сондықтан да мен осындай шешімге бардым», деп ақталады баспкер. Рой Кин «Манчестер Юнайтед» сапында ойнап жүрген Ирландия құрама командасының белді ойыншыларының бірі еді. Дегенмен де Мик Маккартидің бұл шешімін команданың өзге ойыншылары ду қол шапалақпен жақсы қабылдаған екен.

Ұлтаралық қақтығыс

2001 жыл. Қыркүйек. Лондондық «Челсидің» жартылай қорғаушысы Фрэнк Лэмпард баспасөз беттерінде мас күйі жүріп, бүлдірген талай қызықтарымен танымал. Әлемнің үздік жартылай қорғаушыларының біріне саналатын ағылшындық Лондон әуежайында америкалықтармен ерегісіп, түбінде оған көмекке әріптестері келіп, арты әжептәуір төбелеске ұласады. Нәтижесінде америкалықтар соққы жеп қалады. Мұндай жағдайлардан судан құрғақ шығатын Лэмпард бұл жолы айыппұл, төлеп, кешірім сұраумен құтылды. Жағдай бұған да жетпес пе еді егер бұл іс 2001 жылдың 11 қыркүйегінде болмағанда. Ал дәл сол күні АҚШта террорлық әрекет болып, егіз мұнара құлаған болатын. Ол күнді америкалықтар аза тұтумен өтикізген еді.

Жүгі ауыр жейделер

2001 жыл Тамыз. Бойы 2 метр 10 см Ян Коллер алаңда ерекше орын алып жүретін ойыншының бірі. Чехия құрама командасында жемісті өнер көрсеткен ол іріктеу кезеңіндегі ойында тәртіпсіздік жасап, бас бапкердің шешімімен командадан шығарылды. «Боруссия» шабуылшысы Солтүстік Ирландия командасына қарсы кездесуде бапкердің оны басқа ойыншыға алмастырып жібергеніне наразы болғандығы сонша үстіндегі жейдені шешіп, аяғымен теуіп жіберіді. Оны көрген бас бапкер Иозеф Хованец Чехияның елтаңбасы бар ұлттық құраманың жейдесін аяққа таптадың деп бас командадан қудалайды. Дәл осындай жағдайға Ресейдің белгілі ойыншысы Юрий Жирков та ұшыраған. Жастар арасындағы кездесуде Ресейдің елтаңбасы бар жейдені жерге лақтыра салып, төрешіге наразы екендігіні білдіртеді. Осы жағдайдың артынша оны футбол федерациясы айыппұл төлеткізіп, кешірім сұратады.

Жарнаманың желігі

2001 жыл. Қаңтар. Норвегия футбол қауымдастығы «Манчестер Юнайтед» шабуылшысы Оле-Гуннар Солскьияерді ұлттық құрама ойындарында шақыртпағанды жөн санады. Себебі ол Норвегия командасына демеушілік танытып отырған компанияның жарнамасына түсуден бас тартады. Норвегияда Сулшердің (футбол әлемінде оны осылай атап кеткен) танымалдығы өте керемет. Оны тіптен әлемнің көп елдерінде таниды. Кезінде «МЮ» сапында талай голдар соққан адуынды шабуылшы. 1998/99 жылғы атышулы чемпиондар лигасының финалында соңғы 3 минутта «Бавария» қақпасына жеңісті голды ойынға кіре сала соққан осы Сулшер еді. Сэр Алекс Фергюссон өзінің автобяграфиялық кітабында Сулшерге арнап бір бөлім жазған.

Пайперстің жазасы

Қазақстан футболы УЕФАға өткеннен кейін ел футболында тәртіп орнай бастағандай болды. Ұлттық құқрамамызға шет елдерден бапкерлер келді. Соның бірі болған голландиялық маман Арно Пайперс тәртіп жағынан жаңашашық әкелді. Жаттығу, жиындарға кешігіп келген ойыншыларды жазалаудың еуропалық үлгісін көрсетті. Мысалы жаттығуға кешігіп келген ойыншы барлық команда мүшелеріне жететін торт алып келуге тиіс болған. Немесе, киноға билет сатып алуы тиіс. Осындай жағдайға тап болған Сергей Ларин бірнеше торт сатып әкеліп, әбден әлекке түскен. Нәтижесінде келер жолы жаттығуға ертерек келесің!

Кешкі серуен

Осыдан бірнеше жыл бұрын оңтүстік аудандағы клубтарымызда өзбекстандық легионерлер қаптап жүретін. Қазақ футболына ойындары үйлесетін, әрі арзан тұратын ойыншыларды шымкенттік, тараздық, қызылордалық клубтар көбірек пайдаланатын. Солардың бірі шабуылшы Дильмұрат Назаров «Тараз» сапында ойнап жүрген кезінде тәртіпсіздігімен көзге түседі. Қала ішіндегі ресторандардың бірінде кешқұрымдатып серігіп отырған аяқдопшының үстінен клуб басшылары келіп түседі. Бейресми ақпарат көздерінің айтуынша өзбекстандық легионер алкогольдік сусыннан ұрттап отырғаны сол жерде басшыларға мәлім болған. Содан кейін Назаров клубтан кетуге мәжбүр болады.

Туған күннің «тірлігі»

Қазақстан ұлттық құрамасының белді ойыншыларының бірі болған Дмитрий Бяков Пайперс бастаған құрама сапында үнемі гол соғып, іріктеу кезеңінің кезінде барша Еуропадағы топтардың ішінде 5 гол соғып, мергендер көшінде жүреді. Ал сол ойыншының туған күнін қалай тойлағанын ұлттық құраманың көп жанкүйері біле бермеуі де мүмкін. Алматының мықты бір түнгі клубында ішімдіктен ұрттап, достарының ортасында жақсы кеш өткізіп отырған Дмитрий кенеттен шыққан жанжал нәтижесінде белгісіз біреумен ерегіседі. «Жынды судан» ұрттағаннан кейін іс оңсын ба? Әлгі белгісіз біреу Дмитрийдің жүрек түбінен пышақ сұғып қашады. Одан кейін Бяков үлкен спортпен қош айтысатын шығар деп жүргенде олай бола қоймады. Бойында қайсарлығы мен күш-қуаты бар жартылай қорғаушы футболға қайта оралды.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
Жеребенің толық нұсқасы
Келесі жаңалық
22 турдың статистикасы
Серіктес жаңалықтары
×