Футболды 22 аяқдопшы ойнайды, бірақ букмекер жеңіске жетеді

01.03.2011, 21:01
Футболды 22 аяқдопшы ойнайды, бірақ букмекер жеңіске жетеді

Қайсібір қазақ тілді спорт сайтында бүгін түнде болатын "Челси" - "МЮ" матчына болжамдар мен анализ пікірлер жазылыпты.  Айтылған пікірлерге қарап қарның ашады. Біз ең алдымен футболды өзіміз түсінбей жатып, қазақ футболын қалайша дамытамыз деген ой келді.

Әрине ол жерде сөз сөйлегендер футболдың айналасында жүрген мамандар емес. Десе де, футболды күнделікті көріп, біліп қадағалап жүрген адамдар.  Мен де осы деңгейдемін. Бірақ дәл осындай кездесулерге баға бермес бұрын бұл командалардың бай дәстүрі мен тарихына ешкім де мән бермеген. "Челси", "МЮ", "Ливерпуль" командалары жоғары деңгейдің командалары екені даусыз. Ақсүйектердің де, мерсисайдтықтардың да дәл осы күнгі жағдайлары мәз емес. "Мю" лигада сәтсіз өнер көрсетті. Иә, бұның барлығын біздің айтқыш жігіттер келтіруін келтірген. Мен өткен жылдардағы осы командалар арасындағы кездесулерге болжам жасап жүрдім. Мен де осы жағдаяттардың барлығын тілге тиек етіп, қорытынды нәтижені айтар алдында осыған жүгіндім де. Бірақ, сол болжамдарымның барлығы әдіре қалып еді. Сонда менің бір түсінгенім - дәл осы аталған 3 команданың (бұл тізімге "Арсеналды" да қосу керек) ойындарына болжам жасау, анализ пікір қорыту құр сандырақ екен. Әрине, аталған жайттың барлығын зерттеп, зерделеп қорытынды жасағанның еш ағаттығы жоқ. Дегенмен, осы командалар ойындарында ол анализдің үлес салмағы өте төмен екендігін ұғынған жөн.

"Челси" мен "Мю" арасындағы ойында кім жеңеді деген сауалға жауап беруден бас тартам. Әлсіз саналып жүрген "Ливерпуль" "МЮге" қарсы ойында өздерін еш төмен сезінбейтініне де кәміл сенемін. Бұл футболдағы дәстүр, тайталас, принцип!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Алдыңғы жаңалық
"Шахтер" тізімі
Келесі жаңалық
Коул әріптесін атты
Серіктес жаңалықтары
×