Ғажайып "Саутгемптонның" "ғажайыбы"

01.11.2014, 05:03
Ғажайып "Саутгемптонның" "ғажайыбы"
Былтыр Ағылшын Премьер-Лигасында жанкүйерлерді таңғалдырған үш команда болды. Бірі, аз уақытта құрдымға кеткен "Манчестер Юнайтед", екіншісі, маусым басында: "төрттікке енсек те бақыт болар еді"-деп жоспар қойып, маусым соңында чемпиондыққа бір табан жақын қалған Суарес "бенефис" жасаған "Ливерпуль". Үшіншісі, нәтижемен ғана емес, әдемі шабуылды ойынымен талайларды сүйсіндірген  Почеттино баптаған "Саутгемптон". Өкініштісі, маусым аралық үзіліс барысында алпауыт клубтар тарапынан бұл ұжым "таланды". Дегенмен де, жаңа бапкер, жаңа құрам болса да, аз уақыт ішінде бас айналдырарлық нәтижеге жетіп жатқанына таңданбасқа болмайды. Жазда жаңа бапкер Рональд Куман әлеуметтік желіге әзілімен қоса, ащы шындығы да аралас тірі жан жоқ жап-жасыл алаңның астына "жаттығуға дайынбыз" деген фотосурет қойған болатын. Шынымен де, клубтың сол кездегі жағдайына аяушылық білдірерліктей халде еді. Команданың жартысын сатып жіберді десек те болады. Әрине, клубтың қазынасы одан 105 миллион фунтқа байыды. Бірақ, Бэйл мен "Тоттенхэмнің" жағдайы есімізде ғой. Ол кезде "шпорларға" бір-ақ ойыншыны алмастыру керек болатын. Ал, мында жарты команда... Өзгерістің басы жаттықтырушы ауысудан басталды. Почеттино Лондонға кетті. "Тоттенхэмді" тізгіндеуге. Орнына, соңғы үш маусымда нидерландық "Фейонаардты" жаттықтырған Рональд Куман келді. Жалғыз келген жоқ. Ізінен, "Ливерпульға" кеткен Лаллана-Ламберт жұбын жоқтатпауы тиіс деген мақсатпен, шабуылшы Пелле мен, универсальды шабуылдаушы футболшы Тадичті ала келді. Тадич бірінші турда-ақ, өкшесімен голға айналған пас беріп, жанкүйерлердің махаббатына бөленген. Ал, Пелле алғашқы екі турда, АПЛ-дың қатігез қағидасына бойын үйретіп, үшінші турдан бастап еркін көсіле бастады. АПЛ-дың алғашқы турында, мен үшін ең жұмбақ ойын "Ливерпуль"-"Саутгемптон" футбол матчы еді. "Ливерпуль" қандай күй кешсе де бәрібір, қызықтырғаны "Саутгемптонның" жағдайы болатын. Жарты құрамды ауыстырған, жаңа ойыншылары көп команда қандай күй кешеді? Кейде, тіпті кейде емес, көбіне жаңа команда бір-бірімен тіл табысып, нәтиже көрсетуге біраз уақыт кететіні бар. Ол нәтижені көрсете алмай, шашылып та кетеді. Бірақ, сол матчтан "Саутгемптон" былтырғы мінезін жоғалтпағанын байқадым. Ә десе мә дейтін Почеттино құрған қайсар ұжымның жұрнағы қалған екен. Негізі, дортмундық "Боруссия" мен "Саутгемптонның" стильі бір-біріне ұқсайды. Команданың басты қаруы, жылдам шабуыл, допты қарсыластың жарты алаңында жоғалттың ба, лезде қайтарып алуға тырыс деген қағиданы ұстанған жоғары прессинг, ойыншылардың бір-біріне жақын орналысуы, қысқа пастар. Жартылай алаңнын қожайындары Маргон Шнайдерлен(опорник), және Стив Дэвис(шабуылдаушы жартылай қорғаушы). Шабуылда Пелле бар(Пеле деп оқысаңыз да өз еркіңіз). Екі маусымның ішінде Голландияда 50 матчта 57 гол тоғытып, нағыз сұрмерген атанған болатын. Бірақ, маусым басында италиялық осы шабуылшының Англиядағы болашақ өміріне көбі күмәнмен қараған болатын. Голландияның Эредивизоны мен АПЛ екеуі екі әлем. АПЛ-да ешқашан да Эредивизиондағы секілді шабуылшыларды еркін билетіп қоймайды. Компани, Иванович секілді физикалы қорғаушылар "екі айналдырып" құлататыны белгілі. Бірақ, Пелле білгенінен жаңылған жоқ. 9 ойында 6 гол тоғытты. АПЛ-дың тынысымен енді таныса бастаған футболшы үшін бұл керемет нәтиже. Онымен қоса, қыркүйек айында Премьер-Лиганың ең үздік ойыншысы атанды. Енді, "Саутгемптонның" жанкүйерлері Ламбертты зар илеп жоқтамайтыны түсінікті. Пелле ондайға жол бере қоймас. Нәтиженің басты себепі шабуыл ғана емес. Ұқыпты қорғаныс. Орталық қорғаушылар Тоби Алдервейлерд-Фонте жұбы бүгінгі таңда ешкімнен кем емес. Онымен қоса, Алвес-Альба стильінде ойнайтын екі қапталдағы қорғаушылар Бертран мен Кляйн да бар. Әсіресе, жазда "Челсиға" керек болмай қалған Бертранның ойынын атап өтуге болады. Шабуылда белсенді, бір гол салып, бір нәтижелі пас берді, онымен қоса қорғанысқа да қайтып үлгереді. Команда, нәтиже жайлы бас бепкер Рональд Куманның сөзі: "Біздің бүгінгі нәтижемізге таңғалысымды жасырмаймын. Мен командамның ойынынан ләззәт аламын. Қандай тапсырма бересің, бұлжытпай орындайды. Өзге түгіл, өз басымда да маусым басында қорқыныш болған. Бірақ, табандылығымыздың нәтижесі көзге көрініп тұр".

 

 
1  ЧЕЛСИ 9 7 2 0 24-9 23
2  САУТГЕМПТОН 9 6 1 2 20-5 19
3  МАНЧЕСТЕР СИТИ 9 5 2 2 19-10 17
4  ВЕСТ ХЭМ 9 5 1 3 17-12 16
5  АРСЕНАЛ 9 3 5 1 15-11 14
6  СУОНСИ СИТИ 9 4 2 3 13-10 14
7  ЛИВЕРПУЛЬ 9 4 2 3 13-12 14
8  МАНЧЕСТЕР ЮНАЙТЕД 9 3 4 2 16-13 13
9  ЭВЕРТОН 9 3 3 3 19-17 12
10  ХАЛЛ СИТИ 9 2 5 2 13-13 11
11  ТОТТЕНХЭМ 9 3 2 4 11-13 11
12  СТОК СИТИ 9 3 2 4 8-10 11
13  ВЕСТ БРОМВИЧ 9 2 4 3 12-13 10
14  НЬЮКАСЛ 9 2 4 3 10-15 10
15  АСТОН ВИЛЛА 9 3 1 5 4-14 10
16  КРИСТАЛ ПЭЛАС 9 2 3 4 13-16 9
17  ЛЕСТЕР СИТИ 9 2 3 4 11-15 9
18  САНДЕРЛЕНД 9 1 5 3 8-17 8
19  КПР 9 2 1 6 8-18 7
20  БЕРНЛИ 9 0 4 5 5-16 4

 

Әрине, бүінгі екінші орынның басты сыры тактикада да, ойыншылырдың шебірлігінде де ғана емес. Басты себеп-команданың психологиясы, мен басында айтқан қайсар мінезі. Футболшылар Куманмен аз уақытта тіл табыса білді. Олар жаттықтырушыға сенеді, ол командаға сенеді. Басты қару-осы. Ол сенімділік алаңда өз нәтижесін береді. Әрине, екінші орын маусымның аяғына дейін сақталмауы да мүмкін, дегенмен де талайларға таланған бұл команданың бүгінгі нәтижесіне таңдай қақпасқа болмас.   Фараби ӘБДІХАЛЫҚ  
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×