Футболшыларымызды қашан экспорттаймыз?

19.01.2011, 21:10
Футболшыларымызды қашан экспорттаймыз?
[caption id="" align="alignright" width="336" caption="Абай ОМАРОВ (коллаж)"][/caption]

Шыны керек, біз экспорттан гөрі импортқа бейімделіп, бой үйреткен халықпыз. Яғни өзіміз өндіріп, шетке шығара алмаймыз да, шеттен тауар қабылдауға жақсы ашықтанғанбыз. Өкінішке қарай, футболда да солай болып тұр. Қазақстанға келіп жатқан келімсектер көп те, өзімізден сыртқа шығып жатқан ойыншылар жоқтың қасы. Мұның себебі неде? Неге біздің футболшылар шетел чемпионаттарында ойнай алмайды? Мұның жауабын табу үшін батыс елдерінің тәжірибесіне жүгінгеніміз жөн секілді.

Соңғы үмітіміз Сергей Хижниченко бол­­­ған. Осыдан бір ай бұрын Хижа Гол­лан­дияға аттанғанда қазақ демей, орыс де­мей бәріміз бірдей қуанған едік. Алайда ұлттық құрама шабуылшысының да ше­телдегі ғұмыры ұзаққа созылмайтын се­кілді. Қолымызда бар деректерге сү­йен­сек, Голландия заңы бойынша жұмыс бе­ру­ші Еуроодаққа мүше емес елдердің фут­бол­шыларына кем дегенде 405 мың ев­ро тө­леуі керек екен. Ал Хижниченконы гол­лан­диялықтар негізгі құрамның ойыншы­сы ретінде қарастырып отырған жоқ. Сон­дықтан онсыз да қаржыдан қа­ға­жу көріп отыр­ған клуб қатардағы ойын­шы­ға осынша ақшасын сарп ете қой­май­ты­ны анық. Тағы бір ақпараттарға сенсек, Хиж­ни­чен­коның трансферінен пайда кө­ріп қалғысы кел­ген «Локомотив» басшы­лығы голлан­дия­лықтардан 405 мың евро сұ­рапты. Ақы­ры не керек, «Фейеноорд» Хи­жадан бас тартпақ. Тіпті оның орнына сы­наққа бас­қа футболшыны шақырып та үл­герді. Бүгінде голландиялық клубта жа­пондық 18 жасар Рио Миячи жаттығып жүр. Иә, мұндайда кімді кінәлайтыныңды да білмейді екенсің. «Локомотив» бас­шы­лығын айып­тайын десең, бір жағынан, «егер Хиж­­ниченко шын талантты болса, «Фе­йе­ноорд» 400 мың емес, жарты миллион ев­росын да қияр еді ғой» деп те ой­лайсың. Со­нымен неліктен біздің фут­бол­шы­лар ше­тел чемпионатында ой­нау­ға қауқарсыз? Не­ліктен, біздің клубтар экспорттан гөрі им­портқа құмар? Бұл екі сұрақтың да жа­уабы біреу: бізде еуропалық деңгейде бә­се­келес бола алатын дарынды жас футбол­шы­лар жоқ. Ал экспорттауға лайық фут­бол­шыларды дайындап шығару үшін ба­ла­лар футболына көңіл бөліп, академиялар ашу керек екені тағы белгілі. Иә, бүгінде ешбір клуб өз академиясын аш­қысы келмейді. Оны пайда әкелмейді деп санайтындар көп. Дегенмен әлемдік тә­жірибеге сүйенсек, «Кәр­теміс ға­лам­дағы» клубтардың көбі осы ака­демиялар ар­қылы пайдаға кенеліп отыр­ғандарына көз жеткізуге болады. Мә­селен, Голлан­дия­ның «Аякс» футбол клубы футболшыларды экспорттаумен-ақ әлем­ге әйгілі болып, сонымен ғана өздерін қар­жылан­ды­рып отырған. Жыл сайын «Аякс» футбол ака­демиясы кем дегенде екі-үш әлемдік деңгейдегі футболшыларды экспорттап отырады. Бүгінге дейін бұл академиядан тү­леп ұшқандардың арысын Йохан Кройф, Рууд Гулит, Луи ван Галь бастаса, ор­тасын Франк Райкаард, Марко Ван Бастен сынды саңлақтар жалғастырып, Рафаэль Ван Дер Варт, Уэсли Снейдер, Ройстен Дренте сынды сайыпқырандар толық­ты­ра­ды. 1960 жылдан бастап футболшылар тәр­биелей бастаған «Аякстың» тәжіри­бе­сіне сүйенсек, ойыншының толық жетілуі үшін 10 жыл керек екен. Міне, сондықтан да «Аякста» 5-18 жас аралығы 13 топқа бө­лініп, оны 13 бапкер жаттықтырады. Бү­гінде «Аякс» футбол академиясының да­мы­ғаны соншалық, бүгінде бұл акаде­мия­ның филиалдары Африканың ОАР, Гана сияқты елдерінде де ашылған. Иә, «Ам­стердамда дүниеге келген бөбектің ал­ғашқы сөзі «мама» немесе «папа» емес, «Аякс» болады» деген әзілдің бекер ай­тыл­мағанын осыдан-ақ білуге болатын сияқты. Енді Испанияның «Барселонасын» алайықшы. Күні кеше ғана Голландия мен Бразилиядан футболшылар импорттап жүр­ген каталондықтар бүгінде басқаның тү­легіне зәру емес. Құрамындағы 27 фут­болшының 18-і – өз академиясынан түлеп ұшқан саңлақтар. Ал деректерге сү­й­енсек, «Барселона» академиясын дамыту үшін жылына 5 миллион евро жұмсалады екен. Иә, 5 миллион евро аз ақша емес. Дегенмен бұл қадам өзін-өзі қалай ақтап отыр десеңізші. Осы академиядан түлеп ұшқан Лионель Мессидің бағасы бүгінде 100 миллион евроны құрайды. Иньеста 60 мил­лион тұрады. Хавидің бағасы – 50 мил­лион евро. Сол сияқты кете береді. Ал Қазақстаннан осы тектес академия ашар болсақ, оған да жылына 5 миллион евро жұмсайды екенбіз деп қорықпауы­мыз керек. «Барселонаның» академиясына жұм­саған шығыны басқа клубтардың шы­ғындарынан әлдеқайда көп екенін сарапшылар жазып үлгерді. Демек, тек іске батыл кірісуіміз қажет. Рас, бізде «Цесна» фут­бол академиясы бар. Бірақ, өкінішке қарай, жалғыздың шаңы шықпай тұр. Сондай-ақ ілгеріде еліміздің әр аймақ­та­рындағы дарынды жас футболшылардың басын қосқан «Намыс» клубы да болған. Бірақ, айтып айтпай не керек, Несіп Жүніс­баев құрған «Намысқа» қолдау болар жан ол кезде табылмаған еді. Иә, дәл қазір академиялар ашсақ, бірден жемісін бере қоймас. Алайда 10 жылдан кейін бізді Еуропа қақпамызға соғыл­ған үздік голмен емес, академиямыздан түлеп ұшқан саңлақтарымызбен танитын еді. Біз де өзіміздің «Месси», «Роналдуларымызбен» мақтанып жүрер едік.

Автор: Әзиз Жұмаділ

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×